Жарнама
Жарнама

Әлем бiрiншiлiгiнен кейінгі ой

24.11.2010, 20:46
Жарнама
Жарнама
Қара құрлықтағы алғашқы әлем чемпионатының бiткенiне де біраз уақыт өтті. Бiрiншiлiкке қатысқан барлық құрамалар өз қорытындыларын шығарып, қол шапалақтағы қол шапалақтап, ендi бiреулерi жағаға жармасып, келесiсi еңбекпен түзеу мекемесiне қара жұмысқа жегiлдi. Әлем бiрiншiлiгiнiң қорытындысына баға берген Нигерия президентi Гудлак Джонатан чемпионатта дұрыс нәтиже көрсете алмаған ел командасын екi жылға халықаралық жарыстардан аластату туралы шешiм шығарып, күллi ойыншылардың зәресiн алғаны кеше едi. Нигерия прзидентiнiң бұл қылығына наразылық бiлдiрген ФИФА басшылығы оның футболшыларға жасаған қатаң жазасын керi қайтарып алуға қанша әрекет жасағанымен ол өте қиынға соқтырған. Мемлекет басшысының шешiмiне достары мен 88 мың көрермен араласып оны әрең дегенде көндiрiп, бiр жолға кешiрiм жасауға ерiксiз мәжбүрлеген көрiнедi. Ал Солтүстiк Корея басшылығы құраманың бас бапкерiн қатаң жазаламасқа шарасы қалмапты. Команданың Португалия құрамасынан ойсырай ұтылғанын кешiре алмаған басшылық оны екi жылға еңбекпен түзеу лагерiне жiберiптi. Ал Иран елi құраманың бiр ойыншысын қасиеттi Рамазан айында ораза тұтпағаны үшiн өз сапынан қууға ұйғарым жасаған. Ол, ол ма, Аргентина құрамасын ең қиын кезде өрге сүйреген Марадонаның өзiн ұлттық құрамадан аластауға ұйғарым жасалғанда ел президентiнiң өзi араласып, оны өз жұмысын жалғастыра беруге мүмкiншiлiк жасады. Әрине, өз құрамаларын аспанға көтерiп, марапаттаушылар да бар. Бiр ғана Испанияны айтсақ та жетер. Әлем жеңiмпаздарын алып қайтатын ұшақтың өзiне «Чемпиондар», «Бiз Ұлттық құрамамен әрқашан мақтанамыз!» деген ұрандар жазып, оны әлемге көрсете бiлген испандықтарды қалай мақтаса да лайықты дей аламыз. «Испания барлық елдер үшiн, әсiресе, болашақ ұрпақ үшiн нағыз ерлiктiң үлгiсiн көрсеттi. Бiздiң жiгiттер Испания халқын бiрiктiрiп, арманымыздың орындалуына қомақты үлес қосты». Бұл Испания королi Хуан Корлос I-дiң үлкен толқыныспен айтқан сөзi. Бұл жерде король нақты мәселеге көңiл аударып отыр. Себебi елдегi баскс террористерiнiң ылаңынан халық екiге бөлiнiп, елдiң әбден мазасы кеткен. Рас, футболдағы жеңiстер кейде бүкiл халықтың рухын оятып жатады. Кейде ол қату елдердi дос етiп, жатады. 1914 жылы Францияда бiр-бiрiмен соғысқан немiс пен ағылшын әскерлерiн футбол ойыны бiтiстiрген. Сол сияқты 1990 жылғы әлем бiрiншiлiгi ГДР және ГФР болып екiге бөлiнген Германия құрамасының бiрiгуiне жол ашып берген. Футбол саяси мақсатқа жетудiң және патриоттық тәрбие берудiң қуатты қозғаушы күшiне айналып отыр. Әр ойынша әлем бiрiншiлiгiне өз елiнiң нағыз париоты ретiнде қатысып, туған Отаны үшiн бар өнерiн көрсетуге тырысты. Кейбiр атақты ойыншылар мiнберден тыс жүрiп те өз командаларына рухани күш берiп жатты. Гана құрамасымен немiс футболшыларының кездесуi алдында атақты қақпашы Оливер Кан өз жерлестерiне жедел хат ұрыпты. Ол өз хатында: «Егер ерте аттан ауып қалсаңыздар, тұтас мемлекеттi тiзеге отырғыздық деп ойлаңыздар. Қазiр сiздерге артылар жүк қомақты. Белдi де, беделдi де сақтап қалған дұрыс. Капитан Ламға айтамын, өзге де саңлақтар сап түзесiн, егер өзге ойыншыларды iздерiңнен ерте алсаңыздар жеңiс бiздiкi. Ал бұдан кейiнгi ойындарды бағындыру оңайырақ», дептi. Бұл Италия диктаторы Муссолинидiң 1938 жылы ел футболшыларына: «Не жеңiс, не өлiм!» деген жедел-хатынан әрине, жеңiл. Биылғы әлем бiрпiншiлiгiнде сыбайластыққа да жол берiлдi. Америка құрамасының сапында бас бапкер Боб