Және ескере кететін бір жайт, қылышын сүйреп қыс келгенде ауылдың «премьер-лигасы» өз жұмысын тәмамдайды. Бір ерекшелігі бұл жерде жеңімпаз да, жеңілуші де жоқ. Енді мына қызыққа мойын бұралық. Маусым аяқталып, футболшылар демалысқа шықты. Олар енді ғимарат ішінде болатын спорттың басқа түрлеріне көңіл бөледі екен. Сөйтіп, ауылдың аяқ доп шеберлері әмбебап спортшы болып шыға келеді. Бұл дегеніңіз, физикалық тұрғыда да осал емес екендерін көрсетсе керек. Міне, осындай балалар таланттарын барынша көрсетіп жатса да, тек ауылдың спорт сүйер қауымының ізгі ниеті мен тілегінен басқа алар марапаты жоқ-ты. Алайда, қазақ футболына қосар үлестері бар-ау деген де пікірлерді құлағымыз шалып қалады.
Ия, несін жасырайық, сол балалардың өздерінің де спортты ары қарай жалғастыруға қызығушылық көрсетіп, құлшынып тұрғанын байқамаймыз. Себебін сұрасақ, бірауыздан Қазақстанда спортшыларға жағдай жасалмаған деген жауабын қайтарады. Мұндай жауап, таңғалдырмай қоймасы анық. Сонда мына біздің спортшылармыз еш жағдайы жоқ болса, қалай ғана соның бәріне шыдап, спортпен айналысып, Қазақстанды әлемде қалайша танытып жүр екен деген сауал еріксіз туады. Әлбетте, спортшыларымыз балқып-шалқып жүр демесек те, қолдан келген көмегін мемлекет тиісінше көрсетіп жатыр емес пе?! Ал біздің жастарымызға бірінші жағдай жасау керек екен де, содан кейін ғана олар дарынын паш ету керек екен. Жаңа туған баланы көрімдік бермей көрсетпейтін қазақтың салты спортта да көрініс алғандай. Әлемнің футбол жұлдыздарының жоғары дәрежедегі ойын көрсетуінің «себебін» енді түсінгендейміз. Барлық жағдайы жасалған. Бапкердің көзіне өзінің ойыны арқылы түскен Роналдиньоны, Мессиді, Аршавинді жылы жауып керек болғаны ғой сонда. Аршавиннің екінші маусымдағы ойыны тұрақты болмағаннан кейін оның клуб ауыстыруы мүмкін деген сұрақ туғанын да жасырып қалуымыз керек қой. Ресейдің ЦСКА командасында ойын көрсеткен Жирковты сонау Англияға ойыншының жағдайын жасап берелік деп шақырғаны ғой, шамасы. Жоқ, арине. Англияның азулы командаларының бірі «Челсидің» бас бапкерінің Жирковтың ойынына, дарынына қызығуынан туған шақырту бұл. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген халық сөзі қалт айтылғаны ғой, сірә. Кез келген жұмысқа тұрғанда да алдымен, бір ай толық жұмыс істейсің, алдын ала бірінші еңбекақы төлегенді еш жерден көрмедім. Футболда да дәл солай. Ойыныңды көрсетесің, кейін соған лайық марапатыңа да ие боласың. Және болашақта ары қарай жеңіс тұғырынан көріну үшін екі есе ,тіпті, үш есе тер төгуің керек. Сол алаңдағы қызу еңбегіңнің жемісін, дүбірлі додада жеңген кезде көресің. «Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» жүру қазақтың табиғатына жат екені әуелден белгілі. Ауыл жастарының футбол жайлы айтылған қате ойларын сейілте алсақ, футболға деген қызығушылықты бүгінгі күнгіден де арттыра алсақ, жастарға еңбек пен табандылық жеңіске апаратын жол екенін жіті түсіндірсек, арадағы біршама кедергілерді жеңе алушы едік. Әрине, бұл үшін табанды жұмыс істеу керек. Уақытты да талап етеді. Алайда, оңайлықпен ештеңе келмейді ғой. Мінеки, осындай түсінбеушіліктер қазақ футболын артқа тартпаса, алға басқан әр қадамын шалуда. Бұл бір жақтың құзырындағы мәселе емес. Бірі ауыл жастары болып, бірі билік өкілдері болып, екі жақтап спортты алға сүйресе, жалпы, қазақ спорты тек ілгері адым жасайтынына шәк күмән келтірмейміз. Сеніміміз бен үмітіміз бұндай қиыншылықтардан әлдеқайда жоғарырақ.Бота БАҚДӘУЛЕТҚЫЗЫ,
Қарағанды
Біздің серіктес: FONBET