Жарнама
Жарнама

АЛТЫНМЕН АПТАЛҒАН КОМАНДА АНЫҚТАЛДЫ

13.10.2011, 03:50
Жарнама
Жарнама
Бүгін Ақтөбеде өтіп жатқан Премьер-Лига мен Бірінші Лиганың 1994 жылы туған жас аяқдопшыларының ақтық сынындағы соңғы ойындары болып, чемпион анықталды. Соңғы ойын күніне дейін чемпионның кім болары айқын болмай, командалар соңына дейін тер төгуге мәжбүр болды. Алтыннан үмітін үзген «Шахтер» мен «Қайсар» арасындағы ойын қарағандылықтардың пайдасына шешілді. «Кеншілер» өз қақпаларына бір доп енгізіп алса да, қарсыластарына қос гол соғып, жеңісті жұлып әкетті. Қоладан дәмесі бар «Тобыл» мен елордалық «Астананың» жекпе-жегінде қостанайлықтар басым болды. Есеп – 2:0. Енді «Тобылға» бар болғаны «Каспийдің» қарсыласынан жеңілуі ғана қажет еді. Алтыннан алқа таққысы келетін «Ертіс» Тараздан келген қала аттас команданы тас талқан етті.  Павлодарлықтар өз қақпасына бір гол енгізіп алды, алайда олар «Таразды» төрт мәрте ойынды ортадан бастауына мәжбүр етті. Ендігі «Ертістің» үміті «Каспийде» еді: ақтаулықтар «Ақтөбені» тізе бүктіруі қажет. Ал «Тобыл» мен «Ертіс» үміттене қараған осы ойын қалай аяқталды екен? Енді «Ақтөбе» мен «Каспий» арасындағы ойынға тоқталсақ. Батыстың дербиі көпшіліктің көңілінен шықты деген ойдамыз. Ойын тосын жағдайларға толы болды. Жергілікті «Ақтөбе» көршілеріне қос доп соғып, алға шықты. Осылайша бас жүлденің аулы жақындаған еді. Осы арада ақтөбеліктердің қақпашысы Алмағанбетов Мұрат ереже бұзғаны үшін алаңнан қуылып, орнына Дедюсов Альберт шыққан еді. «Ақтөбенің» азайып қалғанын ескерген «Каспий» қамшыны басып, есепті теңестіруге ұмтылды. Ақыры осы ойына да жетті, таразы басын тең қылды. Осы есеп төрешінің ақтық ысқырығына дейін сақталып қалды. Осылайша, «Ақтөбе» бөрігін аспанға атып чемпион атанса, «Ертіс» күміспен күптелетін болды. Батыстың екінші өкілі «Каспий» үздік үштікті түйіндеп, қоланы місе тұтты. Біріншіліктің үздік ойыншысы деп ақтөбелік жас сұрмерген Абат Айымбетов марапатталды. Ол әзірше бұл жетістікті әріптестерімен бірге тойлай алмайды. Абат Қазақстан- U17 құрамасының кезекті оқу-жаттығу жиынына кеткен болатын. Осымен үшінші рет болған бұл жарыста  «Астана» мен «Ертіс» бір-бірден чемпион атанған екен. Енді бұл ұжымдардың қатарына «Ақтөбе» де енді. «Ақтөбе» бұрындары бір рет төртінші орыннан көрінсе, бір рет екінші орын алып, күмісті қанжығасына байлаған еді. Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін 1996 жылғы жас футболшылардың да осындай байрақты бәсекесінде «Ақтөбе» қатарынан үшінші мәрте ел чемпионы болған еді. Назарларыңызға биылғы жылдың батырлары, алтын медальді мойындарына таққан «Ақтөбе-1994» ойыншыларының тізімін ұсынамыз: Қақпашылар: Алмағамбетов Мұрат, Истеков Талғат, Дедюсев Альберт. Қорғаушылар: Жұмашев Нұрбол, Басенов Ануар, Кальянов Дмитрий, Башбаев Ануар, Орынтаев Қуаныш (капитан). Жартылай қорғаушылар: Әбілхайыр Саламат, Мұхамедқалиев Бекнар, Унгарбаев Абылайхан, Алашбай Ахат, Ерназар Қазбек, Бандурко Роман, Сахманов Ақниет, Темірәлин Рахат. Шабуылшылар: Айымбетов Абат, Сәрсенбаев Ағзам, Құлмұратов Жарқынбек. Автор: Есет ТӨЛЕШ, Ақтөбе қаласы
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров