Жарнама
Жарнама

Алға, «Қайрат»!

25.03.2011, 20:10
Жарнама
Жарнама
«Қайрат» өзінің үлкен футболдағы елу сегізінші көктемін көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алады. Қаржы тапшылығынан, бірінші топ пен былтырғы кіл мықтылар сапындағы орнын сақтап қалу жолындағы арпалыстан шаршаған жанкүйерлер енді алдағы күндерге үмітпен қарай алады. Бұған клубқа қала әкімі бастаған билік тарапынан көңіл бөлініп отырғандығы негіз бола алады. Өткен маусымдағы қарызбен толықтай есеп айырысқан әкімдік клубтың 2011 жылғы маусымдағы тірлігіне де қомақты қаржы бөлді. Әрі команданың алдына үлкен мақсат та қойды. Ол – чемпионаттың алғашқы бөлігінде үздік алтылыққа ілігу. Алға қойылған мақсатты орындау үшін команда әкімшілігі маусым аралығында қыруар жұмыс атқарып, құрамын нығатты. Бас бапкерлік қызметке араға он жыл салып, Одақ кезінде жоғарғы топтағы өткізген ойындары бойынша рекордшы болған (256 матч) Владимир Никитенко келді. Оның көмекшісі де атақ-даңқтан қаражаяу адам емес, 80-жылдардың кумирі – Сергей Стукашов («Қайраттың» Одақ дәуіріндегі Пехлеваниди мен Квочкиннен кейінгі, үшінші сұрмергені /33 гол/, КСРО құрамасының жейдесін киген төрт қайраттықтың бірі). Сондай-ақ бапкерлер құрамы қақпашыларды жаттықтыратын Александр Горошинскиймен толықты (Валерий Фоминді есепке алмағанда). Командаға 2004 жылы ел чемпионы болған құрамнан дәрігер Максим Волков пен массажшы Малик Шамузов оралды. Клубтың директоратына Евгений Шкарин мен Эдуард Глазунов енді. Ал команда сапы шамамен 90 пайызға өзгерді. Былтырғы құрамнан төрт-ақ ойыншы ғана қалды. Олар – Артем Фомин, Шыңғыс Әбуғалиев, Арман Халықов, Рахимжан Розыбакиев. Команда капитаны міндеті клубқа он үш жылдан кейін қайта оралған, ұлттық құрама сапында өткізген ойындары бойынша рекордшы (73 кездесу) Руслан Балтиевке сеніп тапсырылды. Даниил Рихард, Константин Головской, Владимир Байрамов сынды ойыншылардың да есімдері жанкүйерлерге мейілінше таныс. Андрей Цветков та 2008 жылғы маусымда клуб намысын қорғаған. Енді осындай тәжірибелі ойыншылар мен жастардың күш-жігерлерін біріктіру алдағы жеңістеріміздің түпнұсқасы болуы керек. Команда маусым аралығында бір жарым айдай түріктің Белек қаласында жаттықты. Жерорта теңізі жағалауында алматылықтар 14 жолдастық кездесу өткізіп, оның 5-еуінде жеңіске жетіп, 3-еуінде ұтылып қалды. 6 ойын тең аяқталды. Бұл тұрғыда қарсыластарының көбісі деңгейі жоғары командалар болғаннын айта кету ләзім. Көктемнің алғашқы күні қала әкімі Ахметжан Есімов командамен кездесіп, алдағы маусымға ақ жол тілеп, батасын берді. Алматы қаласының басшысы сәттілік тілей отыра, «маусым соңында жанкүйерлер алдында ұятқа қалдырмассыздар» деген үмітін де білдірді. Сол кездесуде «ҚазРосГаз» компаниясымен арадағы демеушілік келісім ұзартылып, олардың басшылары командаға су жаңа автобус тарту етті. «Қайрат» өзінің айтулы чемпионатын түздегі екі ойынмен бастады. Егер Өскеменде жолдары болмай, сәтсіздік сәл ғана теріс айналса (кездесу тағдырын бірінші таймның соңында соғылған жалғыз гол шешті), Талдықорғанда ауа-райының қолайсыздығына қарамай, қайсарлық танытып, жеңіске жетті. 2009 жылғы Қазақстан чемпионатының үздік сұрмергені Байрамовтың соққан голы осы маусымдағы алғашқы жеңіске қол жеткізді. Былтырғы «жетісулық жеңілістерді» еске алсақ, бұл жеңістің орны бөлек-ақ. Өткен маусымдағы ел біріншілігінде «Қайрат» «Жетісудан» төрт рет ұтылып, оған қоса ел кубогы додасында да көршілерімізге есе жіберіп алған болатын. Осы жеңісті бастаманы бүгін биылғы маусымдағы үйдегі ойындардың тырнақалды кездесуінде жалғастыру керек. 2009 жылдың 18 маусымынан бастап, яғни бір жыл тоғыз айдай уақыт болды, «Қайрат» Орталық стадионның қайта құрылымдаудан өтуіне байланысты, басқа стадиондарды жалдап, күнелтуге мәжбүр болды. Ал бүгін жанкүйерлер еліміздегі ең үздік аренанаға футбол аурасын қайта орнату үшін және «Қайраттың» жеңісті жолдарына күш-қуат беріп, жігерлендіру үшін өздерінің сүйікті орындарына жайғаса алады. Алға, «Қайрат»! Жеңіске бірге жетейік! «Қайрат» футбол клубының башылығы, қала және Орталық стадион әкішілігі аяқдоп жанкүйерлері мен мамандарын маусымның ашылуымен, ал бүкіл қазақтандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтайды! Сіздер қолдап отырсаңыздар, жеңіс те көбейіп, клубтың байырғы даңқты мәртебесіне қайтадан қол жеткізуге болатындығына сенімдіміз. Сіздерді Орталық стадиондағы «Қайрат» футбол клубының ойындарында көруге қуаныштымыз!
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров