Жарнама
Жарнама

Алыптардың ақтық айқасы

22.05.2011, 20:37
Жарнама
Жарнама
Еуропаның ең белді бәсекесі Чемпиондар лигасының кубогіне ең лайықты деген екі алыптың ақтық айқаста, ойындарында өз өрнектері қалыптасқан, шеберліктері аса жоғары ойыншыларды қатарына жиған Испания чемпионы «Барселона» мен Англия чемпионы «Манчестер Юнайтед» командалары құрлықтың шын мықтысын анықтау үшін мамырдың 28- жұлдызында аты аңызға айналған Лондонның «Уэмбли» стадионында алаңға шықпақ.

Екі жыл бұрынғы айқас

Естеріңізден кетпеген болар осыдан екі жыл бұрын «Барселона» мен «МЮ» қомандалары Римнің «Стадио Олимпико» стадионында осы турнирдің финалында кездесіп, испандықтар дәлірек айтсақ каталондықтар манкуняндықтарды 2:0 есебімен жеңген болатын. Ал қазір бірі 2 жыл бұрынғы жетістіктерін қайталамақ болса, бірі сонда кеткен есені қайтаруға тырыспақ.

Сол маусымда «Барселона» жаттықтырушысы Хосеп Гвардиоланың бас команданың тізгінін алғаш рет қолға алып, тамаша жетістікке жеткен еді. Барлық қатысқан жарыстарда тамаша ойын өрнегін көрсетіп, атап айтсақ, Испания чемпионаты, Испания кубогі мен Еуропаның Чемпиондар лигасын жеңген еді. Сол жылы каталондықтар керемет ойынымен бүкіл жарыс жолын жүріп өтті деуге кедергі болатын Лондонның «Челсиімен» болған ширек финалдық бәсеке еді. Неміс төрешісі Томм Хеннинг Эвребе төрелік еткен аса тартысты ойында үлкен дауға тап болып, каталондықтар финалға шықты. Сол кезде дау тудырған мәселе - төрешінің «Барселона» қақпасына 2 рет 11-метрлік айып добын бермегені еді. Бірақ ойынның 69-шы минутында төрешінің «Барселона» қорғаушысы Абидальды алаңнан қууы қойылмаған пенальтилерден де айдан анық бұрыс шешім екені бәріне мәлім тұғын.

Финалдық ойынға «Барселона» қорғанысы аса күрделі жағдайда шықты. Себебі, алдыңғы ойындарда алған ескертулер саны бойынша оң қапталдан шабуылдауды аса жақсы көретін Даниель Алвеш пен сол қаптал қорғаушысы Эрик Абидаль жоғарыда аталған ойында алаңнан қуылғаны үшін ойынға қатысу құқығынан айырылса, жарақатына байланысты орталық қорғаушылар Рафаель Маркес пен Габриель Милито ойынға қатыса алмады. Тиісінше орын алған қиындықтарды Гвардиола сол қапталды маусымды қосалқы құрамда өткізген Силвиньомен жапса, оң қапталға аса тәжірибелі әмбебап қорғаушы және команда капитаны Карлес Пуйольді қойды. Қорғаныстың орталық шебіне жартылай қорғаушы Яя Туремен бірге жаста болса, өз күшіне аса сенімді Жерар Пикемен қосып ораналастырды. Атап өту керек Пике маусым басында МЮ-ден оралған «Барселона» футбол академиясының түлегі болатын. Ал алдыңғы шеп ойыншылары сапында өзінің бірінші толыққанды маусымын өткізіп жүрген Серхио Бускетсті Яя Туренің орнына шығарған еді.

Аса тәжірибелі Алекс Фергюссон бастаған МЮ командасы сол жылы қатарынан екінші рет Чемпиондар лигасын ұтып алып, тарихта қалатын үлкен мүмкіндікке ие болған. Сол жылғы маусымда Англия чемпионатын 16-рет ұтқан манчестерліктер финалда ойнауға лайық команданың санатына жататын. Манчестерліктер де финалдық ойынға өз ішіндегі қиындықтармен жеткен еді. Атап айтқанда, маусымды аса жоғары деңгейде өткізіп келген орталық жартылай қорғаушы Даррен Флетчердің алдыңғы ойындардағы ескертулер санына байланысты алаңға шыға алмауы. Алайда, дана жаттықтырушы Алекс Фергюссон оның орнын Майкл Кэррикпен алмастырды.

