Биылғы еурокубоктық бәсекелерге араласқан командаларымыздың бәрі де жарыс жолынан шығып қалды. Осы маусымдағы соңғы үмітіміз төрт дүркін ел чемпионы «Ақтөбеде» болған еді. Бірақ өкінішімізге қарай, Владимир Муханов жаттықтыратын ұжым Ресейдің «Алания» командасын айналып өте алмады. Екі кездесуде де 1:1 есебімен тең ойнаған қарсыластар ақыр соңында пенальти тебісіп, «футбол лотереясында» Владикавказдан келген қонақтардың бағы жанды. Біздің команданың сапында екі матчта гол салған ойыншылар - Мәлік Мане мен Владимир Джилас он бір метрлік нүктеден мүлт кетті. «Ақтөбе» Владикавказда өткен алғашқы кездесуде 1:1 нәтижесімен тең ойнап қайтқанда қуанғанымыз рас. Өйткені жауап ойында сыртта соғылған голдың бізге берер басымдығы бар еді. Мұны, әрине, екі команда өкілдері де жақсы түсінді, соны ескере отырып, Ақтөбедегі кездесуге тактика құрды. Бұл тұрғыда екі бапкер де көп қателесе қоймады. Дегенмен домалақ доп өз дегенін істеді... Ойын бастала сала тартысты өтетіні мәлім болды. Алға ұмтылуға алдымен «Алания» футболшылары мүдделі еді, бірақ ақтөбеліктер де қорғаныста бұғып жатпайтындарын дәлелдеп, қонақтар қақпасына жақын ойнауға тырысты. «Ақтөбенің» негізгі қақпашысы Андрей Сидельниковтың өткен кездесуде алаңнан қуылғаны бар, оның орнын Сергей Бойченко басқан болатын. Қонақтар да бір бәлені сезетіндей қақпашыны алыстан бағытталған соққымен бір-екі рет сынап көрді. Ал алаң иелерінің сапында Марат Хайруллин мен Владимир Джилас алдыңғы шепте белсене ойнап, «Алания» қорғаушыларының мазасын қашырды. Тағы бір сәтте сол қанаттан Мәлік Мане әуелете доп асырып, Джилас оны қақпаға дәл бағыттай алмады. Артынша «Алания» ойыншылары айып соққысын орындауға мүмкіндік алды. Өзбекстан құрамасының ойыншысы Марат Бикмаевтың тепкен добы қорғаушыларға тиіп, «Ақтөбе» жанкүйерлерінің жүректері орнына түсті. Келесі кезекте Самат Смақов қонақтар қақпашысы Дмитрий Хомичтің қырағылығын тексеріп, алыстан соққы жасады. Бірақ оның тепкен добы нысанадан сәл қиыс кетті. Екінші кезең де жоғары қарқынмен басталды. 0:0 есебі біздің командаға тиімді болғандықтан уақыттың тезірек өткенін қалағанымыз рас. Бірақ мұндайда сағат тілі тоқтап қалғандай көрінеді екен. «Алания» ойыншылары тезірек қимылдап қалмаса, келесі кезеңге берілер жолдаманың қолдан сусып кетерін жақсы сезініп, қысымды күшейте түсті. Қырсық шалғанда «Ақтөбе» ойыншылары жиі қателесе бастады. Олар допқа бақылау орната алмай қалды. Осыны пайдаланған қонақтар 55-минутта нәтижелі шабуыл ұйымдастырды. «Аланияның» болгариялық легионері Иван Стояновтың сол қанаттан шығарған пасынан соң, допты Марат Бикмаев қақпаға дәл бағыттады. Гол жіберіп алған ақтөбеліктердің кейбірінің жүйкелері сыр бере бастады. Мұндайда қарсы жақ ойыншыларының арасынан отқа май құйғыштар табылады ғой, қонақтар «Ақтөбенің» сапындағы қызуқанды Роберт Праймусты сабасынан шығара ашуландырып, өз дегендеріне жетті. Ойынға төрелік еткен Уэльс елінің қазысы ойланбастан «қызыл қағаз» суырды. Өйткені мұның алдында ғана Праймус одан бір ескерту алған болатын. Ақтөбелік бапкерлердің Тринидад және Тобаго елінен аттай қалап алған қорғаушысы алаңнан қуылғанда, кездесу тағдыры шешіліп қойғандай көрінді. Алайда футбол тарихында бір, тіпті екі ойыншысы кем жағдайда да гол соғудың жолын тапқан командалар бар, бұл жолы да солай болды. «Ақтөбе» ойыншылары осы голдан кейін жинақы ойнай бастады. Олар енді сенімдірек әрекет етіп, «Алания» футболшыларын қақпаларының маңына қарай тықсырды. 75-минутта жергілікті жанкүйердің қуанышында шек болмады. Өйткені алаң иелері өте жылдам шабуыл ұйымдастырып, Еміл Кенжесариев айып алаңының ішіндегі Джиласқа тамаша пас берді. Өз кезегінде сербиялық шабуылшы баспен керемет ойнай білетінін дәлелдеп, 13 метрдей қашықтықтан Хомич қорғаған қақпадан саңлау тапты. Гол! Есеп - 1:1. Нәтиже теңескенен кейін де ақтөбеліктер ұйымдастырған шабуылдар өткірлеу болды. Сырт көзге қонақтардың шаршаңқырап қалғандары анық байқалып тұрды. Әйтсе де алаң иелерінің есепте алға шығуға шамалары жетпеді. Уақыт сырғып өткен сайын қосымша уақыт, оның ар жағында пенальтидің қарасы көріне бастағандай еді. Расымен солай болды. Ойынның негізгі бөлігінде және екі ойынның қорытындысы бойынша өзара мықтыны анықтай алмаған қарсыластар әрқайсысы 15 минуттан құралған екі экстра-таймда да гол соға алмады. Ақыры кезек пенальтиге келіп жетті. Алдымен нүктеге қонақтардың ойыншысы, команда капитаны Георгий Габулов беттеді. Владикавказдағы ойында Андрей Сидельников қорғаған қақпаға гол соққан ол, Сергей Бойченконы да қапы қалдырды: 1:0. Дегенмен Бойченконың доптың бағытын дөп басып байқай білуінің өзі көңілімізге сенім ұялатқан еді. Біздің командадан бірінші болып Марат Хайруллин соққы жасады. Ол допты аса қатты теппей-ақ, қақпашыдан айласын асырды. Есеп қайта теңесті: 1:1. Келесі кезекте «Алания» Марат Бикмаевқа сенім артты. Осы кездесудегі алғашқы голдың авторы Бойченконың осал тұсын тағы тапты. Оның күшті соққысынан кейін доп қақпаның оң жақ жоғарғы бұрышына енді: 2:1. Біз жақтан Еміл Кенжесариевке кезек жетті. Еміл допты оң жақ төменгі бұрышқа бағыттады, ал Хомич сол бүйірге қарай секірді. Есеп 2:2. Бұдан кейін «Аланияның» жас ойыншысы Роланд Гиголаев «паненка» әдісімен соққы жасап, командасын алға шығарды: 3:2. Нүктеге Мәлік Мане жақын келді. Ойын соңына қарай Маненің қатты шаршап қалғанын аңғарған едік, көңілді күдік жайлады. Өкінішке қарай, ішкі түйсігіміз алдамаған екен, Мане өте әлсіз соққы жасады. Баяу ұшқан допты Хомич қуана-қуана бауырына қысты. Алғашқы сәтсіздік! Дегенмен қонақтар сапындағы келесі ойыншы қателесер деп күттік. Бірақ Бойченко қақпашы Данило Неко тепкен доптың да бағытын болжай білді, тек қолы жетпей қалды: 4:2. Алаң жиегіндегі «Ақтөбе» жанкүйерлері сілтідей тынды, нүктеге ойындағы екінші голдың авторы Владимир Джилас келді. Қырсыққанда ол да әлсіз соққы жасап, Хомич тағы бір «сейв» жасады және командасына жеңіс әперді! Кездесу соңынан сөз алған «Аланияның» бас бапкері Владимир Газзаев: «Бүгін алаңға жиналғандардың бәрі футбол мерекесіне куә болды. Екі команда да өткір шабуылдармен өрілген тамаша ойын ұсына білді. Әрине, Еуропа лигасының келесі кезеңіне шыққанымыз үшін өте қуаныштымын. Біз сол үшін көп еңбек еттік. Алаңда жан аямай тер төккен футболшыларыма ерекше алғыс айтамын. Өте тәжірибелі команданы жеңе білген жас шәкірттеріме ризамын. Бұл жеңістің Солтүстік Осетия үшін орны бөлек. Еліміз осындай мерекеге әбден лайық. Бұған дейінгі он бір жыл бойы «Алания» еурокубоктық бәсекелерді аңсап келді» деді. Владикавказдық ұжымның ойыншылары «Ақтөбемен» кездесуден кейін бес күндік демалысқа жіберілді. «Ақтөбенің» бас бапкері Владимир Муханов өз тарапынан шәкірттерінің саны аз жағдайда да жеңіске жетер мүмкіндігі болғанын қынжыла айтты. Оның пікірінше, пенальти тебу кезінде Мәлік Мане мен Владимир Джилас сияқты тәжірибелі ойыншылардың жүйкелері сыр берген. Муханов командасының екінші таймда, әсіресе, Праймус алаңнан қуылған сәттен кейін тәуір ойнай бастағанын алға тартты. Ол сондай-ақ қорғаныстың орта шебіндегі Зоран Костичтің орны ойсырап тұрғанын және бүгінгі кездесуде Маненің ойыны мүлдем жүрмегенін жеткізді. Сөйтіп, «Ақтөбе» биыл Еуропа лигасының топтық кезеңіне жетсе ғой» деген арманымыз орындалмай қалды. Владимир Муханов шәкірттері келесі кезеңге өтуге әбден лайық еді. Дегенмен «Ақтөбе» УЕФА-ның коэффиценттер кестесіндегі Қазақстанның жағдайын біршама жақсарта алды. Еуропаның 53 елінің футбол ұжымы енетін бұл тізімде біз 5,333 ұпаймен (1,625 ұпай биылғы маусымда жиналды) 40- орында тұрмыз. Еуропа лигасының келесі кезеңіне мына командалар жолдама алды:
«Динамо» (Румыния), «АЕК» (Грекия), «Брюгге» (Бельгия), «Олесунн» (Норвегия), «Атлетико Мадрид» (Испания), «Ворскла» (Украина), «Рид» (Австрия), «ГазМетан Медиаш» (Румыния), «Бурсаспор» (Түркия), «Динамо Тбилиси» (Грузия), «Легия» (Польша), «Ренн» (Франция), «Зальцбург» (Австрия), «Спартак Трнава» (Словакия), «Сток Сити» (Англия), «Национал М» (Португалия), «Хельсингборг» (Швеция), «Сленск» (Польша), «Маккаби Т-А» (Израиль), «Тун» (Швейцария), «Хапоэль» (Израиль), «Янг Бойз» (Швейцария), «Омония» (Кипр), «Олимпиакос В» (Грекия), «ПАОК» (Грекия), «Работнички» (Македония), «Фулхэм» (Англия), «Црвена Звезда» (Сербия), «АЗ Алкмар» (Голландия), «Карпаты» (Украина), «Хартс» (Шотландия), «Спарта Прага» (Чехия), «Аустрия» (Австрия), «Гимарайнш» (Португалия).
«Ақтөбе» - «Алания» 1:1 (0:0), қосымша уақыт 1:1, пенальтиден 2:4 Голдар: Бикмаев 55(1:0), Джилас 75 (1:1) Алаңнан қуылу: Праймус 69 «Ақтөбе»: Бойченко, Чичулин, Смақов, Хайруллин, Мане, Кенжесариев, Праймус, Логвиненко, Семенов (Бадло 62), Малетич, Джилас «Алания»: Хомич, Гнану (Гиголаев 105), Габулов, Хубулов (Дудиев 46, Бураев 81), Стоянов, Неко, Царикаев, Коста, Григорьев, Грачев, Бикмаев Бас төреші: Саймон Ли Эванс (Уэльс)
"Айқын"
Біздің серіктес: FONBET