«Елімайдың» бас бапкері Андрей Карпович «Астанаға» қарсы өткен Лига Кубогінің жартылай финалдық кездесуі жайлы айтты.
Сондай-ақ, қазақстандық маман матч соңындағы баспасөз-мәслихатында Юрий Перцухтың алаңнан қуылуына байланысты пікірін білдірген.
«Қай жағынан алып қарасаң да қиын кездесу болды. Тартысқа толы ойын. Әрдайым шыңдала бергің келеді. Мүмкіндіктерді мүл жібермеу керек. Мүмкіндіктерің іске асыра алмадың екен – жеңілдің деген сөз. Ал ойын соңындағы пенальти – лотерея ғой. Сәттіліктің серік болмағаны өкінішті-ақ! Футболшының алаңнан қуылуы көңіл-күйімізді түсіріп жіберген. Мұндай ойындарда эмоцияға бекем болу қажет. Ал төреші эмоциясын тізгіндей алған жоқ, соның салдарынан кездесуде нашар қызмет көрсетті деп есептеймін. Біздің ойымызша, анау эпизодта, ереже бұзылып, пенальти болды. Енді комиссияның осы жағдайға байланысты мәлімдемесін күтейік, мамандардың уәжін тыңдау қызық болады», - деді семейлік ұжымның бас бапкері.
Естеріңізде болса, кеше семейлік команда жартылай финалда «Астанадан» ұтылып, жарыс жолын аяқтады. Лига Кубогінің екінші жартылай финалдық кездесуінде «Жеңіс» «Қайраттан» айласын асырып, финалға шыққан болатын. Енді елордалық қос команда 24-қарашада өтетін финалда Лига Кубогін сарапқа салмақ.
Біздің серіктес: FONBET