Жарнама
Жарнама

Қазақстан - Словения. Алғашқы голды салатын кезіміз

13.10.2024, 15:45

Бүгін Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар Лигасының 4 туры аясында Словенияны қабылдайды. Екі команда да өткен ойындарда оңбай жеңілді, сондықтан келесі халықаралық үзілістерге дейінгі жағдайларын жақсартуға тырысатыны анық. Осы кездесуді талқылап көрейік.

фото ҚФФ сайтынан
Жарнама
Жарнама

Люблянада өткен алдыңғы кездесуде Беньямин Шешко Игорь Щацкий қорғайтын қақпаға үш бірдей гол соғып Станислав Черчесов жігіттеріне ешқандай мүмкіндік қалдырмап еді. Ол кездесуде біздің футболшылар тіпті мардымды шабуыл да ұйымдастыра алмады. Жалпы, ресейлік маман келгелі құрамамыздың ойыны жанкүйерлердің көңілінен шығып жүрген жоқ. 3 матчта 1 ғана ұпай жинадық, гол да соқпадық. 7 гол жіберіп алдық. Әзірге топтың айқын аутсайдеріміз деуге болады. Бұл онсызда әу баста солай болған. Бірақ, 3 кездесуде 3 қана соққы жасау – бұл не деген сұмдық. Аустрияда Станислав көкеміздің "қорғану – біздің философия емес" дегені қайда қалды сонда. 

Біз мұнда Аустриямен алысып жатқанда славяндар норвегтерден 0:3 есебімен ұтылып қалды. Бұлай болады деген ой ешкімде де болмаған шығар. Дегенмен, қонақтарды түсінуге болатын секілді. Өйткені, қыркүйектегі ойындарға қарағанда оларда біраз өзгерістер болды. Мәселен, Давид Брекало, Ян Млакар және Жан Целар секілді ойыншылары ойынға қатыспады. Қорғаушылары жарақатына қатысты ойынға қатыспаса, қалған екеуі бізге қарсы ойынға алып қалынды. Сондықтан болуы керек, Норвегияға қарсы Словения қауқарсыз болды. Деян Петрович пен Андраж Шпорардың қателіктері де Словенияның жағдайын одан бетер қиындатып жіберді. Тек Ян Облак қана оңайлықпен берілмеді.  «Атлетико» қақпашысы 11 сэйв жасады. Дәл қазір бұлар турнирлік кестеде 4 ұпаймен үшінші орында. 

Бүгін бұл құрамалар өзара төртінші кездесулерін өткізейін деп отыр. Бұған дейінгі үш кездесуде де славяндар жеңіске жеткен. Қазір Қазақстан тәуекелге баруға мәжбүр. Себебі, бұл кездесуде жеңіліс тапқан жағдайда B лигасында қалу қиынның қиыны болады. Енді, 5 қорғаушымен ойнап, қақпаның алдында жатып алудың қажеті жоқ. Бұл ойында тек жеңіс керек. Словения да бұл ойында қарап қалмайтыны анық. Оларға да A лигасы қызық. Онда да ойнап көргісі келеді.

Матьяш Кектің шәкірттері бұл ойында Шацкий қақпасына 20 шақты соққы жасар. Ал Қазақстан болса Облак қайтарсын-қайтармасын 3-4 соққыны тура жасауымыз керек. Әрине, бұл оңайға соқпайды, дегенмен B лигасында өзіміздің орнымыз болғанын қалар болсақ бұл өте маңызды. Оның үстіне Линцтегі ойында Абат Айымбетов, Александр Марочкин секілді әдетте негізгі құрамға шығатын ойыншылар ойынға қатысқан жоқ. Максим Самородов пен Рамазан Оразов та ойынға қосалқы құрамнан қосылды.

Бұл жолы Словения бізді ірі есеппен жеңбейді деп күтіп отырмыз. Бұл ойын үйде өтетін болғандықтан бізде сәл де болсын үміт бар. Бір жағынан біз енді 5 қорғаушымен ойнамайтын болғандықтан қорғаныста сенімділік жетіспейтін секілді. Бұл, әрине, дұрыс шешім, бірақ қарсыластарымыз мықты болғандықтан кері әсерін беруі де мүмкін. Станислав Черчесов шәкірттері енді осы ойында гол соғуы керек. Қалай болғанда да Қазақстан ұлттық құрамасы Словенияға қарсы жақсы ойын өрнегін көрсетеді деп күтеміз.

Нұрасыл Мұратбек

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров