Жарнама
Жарнама

ӘЛЕМ ФУТБОЛЫНДАҒЫ АБЫР-САБЫР

20.06.2011, 16:12
Жарнама
Жарнама
Асылы, жазда доп демалады. Футболшылар да тынығып, келесі маусымға күш жинауды мақсат санайды. Ал, бапкерден ұйқы қашады. Аяқдоп шаруашылығы абыр-сабыр кезді бастан кешеді. Жел сөздерге де осы кезде өріс ашылады. «Анау мында барады екен». «Жоқ, ол жалған болып шықты, таңдауы басқа көрінеді». Осылай өрілетін даңқпырттан құлақ тынады. Көбігі көп, қисыны аздау жорамалдар да ауыл кезіп кетеді. Бірақ, бір шындықтың бары анық. Доп тыныстағанымен аяқдоп айналасындағы әңгімелер көбейіп кетеді. Алдымен, Қазақстаннан бастайық. «Қайраттың» бас бапкері Владимир Никитенко қызметінен кетеді», – деген болжам пайда болды. Сол сөзді күтіп жүрді ме, кенет алматылықтар ойынына қан жүгіріп, команда «Ақтөбенің» өзін жеңіп кетті. Тіпті келесі кездесулерде де сын көтеретін футбол көрсетіп, әлгі пікірлердің астары әлсіз екендігі байқалды. «Қайрат» өз ойын өрнегін енді тапқанда жұрт тағы таң қалды. «Тараздан» ұтылған күні Никитенко қызметінен кетті. Оның орнын уақытша Эдуард Глазунов басты. Он бесінші турда «Ордабасы» жігіттерін қабылдаған алматылықтар, үш бірдей гол жіберіп ірі есеппен ұтылды. Сосын жаңа бапкер тағайындалды. Ағылшын Джон Грегори. Осыдан екі ай бұрын еврейдің «Ашдодынан» қуылған маман. Рас, білікті болар, тәжірибесі мол шығар. Ол жағын да қарастырамыз. Бірақ бізді Владимирдің тағдыры қызықтырады. Болашағы бұлыңғыр дегеннен аулақпыз. Екі қолға бір күрек демекші, жұмыс табылады. Тіпті табылған шығар. «Қайсар» қызығып отыр дескен білетіндер. Қызылорда футболын өрге шығарған кездерін де білеміз. Сауалдың маңыздысы мынау. Никитенко неге кетті? Өткен жылы «Қайраттың» қаржысы көбейіпті, енді керемет футболшыға жаруы мүмкін екендігі айтылған. Тіпті шетелден бапкер шақыру да күн тәртібінде тұрды. Өзі ақша көбейсе сырттан маман алдыру әдетке айналды ғой. Өткенде біреу кеңк-кеңк күледі. «Қазақстан Футбол одағы баспасөз хатшылығына Ресейден маман алдырды. Исмаил Бзаровты мол қаржы төлеп әкелдік, енді Аргентинадан доп үрлеуші шақыр маймыз ба, Мессидің жерлесі бізде жүр деп мақтануға жақсы». Мақтамен бауыздау дейді, оны. Айтқыштың уәжіне мырс етеміз. Мысқыл шығар, бірақ мәні басым. Балалар футболын ысырып тастап, ақшаны әлдебір қисынсыз шешімдерге жұмсаймыз. Оны жылы жауып қойған жөн. Балалар аяқдобын. Жақын маңда қол тимейтін шаруа. Қазіргі қансонар бапкер алдыру. Алыстан, тым алыстан болса әбден жақсы. Грегори кезінде ағылшын құрамасында өнер көрсетті. 1983-84 жылдары Англия жейдесін киіп, алты рет алаңға шықты. Өзі жартылай қорғаушы. 1977 жылы «Астон Вилла» сапына қабылданып, жиырма төрт ай доп тепті. Сосын «Куинз Парк Рейнджерстен» жалақы алды. Жарытып ойнағаны шамалы. Көбіне төменгі топта өнер көрсетті. Бапкерлігінің де беделі керемет биіктеген жоқ. Әуелі «Портсмутта» бір жыл, алты айдай «Плимут Аргайлда» еңбек етті. Кейін «Уикомб Уондерерске» келді. Бирмингемде еңбек етті. Бір командада көп тұрақтамайды. «Астон вилланы» жыл жарым, «Дерби Каунтиді» жылға таяу баптады. 2006 жылы «Куинз Парк Рейнджерспен» келісімге отырып, бекіген уағына жетпей жұмыссыз қалды. Екі жылдан кейін Израиль командалары шақырыпты. «Маккаби Ахиды» бір жыл баптап, былтыр «Ашдодқа» ауысты. Енді «Қайрат» шақырды. Еркіндік берілетін секілді. Кімді шақырса да құқылы. Жаңа команда құру тапсырылды. Жасы елу жетіде. Ағылшын жерінен келді демесеңіз, алып бара жатқан атағы жоқ. Қайта, Никитенконың салмағы басым. Басқасын былай қойғанда, «Қайрат» құрамында ең көп ойын өткізген футболшы. Таныстыру кезінде тілге тиек еткен сөздері де санада жатталмайды. Сол айтылуы тиіс әңгімелер. «Қайратты» білеміз. Беделді команда. Қазір қолдан келетіні сауатты жаттықтыру, сосын көре жатармыз. Рас, ұпай ұстансақ дұрыс болар еді». Сол сәтте туған құдасына кезіккендей әсерде отырған қала спортының басшысы Хайырболат Хайдаров орнынан ұшып тұрды. Білімді баланы пионер сапына салтанатпен қабылдағандай Алматының «Қайратына» тиесілі шарфты бапкердің