Алматы қаласында жаңа футбол стадионының құрылысы ресми түрде басталды. Қазіргі уақытта Күлжін және Талғар трактілері арасындағы 14,9 гектар аумақта жер қазу және инженерлік дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Қала әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбековтің айтуынша, жаңа нысанның құрылысына қажетті жер телімі бөлініп, инженерлік желілерді көшіру бойынша техникалық шарттар алынған.
"Қазір геологиялық зерттеу және жер қазу жұмыстары жүріп жатыр. Қаржыландыру мәселесі де шешілді, қаражат бөлінді. Жобалау мен құрылыс жұмыстары қатар жүргізілуде.” – деді ол.
Азамат Қалдыбеков сондай-ақ қазіргі Орталық стадионның жағдайы да тұрақты бақылауда екенін айтты.
"Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне дайындық аясында алаңға қосымша тұқым себу және күтім жұмыстары жүргізілді. Қазір газонның сапасы талапқа сай. "Реал Мадрид” командасы Алматыда ойнаған кезде тек шөптің биіктігіне қатысты ескерту айтты. Бізде 24 мм, ал оларға 22 мм ұнаған. Дегенмен, ережелер бойынша 30 мм-ге дейін рұқсат етіледі.” – деп түсіндірді әкім орынбасары.
Орталық стадионда да соңғы уақытта бірқатар жаңарту жұмыстары атқарылған. Отырғыштар жаңартылып, сырланып, бекіткіштер күшейтілген.
Қалдыбековтің айтуынша, жаңа стадионның құрылысы жүріп жатқанымен, ескі Орталық стадионды толықтай жаңғырту жоспары да бар.
"Бұл нысан қаланың қақ ортасында орналасқан және заманауи жаңарту жұмыстарын қажет етеді. Жыл соңына дейін техникалық тексеріс жүргізіліп, колонналар мен тіректердің жағдайы бағаланады. Ал жаңа стадион пайдалануға берілген соң, Орталық стадионды жеңіл атлетика жарыстарына бейімдеп, ашық спорт аренасы ретінде қолдану көзделіп отыр.” – деді ол.
Жаңа халықаралық стадион 35 мың көрерменге арналған және UEFA-ның 4-санат талабына сай салынады. Жобада спортшыларға арналған жаттығу базалары, жанкүйерлерге демалыс аймақтары, заманауи қауіпсіздік жүйесі мен аумақты абаттандыру шаралары қамтылған.
Біздің серіктес: FONBET