Брендидiң ұлының ойнауына жол берiлсе, Гана құрамасының қатарында Бiрiккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннандтың туған жиенi бой көрсеттi. Сондай-ақ Гондурас Құрамасының сапында үш ағайынды футболшының ойнауына да жол берiлдi. Ганалық ағайынды Кевин және Принс Боатенгтер екi ұлттық команда туының астында ойнады. Алғашқы тойған жерi Германияның, екiншi туған жерi Гананың құрама сапында өнер көрсеткендi жөн санаған. «Егер сен саясатпен айналыспасаң, ол сенiмен айналысады» деген қанатты сөз кейде шындыққа айналып жататын кездер де болады. Ұлыбританияның белдi ойыншысы Уэйн Руни монархиялық билiкке бiлдiрген қарсылығы болар, алаңда өз елiнiң әнұраны орындалғанда оған мiзбақпай, ернiн де жыбырлатпай үнсiз тұрады екен. Бәрiнен де бұрын немiс құрамасының ойыншысы Өзелдiң туған әжесi қайтыс болғанда, оған топырақ салып қайтудан бас тартқаны оны иман таразысынан ауытқыған болар деп топшыласақ та, өзiн немiс елiнiң шын патриоты екенiн көрсетуге деген айла әрекетiнен туған ойы шығарға жатқыздық. Биыл өткен Әлем бiрiншiлiгiнiң ең басты ерекшелiгi – жарыстың сәттi ұйымдастырылуында жатыр. Нәсiлшiлдiк пен апартеидтiң ауыр езгiсiнен толық құтылып, мамыражай тiршiлiктi ендi ғана құрып жатқан құрылықтың қуана және шаттана бiлуге көзiн ашуының бұл алды едi. Сондықтанда болса керек, ХIХ әлем бiрiншiлiгiнiң ширек финалынан бастап, кездесуге шыққан командалардың капитандары стадионға жиналған сан мыңдаған жанкүйерлер алдында «Нәсiлшiлдiкке жол жоқ!» деп ұран көтерiп шығуы рухы езiлген халықты бiр көтерiп тастағаны аян едi. Жалпы, өткен ғасырдың 20-шы жылдары басталған деколонизация ұзақ процестi қамтыды. Азия, Африка халықтары өздерiнiң бостандықтарын алды. Ал негiзiнен ХVIII-ХIХ ғасырларда Еуропа елдерi өздерiнiң қол астындағы бодан мемлекеттердiң бүкiл жер байлығын тонап, өздерiн құлдықта ұстап келдi. Осыдан 50 жыл бұрын, яғни 1960 жылы Бiрiккен Ұлттар Ұйымының қарарымен колониялар жойылды. Азия, Африкада колонизм күйредi. Осыдан соң Батыс идеологтары қайтадан реколонизацияны ойлап тапты. Ендi бұрынғыдай әскер жiберiп, қарудың күшiмен айтқанына көндiрудiң қажетi болмай қалды. Сондықтан экономикалық, мәдени-сауықтыру экспанциясына көштi.  Әлемдiк байланыстарды қолға алу үшiн, Еуропада түрлi саяси, мәдени институттарды ашып алды. Сондай ұйымдардың бiрi – ФИФА мен УЕФА. Бұл халықаралық ұйымдар ұзақ уақыт өз аясында өткiзiлетiн барлық бiрiншiлiктердi Еуропада өткiзуге басымдық берiп келдi. Африка құрлығында өткен биылғы чемпионат сол сеңдi бұзып бердi. Бұл жолы қара түстi отандастарын езгiден азат ету, нәсiлшiлдiктiң тамырына балта шабу үшiн өмiр бойы түрмеде отыруға кесiлген Нельсон Манделаның ақиқи арманы орындалды. Бұл жолы ол футбол ойынын қарапайым көрермен ретiнде жақын маңнан көру бақытына ие болды. Түрме бiрiншiлiгiнде камера терезесiнен қарауға мүмкiншiлiгi болған Мандела үшiн одан әрi бақыт болмаған көрiнедi. Сол сияқты Оңтүстiк Африканың бүгiнгi президентi Джейкоб Зума да кезiнде түрме алаңында өткен ойындарға төрешi болу жазыпты. Бұл ретте ол барлық ойынды ФИФА президентi Блаттермен қатар отыруды нәсiп еттi. Бүгiнгi таңда ФИФА-ға 208 мемлекет мүше болып табылады. Биыл солардың 205-i iрiктеу ойындарына қатысып бақ сынасты. Осы уақытқа дейiн әлем бiрiншiлiгiне Еуропаның –13, Азия Мұхит жағалауы елдерiнiң – 5, Африканың –5, Солтүстiк және Оңтүстiк Американың 8 командасы қатысты. Әзiрше, Еуропа командаларының бәсi биiк болып тұр. Осы уақытқа дейiн Азия және Африка құрлығы елдерi бiрде-бiр жүлделi