– Барлық БАҚ өкілдеріне қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтамын! Бүгінгі таңда әлеуметтік әлем психологиялық тұрғыдан өте маңызды екенін өзіңіз де білесіз. Менеджмент, ойыншылар - барлығы бәрін оқиды. БАҚ өкілдеріне алғысымыз шексіз.
Ойынға келер болсақ, бізде барынша тәртіп жақсы болу керек деп ойлаймын. Қарсыласымызды бізден де жақсырақ білесіздер деп ойлаймын. Олар елімізге бірнеше рет келген. АПОЭЛ өз алаңында өте агрессивті ойнайды. Оларға қандай жанкүйерлер қандай қолдау көрсететін, стадиондары қандай екенін көрдіңіздер. Онда бүкіл қала АПОЭЛ мен Омонияның теке тіресімен өмір сүреді.
Команданың сырт алаңда қалай ойнайтынын қарап шықтық. Олар Болгарияда «Ботевке» қарсы ойындағыдай сақтықпен әрекет етеді. Ертең олар басқаша әрекет етеді. Біз шабуылға шығатын боламыз. Есеп сусымалы, сондықтан да мүмкіндігіміз мол деп қарсыласқа төрт күн бойы дайындалдық.
- Қарсыластың тәжірибиелі болғаны Сіздің командаңызға әсер ете ме?
- Әрине, нәтиженің өзі бізді қобалжытып отыр. Футболшылар да оны сезінеді. Олардың деңгейі бізден сәл жоғары. Еурокубок деңгейіндегі ойындардың өзі бізге қиын болып жатыр. Жан-жақты осындай қысым бар. Бірақ, бұл жағдай команданы бір қалыпты ұстап тұруға көмегін тигізеді. Яғни, ешкім босаңсып жүрген жоқ.
- АПОЭЛ Нұр-Сұлтан қаласында ешқашан жеңіске жетпеген екен. Бұл бір жағынан жақсы статистика секілді ғой?
- Бұл математика. Яғни таза ғылым. Мен мұндай мәліметтерді футболшыларға айттым. Сонымен қатар, «Астана Аренаның» өзіндік бір қасиеті бар. Ол бізге майдай жағуы тиіс.
- Қазақстандық жанкүйерлер командаңызға сенім артып жатыр. Соны сезіне бастаған шығарсыздар?
- Әлбетте. Мен мына біздің баспасөз өкілдеріне ризашылығымды айтқым келеді. Олар қоғамдық пікірді қалыптастыруда зор әсер береді. Соның арқасында жанкүйерлер бізге сеніп отыр. Ал біреу бізге сенім артса біз оны қалай жайдан-жай қалдырамыз. Намысқа тырысып, соңына дейін ойнаймыз.
- Зоричтің ойынға дайындығы қалай?
- Команданың барлығы тас-түйін дайын. Дарко да алаңға шығуды асыға күтіп отыр.
- Командаңыз шамасы "Астана Аренада" ойнап үйренісіп қалған сыңапйлы ғой?
- Ең қиыны жанкүйерлеріміз осында келу үшін 500 шақырым жерді артта қалдырады. Олардың көбісін осындағы матчқа алып келу үшін көптеген автобустар керек. Логистика тұрғысынан кішкене мәселелер туындап жатыр.
- Кипрлік журналисттер «Қызылжар» бірінші ойында көп гол жіберіп алмас үшін әрекет жасады деп жазыпты. Осыған қалай қарайсыз?
- Біздің өзіміздің стратегиямыз бар. Өзіміздің ойын мәнеріміз бар. Мен сол кипрліктерге сауал қойғым келеді. Олар неге «Ботевпен» болған сырттағы матчта 0:0 ойнады? Бұл жарыста екі ойын болады. Сондықтан да, кейбір кілтипандарды ескере кеткеніміз дұрыс.
Ермұхамед Мәулен
Біздің серіктес: FONBET