мойынына байлады. Өзі мәз, жаттықтырушы да жымың етті. Нәтижесін кейін байқаймыз. Айтамыз деген сөз мынау еді. Қазір отандық мамандарды менсінбеу дағдыға айналып бара жатыр. Тап бір қазақ біреудің малын біреу ысқырып жүріп іздейтінін ешқашан айтпағандай. Атадан баланың көп оза бермейтінін ескермейміз, біздер. «Атыраудан» Рамиз Мамедов кетті. Оның да тындырғаны шамалы. Бірақ бізді таң қалдырды. Ойын соңынан өтетін баспасөз мәслихатында орысша тіс жармайды. Әзірбайжан тілінде сөйлейді. Тілмаш аударады. Рамиздың біздің ел құмар тілді меңгермеуі мүмкін емес. «Ақшасын алған елдің футболын өрге шығармасам да намысын оятып кетейін», – дегені шығар. Кезінде өндіріп ойнаған допшы. Бапкерлігін ұштай алмай жүр. Жорытқанда жолы болсын. Біздің футболға кім келіп, кім кетпеген. Рамиз де жүрді дегенге жақсы, жүріп қайтқаны. Ал Еуропа елдеріндегі абыр-сабыр күзге шейін басылмайды. «Арсенал» орыс Андрей Аршавинді қуады екен», – деп келетін болжам бар. Арсен Венгер «Анжиден» Әділ Ахметовты алдыруы мүмкін сияқты. «Канонирлердің» бір қожайыны өзбек. Олар бірін бірі іздеп жүреді. Өзгеге болғанша өзбекте болғанын қалайды. Және діл жақсы футболшы. Ортадан ойқастап шыққан кезде талайдың апшысын қуырады. «Манчестер Юнайтед» Эшли Янгпен келісімге келетін секілді. Трансфер құны 18 миллион еуро. Эшлидің апталық жалақысы 130 мың фунт стерлинг. «Астон вилланың» жартылай қорғаушысы «Олд Траффордта» бес жыл бойы доп тебуге дайын көрінеді. Алекс Фергюссонмен тіл табыса алмаған Бебе «Бешикташты» таңдайтын секілді. «Түк бітірмей жүргеннен түрік жерінде ойнаған дұрыс», – депті Бебенің өзі. «Реалдың» сапында кіл мықтылар жүр дейміз. Бірақ Жозе Мауриньо тыңнан ойыншы қосып алуды көздегелі қашан. Түрік Алтынтоп пен португалиялық Коэнтраудың жөні бөлек. Енді Езил айтқан сөз кезіп жүр, Еуропаны. «Менің білетінім бар. «Атлетикодағы» Серхио Агуэро біздің командаға ауысады және оныншы нөмірлі жейдеге қол созады», – деп ті Месут. Сол-ақ екен Лассан Диара жайындағы болжамдарға жол ашылды. Француз жартылай қорғаушысына «Ювентус» қолқа салған көрінеді. Ал Агуэра үшін «Реал» 45 миллион еуро санап беруге дайын. Енді тағы бір жаңалық естілді. Пеленің өзі келістіріп мақтап, тіпті Мессиден асып түседі деген Неймар Мадридте өнер көрсетуді құп көретін секілді. «Сантостың» талантты ойыншысы Мадридте бірнеше маусым футбол ойнайды. Әзірше жылдық табысы 2 миллион еуро. Бразилия командасының есепшотына 40 миллион еуро түседі. Бұрын «Сантос» 32 миллионға көнбей жүрген. Он тоғыз жасар Неймардың ойын өрнегі талай маманның көңілінен шыққаны жасырын емес. Аяқдоптағы тағы бір теңдессіз футбол шының өсіп келе жатқаны даусыз. Неймар шынымен де «Реал» жейдесін киетін болса, команда бергі бес жылда кез келген сыннан сүрінбей өтуі анық. Жозе бапкер орта тұсты нығайтуды да ойлайды. Бірінші кезекте Майкл Эссьенді алдыруды көздейді. «Челси» де 40 миллионнан кем сұрамайды. Өйткені, Майклды 2005 жылы 38 миллион еуроға сатып алған. Мауриньо Франция құрамасының жартылай қорғаушысы Ян М,Вилланы да ұнататын секілді. «Ренн» сапында жүрген футболшының құны да арзан емес. 30 миллионның ар жақ, бер жағы. «Барселона» Джузеппо Россиге сөз салыпты. Биыл ұлттық біріншілікте он сегіз гол соғып, Еуропа лигасында өзіндік шеберлігін паш еткен шабуылшы Пеп Гвардьолланың назарын аударыпты. Каталониялықтар «Вильярреалға» 29,5 миллион еуро төлеуге дайын. Тегі итальяндық, өзі Америкада ержеткен Джузеппо скуадра адзура сапында да өнер көрсетіп үлгерді. Енді Ресейден келген ақпаратпен бөлісейік. Рамзан Қадыров Рууд Гуллит пен «Теректің» жолы екіге айырылғанын мәлімдеді. «Гуллитты босаттық, ол дұрыс команда құра алмады. Біздер мықты маман шақырдық деп ойлап едік, үміт ақталмады», – дейді, клуб президенті. Қырық сегіз жасар маман биылғы қаңтарда Грозный командасымен келісімге келген. Орыс премьер-лигасында ойнайтын «Терек» он үш турдан кейін он төртінші орынға сырғыды. АМАНГЕЛДІ СЕЙТХАНОВ, «ЖАС ҚАЗАҚ»
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров