Қазақстан құрамасының бас бапкерінің міндетін атқарушы Андрей Карпович Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінде Молдовамен болған алғашқы матчты (1:2) қорытындылады:
- Жеңіс құтты болсын! Біз күткендей, қиын ойын болды. Дайындық кезінде пысықтаған дүниелеріміз өз септігін тигізді. Молдова өз алаңында өнер көрсетті, жанкүйерлердің қолдауына ие болды. Қарсылас сапында шебер ойыншылар көп болғандықтан, олар бұл матчта фаворит саналды. Өте мықты қарсыласпен болған ойында жеңіске жеткенімізге қуаныштымыз. Бірақ бұл нәтижені ұмытуға тура келеді. Себебі барлығы Нұр-Сұлтанда өтетін ойында шешіледі. Ол жақта да бізді қиын матч күтіп тұр. Біз өз кезегімізде дайындықты күшейтіп, ойынымызды жақсартуымыз қажет.
- Дебюттік ойыныңызда жеңіске жеткеніңізге қарамастан қатты қуанбадыңыз. Мұның себебі неде?
Мүмкін эмоциямды іште сақтаған шығармын. Бірақ гол соққан сәтте командамен бірге қуандық. Матчтан кейін киім ауыстыратын бөлмеде керемет атмосфера орнады. Осындай қиын матчта және дебюттік ойында жеңіске жету, әрине, ерекше әсер сыйлайды. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Біз өзімізге артылған жауапкершілік пен қысымды сезіне алдық. Жігіттер мінез көрсетіп, осындай қиын матчта жеңісті жұлып әкетті.
Біз қарсыластың агрессивті ойнайтынын біліп, соған дайындалдық. Бұл нәтижеге жігіттердің арқасында қол жеткіздік. Матч соңында үшінші голды соғатын керемет мүмкіндікке ие болдық. Осыны есептемегенде, ойыншылар өздерінде болған барлық мүмкіндікті пайдалана білді. Сәттілік біз жақта болды деп айта аламын.
Алдағы ойында бүгінгі қателіктерді жібермеуге, қарсыластың көп мүмкіндік жасауына жол бермейміз және жанкүйерлердің қолдауына иек артатын боламыз. Олар біз үшін он екінші ойыншы болып саналады.
- Алғашқы гол соғылар сәтте Нұралы Әліп қателік жіберіп қойды. Осы жайлы айта кетсеңіз.
Футбол қателіксіз болмайды. Ол кезде ойыншылар жағдайға немқұрайлы қарап, концентрацияны жоғалтып алды. Ал қарсылас команданың шабуылшысы өз шеберлігін көрсетіп, бізді бұл қателік үшін жазалап кетті. Бірінші таймның соңында гол соғу қарсыласқа психологиялық тұрғыдан басымдық сыйлады. Бірақ біз екінші таймда жиналып, тәп-тәуір ойнай бастадық. Жасаған ауысымдарымыз да ойын мен нәтижеге өз әсерін тигізді.
Біздің серіктес: FONBET