орындарға iлiкпептi. Осы уақытқа дейiн әлем бiрiншiлiгiнiң ойындары 10 рет Еуропада, 7 рет Америкада өтiптi. Оның 9-да қарт құрлық өкiлдерi жеңiмпаз атанса, 10-да америкалықтар жеңiмпаз атаныпты. Нәсiлдiк кемсiтушiлiк ұзақ уақыт шылбырын сүйретiп келедi. Осының алдындағы Францияда өткен әлем бiрiншiлiгiнде Голландия құрама командасында үлкен шатақ шығып, ойыншылар бiр-бiрiнiң жағасын айыруға дейiн барды. Команданың Югославия құрамасын ұтып, жалғыз допты қара түстi ойыншы Эдгард Дэвидстiң соғуы африкалық ойыншылардың мәртебесiн көтерiп жiберген. Байғұстардың бiр көтерiлгенi болар, командадағы ақ нәсiлдi ойыншылардың көкiрек көтергенiне шыдас бермеген қара ойыншының бiрi: «Осы сендер неменесiне танауларыңды шүйiре бересiңдер? Голландия футболының тарихы – бiздер, қаралармыз! Бүгiнгi жалғыз допты да бiздiң Дэвидс соқты. Осы сендердiң кеудемсоқтықтан айрылатын кездерiң жеттi емес пе?» – дептi. Сол сияқты өткен ойындардың бiрiнде Нигерия ойыншылары Дания құрамасынан тас-талқан болып ойсырай жеңiлдi. Оның да өзiндiк сыры бар едi. Осы ойыннан соң, Нигерия құрамасының бас бапкерi Бора Милутинович ашудан бар қыжылын сыртқа шығарды. Сонда бапкер: «Бүгiнге дейiн менiң командамда алауыздық өршiп тұрды. Бiз оны жасырып ұстадық. Алауыздық дiни наным-сенiмнен шықты. Құрамадағы ойыншылардың басым көпшiлiгi католик дiнiн ұстанса, бiраз бөлiгi мұсылман қауымынан болатын. Сондықтан олар дiни сенiмдерiнiң пайымында бiр-бiрiне иллаһи құшақтарын ашпады. Мұның әсерi ойыншылардың алаңдағы психологиясына ықпал етiп, бiрлескен iс-қимылдағы ойын өрнегiн көрсете алмауына әкелiп соқтырды», – деп бар шындықты жайып салды. Нәсiлдiк кемсiтушiлiк қазiрге өршiп тұр. Югославиядан дербес бөлiнiп шыққан хорваттар мен сербтер арасында, Шотландиялық католик дiнiн ұстанатын «Селтик» командасы мен протестанттық «Рейнджерс» командалары бiр-бiрiмен бiтiспес жау. Сондай-ақ, футбол тарихында АҚШ пен Иран, Әзiрбайжан мен Армения, Палестина мен Израиль, Үндiстан мен Пәкiстан арасындағы жолдастық ойынның өзi үлкен дауға айналып отырған. Мұндай мысалдарды көптеп келтiруге болады. Бүгiнгi футбол әлемде қай мемлекеттiң күштi екенiн, атақ-даңқын әлемге паш ету үшiн ұйымдастырылатын шара болып отыр. Оның түп қазығында бейбiт мақсатта әлемдi өзiне қаратып, бағындыру саясаты жатыр. Егер ол саясат болмаса, оған мемлекет, үкiмет басшылары неге қатысады?! Ғаламдық мәселенi жиып қойып, Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы оны өз көзiмен көруге неге асығады? Осыдан-ақ футболдың «алаңдағы саясат» екенiн түсiне бер. Дәл қазiр 2012 жылы өтетiн Еуропа чемпионатының iрiктеу ойындарына дайындық жұмыстары қызу өтуде. 14-шi рет өткiзiлгелi отырған доп додасы бұл жолы Украина мен Польшада өтедi. Өзгелер Еуропаның 53 мемлекетi бақ сынайтын бiрiншiлiкке қалай iлiнудiң жолын iздестiрiп, бас қатырып жүргенде бiздiң «Қайраттықтар» өздерiнiң әлеуметтiк жағдайларын күйттеп, Елбасына хат жазып әуреге түсiп жүр. Қалай десек те футболдан Қазақстан құрамасы ФИФА-ның халықаралық рейтингiсiнде үш сатыға жоғары көтерiлдi. Әлем бiрiншiлiгiнен кейiн жалпы футбол ойынында бiршама өзгерiстер байқалады. Қазiр елiмiз ұлттық құрамасы 126-шы орынға жайғасты. Әлем чемпиондары испандықтар бiрiншi, голландықтар екiншi, пентакампеондар үшiншi орында. Қазақстан құрамасымен бiрге ЕУРО –2012 жарысының iрiктеу сынында «А» тобына түскен немiстер 4-шi жолақта, Түркия 28-шi, Бельгия 60-шы, Әзiрбайжан құрамасы 106 сатыда тұр.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров