Александр Кержаков «Қайраттың» бас бапкері қызметінен ресми түрде кетті.
Белгілі болғандай, ресейлік маман одан өз еркімен бас тартқан. Александр Кержаков бұл шешіміне байланысты пікірін де білдірді. Ресейлік жаттықтырушының айтуынша, клубтан кетуіне бір жағдайлар түрткі болған көрінеді.
«Кеше таңертең қызметімнен кету туралы өтініш жаздым. Мен үшін бұл шешім оңай болған жоқ, себебі әлі де осы жерде жұмыс істей бергім келді. Біз ойын өрнегі тұрғысынан айтарлықтай жетістіктерге жеттік, тәуір нәтижелер көрсеткен болатынбыз.Бізбен бірге «Қайрат» біраз уақыттан бері қолы жетпей жүрген турнирлік кестедегі көшбасшылық орынға көтерілді. Клуб біріншілік соңына дейін 6 тур қалғанда чемпиондыққа басты үміткер қатарынан саналады. Алайда, бас бапкер ретінде жұмыс барысында көз жұмып қарауға болмайды деп есептейтін жағдайлар болады. Олардың мән-жайын айтпаймын, клубтың өз ішінде қалсын. Команда мен футболшыларға жеңіс пен сәттілік тілеймін», - деді А.Кержаков.
Айта кетейік, «Қайрат» дәл қазір ішкі біріншілікте көш бастап тұр. Кержаков жаттықтыратын алматылық клуб қоржынында 32 ұпай бар. Ресейлік бапкер алматылық команданы мамырдың аяғында тізгіндеген еді. Осы аралықта Кержаковтың клубы ҚПЛ аясында 9 матч өткізіп, 5 рет жеңіске жетті. Сондай-ақ, 2 кездесуде қарсыластарымен ұпай бөлісіп, тағы екі бәсекеде жеңіліс тапты.
Біздің серіктес: FONBET