Күні кеше ғана Париждің "Шатл" театрында жылдың ең үздік ойыншысын анықтайтын "Алтын доп – 2024" атты салтанатты кеш өтті. Бүкіл әлем көз тіккен бұл іс-шарада "Алтын доп" жүлдесінің иегері – Родри деп танылды. Бұған дейін көп адам Винисиустың бұл жүлдені ұтып аларына ешбір күмән келтірмеген еді. Тіпті, бір инсайдер Винисиус бірінші тұрған әлдебір тізімнің суретін жариялады. "Болды, бітті, Винисиус алатын болды" деп ойладық бәріміз де. Алайда, ақырында "Алтын доп" Родриге тиесілі болып шықты.
Осы сәтті біз күтіп жатқанда басқа да титулдар беріліп жатты. Әйелдер арасындағы үздік бапкер "Челсидің" әйелдер командасын жаттықтыратын Эмма Хэйз болса, ерлер арасындағы үздік бапкер Карло Анчелотти болды. Тиісінше, әйелдер арасындағы үздік клуб "Барселона", ал ерлер арасында "Реал" – үздік клуб деп танылды. Лев Яшин атындағы жүлдені Эмилиано Мартинез жеңсе, Герд Мюллердікін Харри Кейн ұтып алды. Ал Копа трофейін болса, әлбетте, Ламин Ямаль жеңді. Әйелдер арасындағы үздік ойыншы Айтана Бонмати саналып, оған алтын доп беріліп жатты. Бұл сәтте мен "жүлде Винисиуске де, Родриге де емес, Айтанаға бұйырған екен" дедім. Сөйтсем, мұндай алтын доп әйелдер арасындағы үздік ойыншыға да беріледі екен.
Ерлер арасындағы алтын доп Родриге берілген соң, Винисиус қапалы боп қалған болуы керек, өзінің әлеуметтік желісінде ол: "Қажет болса 10 рет жеңіп аламын", – деп жазыпты.
Ал жүлденің иегері атанған Родри: "Осы сәтте дәл мен сияқты жарақат алған Карвахальды еске алғым келіп тұр. Ол да мен сияқты осы жерде тұруға әбден лайықты еді. Және бұл жерде жақын арада Ламин Ямаль тұратынына нық сенімдімін. Бүгінгі жеңіс менің ғана емес, бүкіл Испан футболының жеңісі", – деді.
Осылайша, Родри сонау 2008 жылы Роналду "Манчестер Юнайтед" сапында жүріп "Алтын доп" ұтқаннан кейін бұл жүлдені жеңіп алған алғашқы АПЛ ойыншысы атанды.
Мұратбек Нұрасыл
Біздің серіктес: FONBET