Қазақ футболы қалыптасқалы бері жиырма жылдан асты. Дегенмен осы уақытта біздің футболшы деп Европа мен Америкаға мақтанатын қазақ болды ма?! Жоқ. Әрине түркиялық төменгі дивизионда өнер көрсететін Давид Лория мен қазақ екенін соңғы жылдары ғана білген Гейнрих Шмидгаль болмаса. Қарт құрлықтың қай елін алсақ та, азулы командаларда доп теуіп жүрген бір-екі ойыншысынан бар. Бізге осындай футболшыларды шығару қажет. Бұл үшін бізге жас футболшылардың аяғынан шалмай, кең тыныс алуына мүмкіндік беру қажет. Сондықтан бұл мақалада қазақтың жас футболшылары туралы айтқым келеді...
Ертеңінен үміт күттірер футболшымыз бар ма?
Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан Футбол Федерациясы (ҚФФ) ел біріншілігіне өзгерістер мен регламент енгізген болатын. Соған байланысты әр клубтың қатарында 21 жастан кіші бір қазақ футболшысы ойнауы тиіс едң. Осындай өзгерістердің арқасында Сергей Лисенеков, Бауыржан Исламхан, Бауыржан Жолшиев, Абат Айымбетов, Сергей Хижниченко, Сергей Гридин сынды жас футболшылар жасыл алаңда тәжіриблі әріптестерімен бірге доп теуіп жүр. ҚФФ-ның лимит жөніндегі регламентіне спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен былайша өз пікірін білдірді: «Негізі бұл лимит бұрыннан болған. Футбол тарихына ең алғаш қосқан Ирландия болатын. Ол жақта әлі де бар. Бұны басында бапкерлер сынды, кейін жастар шыға бастады. Осының арқасында Исламхан, Байтана секілді ойыншылар ұлттық құрамаға алына бастады. Бұл өте керек. Ең алдымен, ұлттық құрамамыз үшін.» Өкінішке орай, кейбір жас футболшыларымыз 21 жастан асқаннан кейін алаңға сирек шығып, өзіндік ойын үрдісін көрсете алар емес. Менің айтпағым бұл емес. Осындай лимит бойынша жанкүйерлер көзайымына айналып жүрген жас аяқдопшылар неге Қазақстан Премьер-Лигасы аясында ғана тер төгеді?! Әлде біздің біріншілікте ойнап жүрген жас футболшылардың білігі, таланттылығы қарт құрлықтағы жас футболшылардан төмен бе?! Міне, осы жайында.
Біздің жастар қарт құрлықта доп тебуге әзір ме?
Қазақ футболында ғана емес Европаның көптеген азулы командаларындың намысын өрімдей жас аяқдопшылар қорғап жүр. Бұның айғағы ретінде мерсисайдтық «Ливерпульдың» жартылай қорғаушы Рахим Стерлинг (17 жаста), «Малага» шабуылшысы Фабрис Олинга (17 жаста), лондондық «Арсеналдың» жартылай қорғаушысы Алекс Окслейд-Чемберлейн (19 жаста) сынды футболшыларды алуға толық негіз бар. Бұл футболшылар алаңға арнайы жасалған лимит немесе регламенттің көмегімен емес, өздерінің шын табандылығы, таланттылығының арқасында шығып жүр. Демек біздің жас футболшылардың ойланатын реті бар: таланттылықпен қоса, іштей футболға деген махаббаттың жоғары болуы шарт. Бұл туралы: «Әрине, біздің футбол мен азулы Европа футболының арасы жер мен көктей. Соған орай, жас футболшылары да өзгеше. Мысалы Англия біріншілігінде жас аяқдопшыларды стандарттық шабуылға дайындайтын болса, Испания біріншілігінде техникалық қабілетін дамытып, тактикалық шабуылға үйретеді. Ал біздің елдегі футболшылар қай қырынан алып қарасақ та, әлсіз. Бізге олардан көп нәрсе үйрену қажет-ақ», - деп «Қайрат-1994» клубының футболшысы Әбілхайыр Саламат өз ойын білдірген болатын.
Еліміздің жастар құрамасына не жетіспейді?
Қазақтың жас футболшыларын өзге елдердің де жастарымен салыстырудың бір ғана амалы бар: жастар құрамаларының өзара ойындарын саралау. Мысалы Қазақстан U-17 2013 жылы өтетін Европа біріншілігін іріктеу сынында ғана аяқтап үлгерген болатын. Хорватия, Израиль, Түркияның жас футболшыларымен бір топқа түскен біздің футболшылар барлық ойында жеңіліп, соңғы орын еншілеген еді. Павел Травник жаттықтыратын біздің он жеті жасқа дейінгі футболшыларымыз өздерінің дәрежесін айқын көрсетті менің пікірімше. Бұл аз десеңіз, Қазақстан U-19 да Европа біріншілігіне саяхатты іріктеу сындарында тоқтатты. Тағы да күйреу жеңілістермен. Босния және Герцоговина, Норвегия, Словакияның балғын футболшылары біздің жастардан мықты болып шықты. Топтағы төрт құраманың ішінде қоржынымызыға ұпай жинай алмай соңғы орын алған едік. 21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасының да жағдай мәз емес. Олар да келесі жылы өтетін Европа біріншілігіне нүктені іріктеу кезеңінде қойып тастады. Франция, Румыния, Словакия, Латвиямен бір топта ойнаған жерлестеріміз төртінші орын алды.
P.S. Міне, жоғарыда көрсеткеніміздей, қазақ футболының жастары өз қатарласарына керекті нәтижемен жауап бере алмауда. Демек ҚФФ-ға әлі де жастарымыздың жағдайын дұрыстап, таланты мен талабын бірге арттыра түсудің жолын қарастыру қажет.
Есет ТӨЛЕШ