Ал ойынның өзіне тоқталып өтер болсақ, кездесудің алғашқы 6-7 минуты толығымен манчестерліктердің басымдығымен өтті десек, артық болмаған болар еді. Себебі, статистиканың өзі аталған уақыт аралығында қақпаға соққы бағыттау көрсеткіші бойынша 5 : 0 есебін манчестерліктер жағына көрсеткен болатын. Өздерінің алғашқы толыққанды шабуылында Иньестаның өте әдемі пасынан кейін Самуель Это`О ойындағы есепті ашты. Осыдан кейін біраз уақыт манчестерліктер естерін жия алмай, абыржығандай болды. Керісінше каталондықтар 1-тайм соңына дейін ойынды толығымен өз бақылауында ұстады. Матчтың 2-жартысында жинақы шыққан Алекс Фергюссон жігіттері ойынның бірінші жартысына қарағанда каталондықтармен тең деңгейде өткізе алды. Бірақ, ойынның 70-минутында Хавидың қапталдан әуелетіп дәл көтерген пасынан өзіне жат әдіспен, яғни баспен Леонель Месси сол маусымдағы лигадағы 9-голын соғып, МЮ командасының жағдайын одан ары қиындата түсті. Осыдан кейін манчестерліктер қақпаны дәл көздейтін біршама мүмкіндіктер туғызды. Алайда, сәттілік испандықтардың жағында болып, олар ойынды өздері үшін жеңісті нәтижемен аяқтауға мүмкіндік жасады.

Тарих қайталана ма?

Ал қазіргі «Барселона» мен МЮ өздерінің күш-әлеуетін осы маусым жетістіктерімен дәлелдеді ме? Десек те, ол мәселе жөнінде өз ой-тұжырымдамаларымызды жасап өтуді жөн көрдік. «Барселона» клубының тізгінін Гвардиола ұстағалы бері 3-рет Испания чемпионатындағы басты қарсыласы Мадридтің «Реалына» дес бермей, чемпиондық атаққа қол жеткізді. Жалпы айтқанда, үш маусымда өздері қатысқан 9 жарыста үздік болды. Тек жағымды нәтижелерге жетіп қана қоймай, футбол ойынының аса жоғары өрнегін жанкүйерлер назарына ұсынуда. Ол дегеніміз – қазіргі каталондықтардың допты бақылаудың көрсеткішінің жоғарылығы, бақылап қана қоймай, оны өте әдемі жүргізуі, тіпті алаң ортасында бейнебір жатығудағыдай «квадрат» ойынын жүргізетіндері, немесе шабуыл қорғаныстан бастау алады деген теңеулері. Бірде олардың қорғаушысы Пикенің таңданыс білдіре отырып, «Гвардиола бізге артқы шептен қорықпай тәуекелге баруға бұйырды» - деген. Футболдың аса көркем үлгісін өздерінің ойындық діңгегіне айналдыра білген каталондықтардың басқа ірі нәтижеге қол жеткізіп жүрген Еуропа клубтарынан тағы бір ерекшелігі команда ойыншыларының басым бөлігін «Барселона» футбол академиясының түлектерінің құрауы.

Осындай керемет нәтижелерге қол жеткізулерінің арқасында Гвардиола командасы әйгілі Йохан Кройфф жаттықтырған «Дрим Тим» деп аталған командасымен салыстыратындар өте жиі ұшырасады. Мәлімет үшін, аталған «Дрим Тим» Испания чемпионатын қатарынан төрт мәрте, яғни 1991-94 жылдар аралығында жеңіп, екі рет Еуропаның ең айтулы бәсекесінің финалында ойнап, оның бірінде (1991/92жж. маусымда) «Барселонаға» алғашқы Чемпиондар кубогін сыйлаған-ды. Алайда, Пеп Гвардиоланың пайымдауынша, «Дрим Тиммен» ешкімді ешқашан салыстыруға келмейді. Бұны Гвардиоланың жұмыс жасау тәсілінің, сондай-вқ маман ретіндегі менменсімей, сыпайылық пен сабырлылық танытуы деп түсінуге болады. Естеріңізде болса, «Барселона» Испания чемпионатында «Реалдан» 8 ұпайға ұзап шыққанда және УЕФА ЧЛ-ның ¼ финалында барлық сарапшылармен және футбол мамандарымен сол жарыс кезеңінің ең әлсіз командалар санатына жатқызылған Украинаның «Шахтерін» жеребе таңдап бергенде, ешкімді асығыс тұжырымдар жасаудан аулақ болып, сабырлыққа шақыруы еді. Ең маңыздысы өз шәкірттерінен де осындай жауапкершілікті талап етуі.

