Жарнама
Жарнама

Алаштың бағына туған тұлға

10.02.2014, 19:30
Жарнама
Жарнама
  Кез келген адамның армандайтыны болатыны секілді менің де өз армандарым бар. Біреуімен бөліссем деген ойым да бар. Әдетте, өзгелер болашақты армандайтын болса, менің бұл арманым өзгерек. Кеңес Одағында өмір сүру. Қасіретті ашаршылық пен репрессияны көру үшін емес, қайғылы соғысты көру үшін емес, қылышынан қан тамған Сталинді көру үшін емес, бізге аңыз сол кездегі “Қайраттың” ойынын тамашалау үшін. Сол замандағы аузын ашса, жүрегі көрінер аңқылдақ, ақкөңіл, еңбекқор жандардың арасында болып, сол адамдармен қуанышты бөлісу, халықтық команданың, ел мақтанышы Тимур Сегізбаевтың ойынын көру Қазақтың футболға деген махаббаты сонау, Кеңес Одағы кезінде, жиырмасыншы ғасырдың 50-60-жылдарында ояна бастаған екен. Сол дәуірде өмір сүрген аға-буынның айтуы бойынша, соғыстан енді ес жия бастаған жұрттың ауылдары кешке қарай ала допты қуған балалардың дүбіріне бөленетін еді, кейде балаларға қосылып,  ересектігін уақытша ұмытқан үлкендер де теңбіл допты тебуге кірісетін, шағын ғана ауылдардың шаңы аспанға көтерілетін, әр ауылдың өз Пелесі, өз Эйсебиосы болатын еді, дейді. Футболға деген алаш жұртының махаббатын тудырған, қазіргі қазақ баласының теңбіл допқа махаббатын тудыратын Месси, Роналдулар емес, ал сол кездері қазақтың бағына туған, Қайратта доп тебетін Тимур Сегізбаев еді. Доп-домалақ ала допты қуған балалардың, кумирі Сегізбаев еді. Оның деңгейі де, атағы да қара көздер үшін Пеле, Эйсебиолардан кем бола қойған жоқ. Халықтың бәрі де Тимурды сөз қылып, құлағын шулатып: “оң тізесін қызыл шүберекпен орап алады екен. Себебі, оның соққысы жан шыдатпайды, тіпті мерт қылады екен. Сондықтан төрешілер оған оң аяғымен соққы орындауға тыйым салады екен”, “Тимур қақпаға соққы бағыттағанда қарсыластың қақпашысы, қақпаны тастай қашады екен” деген аңызға бергісіз әңгімелерге кіші түгіл, үлкендер де жас баладай иланып жататын. Әрине, жанкүйер аңыз қылып айтатындай Тимурдың оң аяғының соққысы адам өлтірерліктей емес еді. Бірақ, оның алыстан қақпаны дәл көздейтін мергендігі бартұғұн. Оның көпшіліктің назарына алғаш ілінуі, Минскіде жергілікті Беларусь командасына қарсы ойыны. Жасы он тоғыздан енді асқан бала, сол кездегі КСРО чемпионатының көшбасшысының қақпасына екі гол тоғытып, футбол мамандарының таңдайын қақтырған. Осы ойыннан кейін-ақ, "Қайрат" сапына біржола бекіп, негізгі ойыншыға айналып шыға келді. Елдің мақтанышына айналды. Талай жастың үлгі тұтар тұлғасына айналды, талай жастың футбол үйірмелеріне жазылуына себепші болды, талай жасты қанаттандырды. Оның тағы бір ерлігі, 1964-ші жылдың жазында Мәскеуде "Спартакқа" қарсы ойыны еді. "Спартактың" кез келген қарсыласты трактормен үстінен өткендей таптап тұрған кезі. Сол "Спартакқа", Сегізбаев Мәскеуде, кеңес футболының мэрі, "Спартактың" негізін өз қолымен қалаған Николай Старостиннің көз алдыңда, жауапсыз екі гол тоғытты. Ойыннан кейін ол кісі, "Қайраттың" киім ауыстыратын бөлмесіне арнайы келіп, Сегізбаевтың қолын қысқаны бар. Мықтының мықтылығын мықты да мойындады. Осыдан кейін, чемпионаттың майталмандары "ЦСКА", "Торпедолар" Сегізбаевты өз қатарында көргісі келетіндерін білдіріп, ұсыныс жасайды. Бірақ, Тимур "Қайратты" қимай, Мәскеудің намысын жыртқаннан гөрі, қалың қазақтың мүддесін жоғары қояды. Осының өзі Сегізбаевтың сол тұста кеңес футболындағы жарық жұлдыздардың бірі болғанын аңғартады. Сол кезде кеңес футболының деңгейі жоғары болды. Құрама 1960-шы жылы Еуропа чемпионы атанса, әлем чемпионатында жартылай финалға шығып, төртінші орынды еншілейді. Мәскеудің белді командалары көз салуы қазақ футболы үшін абырой еді. Тимур Сегізбаев он жылдай "Қайрат" сапында өнер көрсетіп, бірнеше жыл капитаны болғаннан кейін, ескі жарақаты маза бермеген соң ойыншылық кәсібін тоқтатады. Ол "Қайрат" сапында 212 мәрте жасыла алаңға шыққан. Кейін біраз уақыт бірнеше командалардың тізгінін ұстайды. Ал, бұл жолда да үлкен жетістікке төл командасымен жеңіске жетеді. 1976-шы жылы, өзінің үзенгілес досы Станислав Каминскиймен тізе қосып, Қайратты жаттықтырып команданы КСРО чемпионатының бірінші тобынан, нағыз мықтылар ойнайтын жоғарғы топқа шығарады. Сегізбаев Түрікменстанның астанасы Ашхабадқа барып, сол елдің түлегі Құрбан Бердыевты "Қайраттың" сапына қосты. Яғни, Бердыевтың КСРО-ға атақты тамаша ойыншы ретінде танылуына, "Рубинмен" жеткен жетістіктеріне Сегізбаев тікелей үлес қосты. Қазіргі таңдағы "Ақтөбенің" бапкері, Владимир Никитенконы да "Қайратқа" алып келген де осы тұлға болатын. 1986-шы Тимур Сегізбаев командамен айтулы жетістікке жетеді. "Қайратты" маусым қорытындысы бойынша 7-ші орынға көтереді. Бұл, тіпті клуб тарихындағы ең ірі жетістік болатын. Сол кездегі әлемнің ең үлкен державасы, Кеңес одағын мойындатып, аты аңызға айналған қазақ футболшысы әрқашан ел есінде, жүрегі қазақ деп соғар ешбір жан оны ұмытпақ емес. Оның ойының көрген бақытты замандастары да, кейінгі ұрпақ біз де, Тимур Сегізбаевтай футболшыға зар екеніміз анық. Әттеген-ай дегізетіні, ұлттық құраманы баптауға денсаулық шіркіннің жарамай жүргені. Талай белестерді бағындырар еді-ау қара көздермен, ағамыз. Тым болмаса, ұлттық құрамада ол кісідей 2-3 ойыншы болса, ауыз толтырып айтар жеңістерге жетер едік-ау. Қазақ футболына Тимур Сегізбаевтай қайратты, намысты, жігерлі, ойыншы, ақылды, бапты білетін бапкер жетіспей тұр. Алаш жұртының бағына туған дара тұлға.   Дерек көздері, алаштың майталмандары жайлы жазылған Темірхан Досмұхамбетовтың “Нар жолында жүк қылмас” атты кітабынан алынды.   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров