Жарнама
Жарнама

Александр Симчевич: «Мен Қазақстан құрамасында ойнаудан бас тартқан жоқпын»

25.04.2021, 21:51
Симчевич қорғаушы болғанына қарамастан, осы маусымда екі гол соғып үлгерді.
Жарнама
Жарнама

Сербиялық қорғаушы Александр Симчевич Қазақстанда тоғызыншы маусымын өткізуде. "Жетісумен" (4:0) болған матчта ол "Ордабасы" ойыншыларын алаңға капитан ретінде бастап шықты. Және бір гол соғып, командасының жеңісіне өз үлесін қосты. Meta-ratings.kz сайтына берген сұхбатында Симчевич клубтың осы маусымдағы міндеттері жайлы және Седневпен жұмыс жасау туралы әңгімеледі. Ол сондай-ақ бразилиялық шабуылшы Жоао Паулоның Қазақстан құрамасында ойнау мүмкіндігі туралы өз пікірін білдірді.

- Александр, "Ордабасы" соңғы кездесуде "Жетісуды" сырт алаңда жеңді. Бұл жеңіс шынымен де оңай болды ма?

- ірі есеппен жеңіске жеттік, бірақ іс жүзінде бұл өте қиын ойын болды. Біз Талдықорғанға бір ғана мақсатпен келдік - үш ұпай алу. Біз көптеген мүмкіндіктер жасадық, ең бастысы, жеңдік. Қарсылас, есепке қарамастан, бізге барынша қарсылық көрсетті. "Жетісуда" жеке шеберлігі жоғары керемет орындаушылар бар. Алаң иелері гол соғуы мүмкін еді, бірақ біз қорғаныста жақсы ойнадық.

- Сіз алғаш рет команданы капитан ретінде бастап шықтыңыз. Бес маусым ішінде сіз "Ордабасының" негізгі ойыншысына айналдыңыз...

- "Жетісуға" қарсы ойында капитан Пабло Фонтанелло алаңға шыға алмады. Мен команданы капитан ретінде бастап шыққаныма қуаныштымын және мұны мақтан тұтамын. "Ордабасы" сапында ойнау мен үшін мәртебе. Әрине, мен өз командамды алаңға бастап шыққан кезде біртүрлі эмоцияларды бастан өткердім. Мен "Ордабасы" сапында өзімді үйде жүргендей сезінемін.

- "Ақтөбе" мен "Астанаға" қарсы матчтарда команда сегіз гол жіберіп алды. Қорғаныс шебіне не болды?

- Мен келісемін, екі ойындағы сегіз гол "Ордабасы" деңгейіндегі команда үшін өте көп. Қазір мен біздің қорғанысымызға не болғанын талдағым келмейді. Команда артта ойнайтын төрт-бес адаммен емес, он бір адаммен қорғанады. Ең бастысы, біз өз қателіктерімізді көрдік және оларды қайталамауға тырысамыз. Біртіндеп нәтиже пайда бола бастайды. Менің ойымша, "Жетісуға" қарсы ойында гол жібермеуіміз - тек бастамасы ғана.

- Айтпақшы, "Ақтөбе" де сізге бөтен клуб емес.

- Иә, мен ол жерде ойнаған кезде клубтың жанкүйерлері менімен жақсы қарым-қатынаста болды. Олар әлі күнге дейін менімен байланысқа шығып тұрады. Ақтөбе - футбол қаласы.

- Қазақстандағы клубтардың ішінде "Ордабасының" құрамы мен бюджеті көп өзгере қоймайды. Бірақ шымкенттік клуб әрдайым Премьер-лиганың жүлдегерлері қатарынан табыла бермейді. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

- Маусымның басында біздің міндеттеріміз айқындалды. Біз өз мақсатымызға жету үшін барымызды саламыз. Бірақ бұл футбол, кейде сіз ұпай жоғалтпауға тиіс болған кезде ұтылып қаласыз. Кейде сәттілік жолдас болмайды. Бірақ ең бастысы - біз өзімізге сенеміз, "Ордабасы" жеңімпаздар қатарына енеді деп сенеміз. Біз үшінші орыннан жоғары көтерілгіміз келеді. Әрине, мұны істеу қиын болады, бірақ бұған мүмкіндігіміз бар.

- Яғни, "Қайрат" пен "Астананы" басып озу қолдарыңыздан келе ме?

- Бұл екі клуб, "Тобыл" сияқты, өте жоғары деңгейдегі команда. Оларға қарсы ойнау оңай емес. Егер кестенің ортасындағы және төменгі жағындағы командалармен болатын матчтарда ұпай жоғалтпасаңыз, онда сіз Премьер-лигада жоғары орынға ие бола аласыз. Әрине, басты бәсекелестерімізбен болатын кездесулерде максималды ұпай жинау қажет.

- Мұны "Астанаға" қарсы матчта жасай алмадыңыздар...

- Иә, "Астана" біздің қателіктерімізді пайдаланды. Келесі ойында біз кеткен есемізді қайтаруға тырысамыз.

- "Ордабасыға" чемпиондық үшін күресуге не кедергі?

- "Ордабасыға" ештеңе кедергі болмайды. Біз осы оймен өмір сүреміз, әр ойынға жеңіске жету үшін шығамыз. Команданың құрамы бізге жоғары орындар үшін күресуге мүмкіндік береді. Бізді жаттықтырушылар құрамы, басшылық ынталандырады... Өздеріңіз де жақсы түсінесіздер, біздің жанкүйерлер өте талапшыл.

- Сіз Александр Седневпен бірге "Ақтөбеде" жұмыс істедіңіз. Олар бұл бапкерді қатал адам емес дейді. Оған "Ордабасыда" егде жастағы ойыншылармен жұмыс істеу қиын емес пе?

- Иә, Александр Сергейұлы екеуміз "Ақтөбеде" жұмыс істедік. Жақсы адам және білікті маман. Ол өз ісін жақсы біледі. Менің ойымша, оған өмірінде көп нәрсе көрген тәжірибелі ойыншылармен жұмыс істеу қиынға соқпайды. Бізге ерекше тапсырма берудің қажеті жоқ. Біз өз жұмысымызды білеміз және ойынға арналған жаттықтырушының нұсқауларын орындауға тырысамыз.

- Седнев - мол табысқа қол жеткізген маман. Қазақстанда да, Белоруссияда да. Бапкердің қандай мықты жақтарын атап өтер едіңіз?

- Тактикалық тұрғыдан ол өте мықты, қарсыластарының күшті және әлсіз жақтарын біледі және оларды жақсы анықтай алады. Мұндай жаттықтырушымен жұмыс жасау бір ғанибет. Сіз өзіңізді футболшы ретінде жетілдіріп жатқаныңызды сезінесіз. Тіпті жасыңыз 30-дан асса да.

- Кезінде сіз Қазақстан құрамасында ойнаудан бас тарттыңыз. Жоао Паулоның Қазақстан құрамасында ойнау мүмкіндігі шындыққа жанаса ма? Сіз онымен осы мәселені талқыладыңыз ба?

- Мен Қазақстан құрамасында ойнаудан бас тартқан жоқпын. Ол кезде БАҚ қате аударма жасады. Мен бұл туралы әңгімелердің болғанын айттым, бірақ нақты ұсыныс келмеді. Жоао Паулоға келетін болсақ, мен онымен осы тақырыпта аздап сөйлестім. Менің түсінуімше, оның Қазақстан құрамасында ойнауға деген ынта-ықыласы бар. Осы деңгейдегі ойынымен ол міндетті түрде Қазақстанға көмектеседі. Оның үстіне, оның ұлттық құрамада ойнауға деген құлшынысы артып тұр. Бұл басты фактор болып табылады.

- "Шахтер" сапында өткізген екі маусымды мансабыңыздағы ең жарқын сәт деп атай аласыз ба?

- Әрине. Мен "Шахтерде" екі жыл ойнадым. Еуропа Лигасының топтық кезеңінде өнер көрсеттім, Қазақстан Кубогі мен Суперкубогін жеңіп алдым. Бұл менің мансабымдағы ең үлкен жетістік. "Ордабасы", "Ақтөбе" және "Тараз" сапында өзімді әрқашан жайлы сезіндім. Қазақстан чемпионаты өсіп келеді. Әрине, жұмыс жасауды қажет ететін сәттер бар, бірақ біз біртіндеп ҚПЛ-ын тартымды лигаға айналады деген қорытындыға келеміз. Дарынды ойыншылар жеткілікті. Осы жылдан бастап олар жастарға сене бастады. Бұл да көңіл қуантарлық жағдай.

- Еуропадағы топ-клубтар Суперлига деп аталатын турнир құруды жоспарлады. Сіз бұл жобаны қолдадыңыз ба?

- Бұдан жақсы ештеңе шықпайды. Жанкүйерлер бұған жол бермейді. Менің ойымша, Суперлига қажет емес. Чемпиондар Лигасы мен Еуропа Лигасы - кез-келген футболшы ойнағысы келетін керемет турнирлер.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров