Бразилиядағы доп додасы осы күні күллі әлемнің назарында. Бұл жолы жарыстың насихаты да, қызығы мен шыжығы да асып-тасып отыр. 20 мыңнан астам журналист 10 мыңдай ерікті, жалпы саны 4 миллионға жетеқабыл жанкүйерлер барлығы да Бразилияның 12 қаласында үлкен тойдың ортасында. Ертеректегі қазақтың тойларындай мұнда да байы мен шонжары бар, кедейі мен кепшігі бар тегіс жиналған. Той десе қу бас домалайды демей ме қазақ. Аладопқа аңсары ауған ағайынның, бұл жолы басты сауалы кімнің чемпион болатыны.
Бразилияға келген көршілес елдердің жанкүйерлері Азия құрлығын былай қойып, Еуропалықтармен арпалысып әлек. Кәрі құрлықтың жанкүйерлеріне олар Оңтүстік Американың футболы қызығырақ, әрі көрер көзге тартымды деуде. Ал еуропалықтар футболда ең бастысы нәтиже дейді. Оңтүстік Америкада өткен Әлем чемпионаттарында Еуропалықтар ешқашан топ жарып көрмеген. Мүмкін құрлықтар арасындағы тартыста биыл өзгеше жағдай орын алар ма екен? Оның үстіне Еуропалық құрамалар осы күні өте тамаша ойын өрнегін көрсетіп келеді. Тіпті, кейбіреулердің айтуынша бұл турнирді ФИФА өткізгенімен, оған УЕФАның ықпалы басымырақ делінуде. Оның бір себебін, матчтардың уақытының бразилиялықтар үшін, жалпы осындағы сағат белдеуіндегі оңтүстікамерикалықтар үшін ыңғайсыз қойылғандығынан да бастауға болады. Осындай толып жатқан кішігірім мысалдарды тере берсе ұзақ тізім жасаймыз.
Бұл чемпионатқа мен бірінші мәрте келдім. Алып стадиондардың ау-жайына ауызым аңқиып жүргенде алдымнан жарқ етіп Нес ағам шыға келді. Кәдімгі, Несіп Жүнісбаев. Ол кісі биылғы Бразилиядағы чемпионатты өзінің 5-кезекті біріншілігі екенін айтты. Ол кісінің мундиаль тамашалау әдеті өткен ғасырдың сексенінші жылы басталыпты. Чемпионат жайлы, жалпы футбол мен журналистика жайлы сөз қозғасақ Несіп ағамыздың айтары көп болып шықты. Менің де жауап ретінде айтқаным болсын деп ол кісіге "Сіз Франциядағы чемпионаттан репортаж жазғаныңызда мен небәрі мектепте 3 сыныпта оқитын едім" - деп қойып қалдым. Ол кісінің үнсіз қалпынан мен "Па шіркін уақытым өтіп барады екен-ау", дегендей сыңайды сездім. Бозбала кезімде спорт газеті мен ол жазған "Мексикадағы футбол тойы" секілді біршама кітаптарды оқып шыққан болатынмын. Енді сол бозбала кездегі елес болған тірі аңызбен бірге Әлем чемпионатын тамашалап отырмын.
- Мені, жалпы біздің буынды футболға қызықтырған Бразилия. Бұл елдің көптеген футболшылары ауыл баласына аңыз, одан кейін чемпионатта жүргенімде таңдай қақтыратын еді. Бразилиядағы футбол біріншілігіне келу арманым болатын. Соншама даңқты футболшыны тәрбиелеп шығарған елді көзбен көру журналистикадағы ғұмырымның соңына қарай жасалынған бір сый іспеттес еді - деп бастады өз әңгімесін жазушы. "Кезінде ұстазым Сейдахмет Бердықұлов Пеледен сұқбат алған да болатын. 1001-кезек деп аталатын сол бір оқиғаны мен де қайталасам деймін. Бразилиядағы біріншілікте футбол корольін бір көрсем екен. Ал бірақ, мен үшін Марадоннадан асқан футболшы жоқ - деп түйіндеді қаламгер өз әңгімесін. Расымен де осы күні Криштиану дейміз, Месси дейміз бірақ сол футболшылардың ішінде Марадоннадай жалғыз өзі команданы алға сүйреп, 6-7 футболшыны алдап өтіп, гол соғатындар аз ғой. Бүгінгінің футболы өзгерген. Жанкүйерлер де заманына қарай шалып жүр. Командамның ойынына стадионға биелет сатып алып, оның 1-0 ұтқанын көргенше, 3-4 болып қарсыласқа жеңілгенін қалар едім дейтін бұрынғының жанкүйері жоқ бүгінде. Италиялық бапкерлер әкелген максималисттік футбол дәурен құрып тұр. Қорғанысқа 9 адам қойып қойып, 1-0 есебімен жеңіп жатады. Бұл тактиканың өзі де, "автобус" деп аталатын есімі де біртүрлі. 2004 жылы Еуропа біріншілігін Грекия жеңгенде ел не дерін білмеді. Осал команда болғасын, кенеттен сенсация жасап чемпион атанды деді де қоя салды. Бірақ, сол біріншіліктен кейін әлсізі бар, мықтысы бар қорғанысқа жамбастап жататынды шығарды. "Ең бастысы гол жібермесек болды. Ал гол жібермесек ұтылмайтынымыз белгілі" - деп сұқбат беретін бапкерлерді қайтесің?! Футболдың жанкүйерлер үшін екенін ел ұмытты. Футбол бұл күні ақша, бизнес, саясат деген ұғымдармен астасып кетті. Клубтық деңгейдегі жағдайлардың солай екені белгілі. Енді сол үрдісті командалар ұлттық құрама деңгейінде жасамаса екен деп тілейміз. Оның үстіне "автобусты" бұзып жаратындар да табылуда. Гректердің алғашқы ойында Колумбиядан ұтылғаны соның көрінісі. Одан кейін, допты көп ұстайтындардың тақырыбы шыға келеді. Испания бойы кішкентай, физикалық жағынан аса қатты мығым емес футболшыларды жылдам, қысқа пас арқылы ойнатып елдің бәрін қоғадай жапырып жүрген. "Доп бізде болғанда, бізге ешкім шабуылдамайды" - дейтіндердің де, гректердің автобусы да алғашқы 1-турдан ақ іске аспады. Тактикаларының күл талқаны шықты. Испанияның Нидерландыдан 5-1 ұтылғаны бұл жөнінен де сыр шертті. Футболдың алаңдағы ойыннан емес, алаң жиегіндегі бапкердің ақылынан тұратын кез жетті. Алаңдағы әрбір ұсақ-түйекті есептейтін бапкерлер алға озып тұр.
Сонымен қатар, осы күнгінің футболшыларының да тәртібі бұзылғалы қашан. Бапкерін ұрып жіберіпті, жаттығуға келмепті, әріптестерін жамандапты дегендерді жиі естиміз. Футбол бұл ең алдымен ұжымдық ойын. Бапкерді тыңдап, бір тәртіпке бағынбаса бәрі бекер. Баллоттели секілді футболшының аяғына қарап отырған Италиялықтар оның бүкіл жағдайын жасап отыр. Көптеген командалар сапында ұрыс-керіс, сыбыс әңгіме, бір-бірімен жаға жыртысу секілді дүниені көз көріп, құлақ естіді. Тек бір команданың ғана тәртібі мен тұрақтылығы таңқалдырады. Ол әрине де -Германия. Темір тәртіпке бағынатын неміс мәшинесі Криштиану Роналду бастаған Португалия құрамысының үстінен жүріп өтті. Бұл бір нағыз мерседес пен өгіз арбаның жарысы болды. Германия чемпионаттың сөзсіз фавориті екенін дәлелдеді. Еуропадан сонымен бірге Нидерланды бар. Ал Оңтүстік Америкадан Аргентина мен Бразилияны айтамыз.
Несіп ағамыздың таң қалып Бразилияның футболының бір көрінісін көргісі келгені де түсінікті. Соншама атақты аяқдопшы бұл елден қалайша тоқтаусыз шығып жатыр. Менің байқауымша, бүкіл футболшыларының шыққан жері фавеллалар екен. Фавелла - біздің тілге аударғанда ауыл. Бразилиялықтар үшін қылмыс пен кедейшіліктің құрсауынан босап шығудың жалғыз шешімі - футбол. Сол арадан шыққандардың бірі - Роберто Карлос. Мен Әлем чемпионы атанған даңқты қорғаушыны Белу-Оризонти қаласында кезіктірдім. Тек бір ауыз ғана тілдесуге шамамыз жетті. Оның бір сөзі есте қалды "Бразилия құрамасының ойыны біздің кездегідей емес...". Бұл сөздің астарында не ой жатқанын оқырман қауымның патша көңілі білсін.
Ермұхамед МӘУЛЕН
Біздің серіктес: FONBET