Ал осы маусымдағы 1/4 финалдық ойындарда «Шахтерге» дес бермеген каталондықтар, 1/8 финал кезеңінде Лондондық «Арсеналмен» ойындарда біршама қиындықтарға тап болды. Ширек финалдағы «Реалмен» болған бәсеке де аса күрделі, шиеленісті оқиғалармен өткен еді. Бірінші кездесуде мадридтік қорғаушы Пепенің алаңнан қуылуынан, Пеп Гвардиола командасының жеңісінің тәтті дәмін толықтай сезілмегендей әсер қалдыруы мүмкін. Осындай жауапкершілігі мол тартыста Пепенің алаңнан қуылмай-ақ төреші тарапына ескерту қағазымен шектелуіне де болар еді-ау. Бір ойыншыға азайған мадридтіктерге қарсы өз ойын тәсілін жүргізу каталондықтар үшін оңайлау болғанын мойындауға тура келеді. Мадрид командасының бас жаттықтырушысы Жозе Моуриньоның ойынша «Барселона» мұндай жеңістен ұялуы тиіс деп, толығымен таза жеңілісін мойындамады және де қарымта кездесуге еш үмітсіз-ақ жалау көтеретінін айтқан болатын. Қарымта кездесуде де екі жақты пікірлерге сай оқиға орын алды, ол «Реал» шабуылшысы Гонсало Игуаинның есеп ашылмай тұрғанда саналмаған голы еді. Шынында да, Моуриньо мырзаның айтуынша, каталондықтардың сәтті нәтижелерге қол жеткізген маусымдарында күдікті жайттар үнемі орын алып отырған. Оған мысалға 2008-2009 жылғы УЕФА ЧЛ-дағы ширек финалдағы лондондық «Челсимен» өткен қарымта кездесудегі орын алған күдік тудырған оқиғалар еді. Тіпті, королдік клубтың бас жаттықтырушысы «Барселона» клубын ғана емес, УЕФА-ның да абыройына нұқсаны тиетін әңгімелер айтып өткен-ді. Десек те, мұндай оқиғалардан кейінгі таңдау жанкүйерлердің өз талғамдарына сай болуы тиісті.

Ақтық сынның ау-жайы

«Манчестер Юнайтед» клубы Англияның соңғы жылдардағы ең үздік команда екенін ойынындағы тұрақтылығымен, спорттық нәтижелері жоғары көрсеткіштерімен дәлелдеп бағуда. Мұндағы тұрақтылықтың негізгі нышандарының бірі команданың бас жаттықтырушысы Сэр Алекс Фергюссон екенін жанкүйерлер айтпаса да білетіні мәлім. Жаттықтырушының аса біліктілігі мен мол тәжірибесі команданың турнирлердегі алдыңғы қатарда болуына көп септігін тигізетінін дәлелдеген Алекс Фергюссонның мол тәжірибелік мұрасы мен өзінің жүргізіп отырған бағдарына деген сенімділіктері шәкірттеріне әсер етіп қана қоймай, олардың тамаша жеңістер иегерлеріне айналуына да жетелеуде.

Еуропаның ең беделді біріншілігі болып саналатын Англия чемпионатының соңғы бес турнирлік маусымындағы төрт рет ең үздік атанған «Манчестер Юнайтед» клубының халықаралық аренада Еуропаның ең айтулы-абыройлы турнирі УЕФА-ның ЧЛ-да соңғы төрт жылда үш мәрте финалдық ойынға шығуы олардың шама-әлеуетінің аса жоғары дәрежеде екендіктерін дәлелдейді. Құрамын аса шебер футболшылармен жасақтаған манчестерлік суперклуб ойыны негізінен футболдың ағылшындық стиліне негізделген. Өйткені, біріншілік басынан соңғы турына дейін тартысты өтетін ағылшын біріншілігі үшін тек қана шеберліктің аздық ететіндігінен физикалық күш әлеуетінінің ағылшын футболынан алатын орны зор болып отыр. Десек те, манчестерліктер сапында ойын тағдырын өз шеберлігінің арқасында шешіп кетуге лайықты ойыншылардың көптігін атап өтпеуге болмайды. Райан Гиггз, Уэйн Руни, Пол Скоулз, Нани, Валенсия, Патрис Эвра сынды тәжірибе мен шеберлікті бойына бірге жиған футболшылар дер кезінде қандай тактикалық әдіс-тәсілді қолданып кетуге әзір екендіктерін жақсы білетін, негізінен ұжымдық ойынды дәріптейтін команда болып табылады.

Осы турнир барысында «Манчестер Юнайтед» өздеріне тән ойын өрнегімен көздеген нәтижеге жетудің аса шебер үлгісін көрсете отырып финалдық кездесуге жетіп отыр. Топтық кезеңнен аса қиындықсыз өтіп, плей-оффтық бәсекелерде де қарсыластарына еш мүмкіндік берместен финалдық кезеңге де жетті. Жартылай финалда немістің «Шальке-04» командасын еш қиындықсыз өтіп, ширек финалдық кезеңде Лондонның «Челсиін» артта қалдырса, 1/8-финалдық бәсекеде француздардың «Марселін» өткен еді.

Европаның ең беделдіде айтулы турнирінен үздік шығуға үміткер «Барселона» мен «Манчестер Юнайтед» командаларының екі жыл бұрынғы маусымынан ерекшелейтін тұстары біршама екендігі анық болып отыр. Манчестерліктер сапында К. Роналдудың жоқтығы бұрынғы Месси-Роналду теке-тіресінің, жалпы команда көшбасшылар қақтығысының орнын ойсыратып тұрғандай.

Сол уақыттан бері екі команда да бірқатар өзгерістер орын алды. «Барселонаға» бас жаттықтырушылыққа Пеп Гвардиоланы әкелген клуб басшысы Жоан Лапортаның қызметтен кетуінен басталса (орнына Сандро Россель сайланды), аз да болса каталондықтар сапындағы өзгерістер айтарлықтай болды. Команданың шабуыл шебінде Самуэль Это`О мен Тьерри Анридің орнын «Валенсия» клубынан алынған сұрмерген Давид Вилья мен каталондықтар академиясының түлегі Педро Родригес басты. Орталық шепте де Серхио Бускетстің тек каталондықтар қатарында ғана емес, Испания құрамасының да негізгі ойыншысы атануы «Барселона» командасының негізгі өзгерістері болып саналды. Аталған өзгерістер «Барселонаның» ойын жүргізу әдісін жандандыра түскенін айтпаса да, көзге ұрып тұрғаны анық.

Манчестерліктер сапында К. Роналду кетсе, оның орнын толтыру тіпті мүмкін емес, команда бұрынғыдай сәтті нәтижелерге жете алмайды деген болжамдарды жоққа шығарған команданың бас бапкері одан ары да командаға сай ойыншыларды тартып қана қоймай, қосалқы құрам ойыншыларын да бас командаға шақыра білді. Атап айтсақ, Валенсия мен Хавьер Эрнандесті алдырып, оң қапталда кезекпен өнер көрсететін егіз бразилиялық жас жеткіншектер Савио мен Рафаель да Сильвалар ұзаққа созылатын маусым және манчестерліктер қатысатын жарыстарда негізгі ойыншыларды алмастыратын Обертан, Гибсон, Д. Эванс және Смолинг сынды аяқдопшылармен қосалқы құрамның өзін күшейтті. Аталған жігіттерді басты команда ойыншыларымен Алекс Фергюссоның аса көрегендікпен өте тиімді алмастырып отыруы команданың тұрақты да оң нәтижелерге жетуіне өз үлестерін қосатынын атап өтуіміз қажет. Содан бері команда сапынан аргентиналық шабуылшы Карлос Тевестің басқа манчестерлік клуб «Манчестер Ситиге» ауысқаны, команда ардагері Гари Нэвилдің ойыншылық карьерасын аяқтауы команда нәтижелерінің нашарлауына кері әсерін тигізбегендігін көреміз.

Тамаша маусым өткізіп отырған Райан Гиггздің, әмбебап шабуылшыға тән өнерімен ерекшеленіп жүрген Уэйн Рунидің, артқы шепте қорғаныстың алынбастай үлгісін танытқан Видич – Фердинанд жұбы, қақпадағы қырыққа аяқ басқан Ван дер Саар және т. б. басқа да футбол өнерін жетік меңгерген ойыншылармен жасақталған «Манчестер Юнайтед» қашан да жанкүйерлердің қошеметіне бөленуден жалықпайтындарын көрсеткен жетістіктерімен дәлелдеуде. Бұл ойыншылардан кемде-кем өнер көрсетпейтін МЮ-дің бойтұмарындай ойыншы Пол Скоулз, сонымен қатар Пак, Нани, Кэррик, Андерссон, Валенсия және Эвра сынды ойыншылар жұмылса, қандай да болмасын қамалды алатын күш екендіктері баршаға мәлім.

P.S

Футбол өнерін дамытудың тамаша қасиеттеріне ие, мүмкіндіктері теңдей, бұған дейінгі нәтижелерімен де құрлықтың шын мықтысына лайықты қос команда бұл спорттық сайыс болғандықтан жеңімпазды анықтаулар тиіс. Лондонның «Уэмбли» стадионына мыңдаған және көгілдір экран алдына үйірілетін миллиондаған футбол сүйер қауым күтетін тамаша футбол қойылымы қалай да болмасын қызығы мен тартысы мол үлкен оқиға желісін ұсынарына сенімдеміз.

Қарпық Ботпай

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров

Алдыңғы жаңалық
Роналду рекордты жаңартты
Келесі жаңалық
Болжам бұрыш