Жарнама
Жарнама

Алғашқы итжығыс

27.03.2012, 21:11
Жарнама
Жарнама

Әне-міне дегенше футболдан Қазақстан премьер-лигасының үшінші тур ойындары аяқталды. Әзірге Тараздың қала аттас командасы мен «пентакампеон» «Ертістің» есебі түгел. Ал, бүгінге дейін турнирдің көшбасшысы саналған Оралдың «Ақжайығы» Астанада ұпай жоғалтты.

Әне-міне дегенше футболдан Қазақстан премьер-лигасының үшінші тур ойындары аяқталды. Әзірге Тараздың қала аттас командасы мен «пентакампеон» «Ертістің» есебі түгел. Ал, бүгінге дейін турнирдің көшбасшысы саналған Оралдың «Ақжайығы» Астанада ұпай жоғалтты.

«Астана» - «Ақжайық» 2:1 Голдар: И. Зенкович 7, 0:1, Қайрат Нұрдәулетов 36 (пенальти), 1:1, Таңат Нөсербаев 51,  2:1 Алғашқы айналымда «Тараздан» «таяқ жеп», екінші турды ауа райының қолайсыздығына орай кейінге қалдырған «Астанаға» жеңіс ауадай керек еді. Ұлттық құраманың беткұстар ойыншыларын жинап алған команданың жанында бүгінге дейін нөл ұпай тұрған. «Ақжайықтың» ұтылуы мүмкін екенін бәріміз болжасақ та, Оралдық команданың жанкештілігіне ырза болдық. Бірінші болып таблодағы нөлді өзгерткен де «Ақжайық» ойыншылары. Игорь Зенкович ойын басталған бетте команда жанкүйерлеріне қуаныш сыйлады. Элитамен енді көріскен командадан гол жіберіп алу «Астана» ойыншыларын одан әрі қамшылай түсті. Ойынның аяқталуына он минутқа жетер жетпес уақыт қалғанда Антон Цирин қақпасының алдындағы қарбалас «Ақжайыққа» пенальти белгілеумен аяқталды. Ал, «Астана» мен Қазақстан құрамасының капитаны Қайрат Нұрдәулетовтың 11 метрден бағыттаған айып добын қайтаруға Антонның шамасы жетпеді. Негізі, Цирин доптың бағытын тапты, тіпті алғашында гол соғылған жоқ деп ойлағанбыз. Алайда, капитанның соққысы  ешқашан осал болмайды! Есеп теңескен соң «Астана» қарқынын арттыра түсті. Екінші таймның 51  минутында Қазақстан құрамасына үміткер Таңат Нөсербаев Циринді қапыда қалдырды. Біраз уақытын аурухана кереуетінде өткізіп, өз ойынын әлі таба алмай жүрген ойыншының биылғы маусымдағы алғашқы голына бәріміз қуандық. «Ақжайық» шамасы жеткенше шабуылдады, қорғаныста бүк түсіп жатып алмай, Алексей Белкинді біраз мазалағаны да рас. Бірақ, бүгін бас қалалықтар тек жеңіс үшін шықты алаңға. «Тобыл» - «Шахтер» 3:1 Голдар: Мақсат Байжанов 20, 0:1, А. Кислицын 48, 1:1, Бауыржан Жолшиев 57,  2:1, Бауыржан Жолшиев 87, 3:1 Биылғы маусымда үздік үштікке, тіпті алтынға таласуға ниетті бұл екі команда да ала құла ойын көрсетіп жүр. «Шахтер» «Ертістен» ұтылып, «Ақтөбені» оңай жеңіп, «Тобылға» есе жіберді. Ал, сырт алаңда «Ертістен» оңбай ұтылған «Тобылға» өз алаңы құт болып тұр. Алғашқы айналымда қостанайлық клуб өз алаңында Алматының «Қайратын» 4:0 есебімен тізерлеткен болатын.  Бүгін алғаш болып қонақтар есеп ашты. Мақсат Байжанов ойынның 20 минутында  кеншілерді алға шығарып, таймаралық үзіліске «Шахтер» жеңімпаз ретінде аттанған. Үзілісте «Тобылдың» бас бапкері Вячеслав Грозный өз ойыншыларын жігерлендіретін сөз тапқан сыңайлы. Екінші тайм басталысымен Александр Кислицын таразы басын теңестірсе, қостанайлықтардың жас мергені Бауыржан Жолшиев дубль жасап, көзге түсті. Ойынның орталық матчына баланған алыптар тартысында «Тобылдың» бабы да, бағы да басым болды. Виктор Кумыков, «Шахтер» футбол клубының бас бапкері: Егер қорғаушылар ойнай алмаса, жеңу мүмкін емес. Бүгін тап солай болды. Вячеслав Грозный, «Тобыл» футбол клубының бас бапкері: Әлі қуанып отырмын, ойыннан ләззәт алдым. Павлодардағы жеңіліс үшін жанкүйерлерден кешірім сұраймын. Бүгінгі матчқа ерекше дайындалдық, енді келесі қарсыластан қауіптеніп отырмын. «Қайсар» -  «Тараз» 1:2 Голдар: Бауыржан Исламхан 17, 0:1, Перич 21, 0:2,  Градимир 35, 1:2  Қызылордалық клубқа ұпай жинау оңайға түспей тұр. Алдымен «Ақтөбе», кейін «Жетісудан» жеңілген.  Осыдан бір екі жыл бұрын «Қайсар» мен «Тараз» арасындағы кездесуде кім мықты десе, тең ойынға бәс тігер едік. Ал, биылғы «Тараз» бұрынғыдан өзгерек.  Серб маманы мен легионерлері келген соң, түрленіп шыға келген Тараздық клуб өзіне маңызды  үш ұпайды оңай олжалады. Осыған дейін «Тараздың» голын кіл серб лигионерлері соқса, бүгін команданың жас жұлдызы Бауыржан Исламханның қанжығасы майланды. «Атырау» - «Қайрат» 2:0 Голдар: Сараев 7, 1:0,  Шафф 80, 2:0 Батыстық команда биылғы маусымдағы тұңғыш жеңісіне қол жеткізді. Өткен турдағы батыстық дербиде «Ақжайыққа» жол беріп, «Ордабасыны» жеңіп тұрып, ұпайдан айырылған «Атыраудың» таза еңбекпен келген жеңісі. Ал, Алматының «Қайраты» әлі де шикі. Бапкер білікті болғанымен, жаңадан жасақталған команда ұшпаққа шыға алмай тұр. Екінші кезеңде «Оқжетпесті» жеңген «Қайраттың» премьерадағы ортаңқол командаларға әлі күші жетпейтініне куә болдық. «Сұңқар» - «Ордабасы» 0:0 Футболдан 21-і Қазақстан біріншілігінің үшінші кезеңінде алғаш рет тең  нәтиже тіркелді.  Премьер – лиганың дебютанты саналатын Қаскелеңнің «Сұңқары» Тұрар Рысқұлов атындағы экономикалық университеттің алаңында «Ордабасыны» қабылдады. Ел Кубогы мен Суперкубокка қол жеткізіп, «Атыраудан» ұтылып жатып, жеңісті жұлып алған «Ордабасының» дебютантқа тісін батыра алмағаны бізді таң қалдырды. «Оқжетпес» - «Ертіс» 1:4 Голдар: Иванов 17, 0:1, Кучера  19, 0:2, Бидненко автогол 21, 0:3, Говедарица 74, 0:4, Чагелишвили 86, 1:4 Турнир тізгіні еліміздің бес дүркін чемпионы «Ертістің» қолында қазір. Талғат Байсуфиновтың командасы ешкімге бет қаратар емес. Екі турда ұпай еншілей алмаған Көкшенің «Оқжетпесіне» «Ертіс» ойыншылары 3 гол соқты. Ал, төртінші голды өз қақпасына соғып алған «Оқжетпес» футболшысы Руслан Бидненко. Бүгін «Оқжетпес» ойыншылары биылғы маусымдағы алғашқы голдарын соқты. Бірақ, Давид Чагелашвили соққан жалғыз доп жеңіс үшін тым жеткіліксіз еді.  «Ақтөбе» - «Жетісу» 4:0    Голдар: Малетич 7, 1:0, Илич 12, 2:0,  Илич 37, 3:0, Лисенков 70, 4:0 «Ақтөбе» «Шахтерде» кеткен есесін «Жетісудан» алды. Өткен турда «Қайсарға» бес гол соққан «Жетісудің» бүгін жұрнағы да көрінбеді. Иә, талдықорғаннан келген қонақтар айла әрекетсіз отырған жоқ. Бірақ, Андрей Сидельниковтың қақпасы бүгін голдан аман шықты. «Ақтөбенің» сербиялық легионері, мақтаулы Брана Илич дубль жасаса, тағы бір серб Малетичтің де қанжығасы майланды. Ал, өткен турдағы қателігі үшін «Ақтөбе» жанкүйерлерінің қаһарына ұшыраған Сергей Лисенков «Жетісу» қақпасына төртінші голды тоғытып, футболсүйерлердің шын ықыласына бөленді. Былтыр «Жетісудан» екі рет ұтылып, екі рет тең түскен «Ақтөбе» тісқаққан қарсыласына амал қалдырған жоқ. «Жетісудың» мұндай дәрменсіз күйін жанкүйерлер де көптен көрмепті. Сонымен, үшінші турда біз алғашқы тең ойынды, алғашқы автоголды, «Оқжетпестің» алғашқы голын, «Атыраудың» алғашқы жеңісін көрдік. Үшінші турда барлығы 21 гол соғылды. Үздік мерген  - Бауыржан Жолшиев. Оның еншісінде 4 доп бар. алаш арена
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров