Әйгілі америкалық спорттық ақпараттар тарататын ESPN арнасы мен басылымы 2014 жылғы «Алтын допқа» үміткерлер тізімін жариялады. Бірақ, ол тізім ресми емес екені белгілі.
Беделді басылымның ақпараты бойынша, футбол тарихындағы жекелей футболшыға берілер бағасы жоғары сыйға 5 футболшы таласуы мүмкін екен. Екеуі сөзсіз Криштиану Роналду мен Лионель Мессиболса, қалған үміткерлер қатарына Анхель Ди Мария, Диего Коста және Томас Мюллер еніп отыр. ESPN дәйектемесі бойынша, бұл жылы да португалдық Криштиану Роналду басты фаворит саналуда. Ол мадридтік «Реалмен» Чемпиондар лигасын және осы байрақты бәсекеде бір маусымда ең көп гол соғып рекорд орнатқан болатын. Алдағы уақытта Рауль рекордының мұртын бұзып, ең үздік сұрмерген атануы бек мүмкін. Ол үшін Роналдуға 3 гол соқса жеткілікті. Десе де, Чемпиондар лигасында ең үздік сұрмерген атануға Мессиде де мүмкіндік бар. Сонымен қатар, аргентиналық футболшының командасымен Бразилияда өткен әлем чемпионатының финалына дейін жетуі осы жылғы ірі жетістігі саналған. Ал Томас Мюллер ұлттық құрамасының әлем чемпионы атануына өз септігін тигізсе, Диего Коста Испания мен Англия чемпионатында сұрмергендігімен танылғаны үшін бұл қатарға ілігіпті. Аргентиналық Анхель Ди Мария «Реалдан» кеткенімен, «Манчестер Юнайтедті» алға сүйреп жүрген бірегей ойыншы ретінде бағаланған. Айта кетейік, 2014 жылғы «Алтын допқа» үміткер футболшылардың тізімі ресми түрде 28 қазан күні белгілі болатыны туралы ФИФА twitter әлеуметтік желісінде осыған дейін хабарлаған болатын. Ал марапаттау рәсімі 2015 жылдың 12 қаңтарында Цюрих қаласында өтеді. 2013 жылы жекелей футболшыға берілер бұл мәртебелі сыйлықты Криштиану Роналду иеленген еді.