2026 жылғы «Алтын доп» (Ballon d’Or) марапатының иелері бүгін, 26 қазанда Лондонда анықталады, деп хабарлайды Aladop.kz.
Футбол әлеміндегі ең беделді жеке марапаттардың бірі биыл 70 жылдық мерейтойын атап өтеді. Салтанатты рәсім алғаш рет Парижден тыс жерде, Лондондағы London Palladium театрында ұйымдастырылады.
«Алтын доп» сыйлығы 1956 жылы France Football журналының бастамасымен тағайындалған. Биылғы рәсімнің Лондонда өтуі алғашқы марапаттың иегері, Англия футболының аңызы Стэнли Мэттьюске құрмет көрсетуге байланысты. 2024 жылдан бастап марапатты France Football басылымы мен УЕФА бірлесіп ұйымдастырып келеді.
Биыл ерлер арасындағы басты жүлдеге басты үміткерлер қатарында «Барселонаның» шабуылшысы Ламин Ямал, «Баварияның» форварды Харри Кейн, «Реал Мадридтің» ойыншысы Килиан Мбаппе, «Манчестер Ситидің» шабуылшысы Эрлинг Холанд және қазіргі иегер Усман Дембеле бар. Сондай-ақ сегіз дүркін жеңімпаз Лионел Месси де үміткерлер тізіміне енген.
Рәсім аясында ерлер мен әйелдер арасындағы «Алтын доптан» бөлек, бірнеше арнайы марапат табысталады. Олардың қатарында үздік жас ойыншыларға арналған Копа кубогы, үздік қақпашыларға берілетін Яшин жүлдесі, үздік шабуылшыларға арналған Герд Мюллер сыйлығы және жылдың үздік бапкерлеріне табысталатын Йохан Кройф жүлдесі бар. Сонымен қатар жылдың үздік ерлер және әйелдер клубтары анықталып, қайырымдылық пен қоғамдық бастамаларға үлес қосқан тұлғаға Сократес сыйлығы беріледі.
Биылғы марапаттау рәсімін Франция құрамасының бұрынғы шабуылшысы Тьерри Анри мен спорт жүргізушісі Кейт Скотт жүргізеді. Ұйымдастырушылар салтанатты кеш барысында футбол жұлдыздарының қатысуымен түрлі марапаттарды табыстап, маусымның үздіктерін жариялайды.
«Алтын доптың» ресми сайтында үміткерлер тізімі, марапаттар туралы материалдар және рәсім барысындағы жаңартулар жарияланады. Футбол жанкүйерлері кештің жаңалықтарын ballondor.com сайтынан бақылай алады.
Осылайша, 2026 жылғы салтанатты кеш футболдағы жеке жетістіктерді ғана емес, марапаттың жетпіс жылдық тарихын да атап өтеді. Енді жанкүйерлерді толғандыратын басты сұрақ — биылғы «Алтын доп» кімнің қолына тиеді?
Рәсім Қазақстан уақытымен түнгі 01:00 де басталады.
Біздің серіктес: FONBET