Жарнама
Жарнама

Андрей Карпович: «Мақсат – чемпионатта жүлделі орыннан көріну»

07.05.2022, 20:21
Карпович дебюттік ойынын «Каспийге» қарсы өткізбек.
Жарнама
Жарнама

«Ақтөбенің» жаңа бас бапкері Андрей Карпович клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында команданың мақсат-міндеттерін айтып, ақтөбелік жанкүйерлердің қолдауын жоғары бағалады.

- Ақтөбеге қайтып келгеніме қуаныштымын - бұл Қазақстандағы футболды жақсы көретін қалалардың бірі. Ең талапшыл жанкүйерлері бар клуб. Клуб басшылығына сенім білдіргені үшін алғыс айтқым келеді. Біз өз тарапымыздан қойылған міндеттерді шешу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз. Маңызды тапсырмалар бар, жауапкершілікті түсінеміз және босаңсуға уақыт жоқ. Біз бұған дайынбыз және үлкен ықыласпен жұмыс істейміз. Келесі матчты асыға күтудемін.

- Сіздің алдыңызда қандай қиындықтар бар?

- Мақсат – чемпионатта жүлделі орыннан көріну. Мұнда бәрі анық және түсінікті деп ойлаймын. «Ақтөбе» сияқты командада бұдан басқа міндеттер болмайды деп ойлаймын. Мұндағы ойыншылар да сайдың серке тасындай іріктелген. Олар барлығын жақсы түсінеді және чемпионат басталмай тұрып-ақ қандай міндеттің қойылғанын білді. Нашар нәтижеге қарамастан, бұл міндетті ешкім алып тастаған жоқ.

- Бапкерлік штабыңыз толық жасақталды ма?

- Иә, жаттықтырушылар штабы жасақталды. Екі жаңа көмекшім келді. Бұл тұрғыда мәселе жоқ.

- Өзіңіз айтқандай, сізде арқаны кеңге жаюға уақыт жоқ. Командамен таныстыңыз ба? «Каспийге» қарсы ойынға дайындықты қалай бағалайсыз?

- Жігіттердің көбін танимын, өйткені чемпионатта олармен жолым тоғысқан. Мен тіпті кейбір ойыншылармен бірге ойнадым. Команда маған таныс, себебі біз оны талдадық, оған қарсы ойнап та үлгердік. Ақпарат бар, күшті және әлсіз жақтарын анықтадық. Матчқа дайындық әдеттегідей жүріп жатыр. Әрине, ойыншылардың талаптарды түсінуі үшін әрқашан уақыт қажет. Біз бұл жағдайға дайынбыз, жігіттер барлығын жақсы қабылдап, келесі матчқа жақсы ниетпен дайындалуда. Бізді қызықты матч күтіп тұр. Біздің міндет Ақтаудан ұпай әкелу.

- Сіз ақтөбелік жанкүйерлердің өте талапшыл екенін атап өттіңіз. Жанкүйерлерге не айтар едіңіз?

- Біріншіден, мен мұнда команданы өте жақсы қолдайтынын білемін. Нәтиже болған кезде де, болмаған сәтте де. Мұнда жанкүйерлер шын мәнінде 12-ші ойыншы болып саналады. Бірақ, әрине, олардың нәтиже сұрауға, талап етуге құқығы бар. Адамдар футболды жақсы көреді, команда үшін жаны ашиды және алаңдайды. Олар мұны өте ұйымдасқан және әдемі түрде қалай жасау керектігін біледі. Ақтөбедегі «Орталық» стадионда ойнағандар менің не айтып тұрғанымды жақсы түсінеді. Бұл жерде, шын мәнінде, әрбір матч еурокубок сияқты. Мұнда қонақ командаға ойнау өте қиын, ал алаң иелері үшін өте қызық ойын болады. Жанкүйерлердің қолдауы әрқашан сезіледі, ол қосымша күш пен эмоция береді. Жанкүйерлер командаға алдағы уақытта да дәл сондай қызу қолдау көрсетеді деп сенеміз.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров