Отандық бапкер Алмас Құлшынбаев Еуропа Лигасының бірінші іріктеу кезеңіндегі «Легия» - «Ақтөбе» кездесуіне қатысты ойын айтып, жұптың жеңімпазына байланысты болжамымен бөлісті.
Варшавада алаң иелері 1:0 есебімен басым түскен болатын.
«Шынымды айтсам, ойындарды тамашалай алғам жоқ, бірақ 0:1, 3:4 деген сондай бір қорқынышты есеп емес. Расын айтқанда, жеке өз басым «Ақтөбе» бұдан әлдеқайда ірі есеппен ұтылады-ау деп ойлағам. Көреміз енді, бірақ ары қарай «Легия» өтіп кететін сияқты. Не дегенмен, Польша футболы, дәлірек айтқанда Польша чемпионаты Грузиядан анағұрлым мықтырақ. Сондықтан, «Легияны» азулы қарсылас деуге әбден болады. Еуропалық деңгейде де ортаңқол ұжымның бірі. Польшалық команда Ақтөбеде жеңілмейді және ары қарай өтеді деп ойлаймын», - деді танымал маман «Аладоп.кз» сайтына.
Командалар 17-шілдеде Ақтөбеде кездеседі.
Біздің серіктес: FONBET