Жарнама
Жарнама

Андрей Тихонов: «Астананың» трансфер жасауға көк тиын ақшасы жоқ»

21.05.2021, 22:47
«Астана» жазғы трансферлік терезеде де еркін агенттерді іздестіретін болады
Жарнама
Жарнама

Елордалық команданың бас бапкері Андрей Тихонов Prosports.kz сайтына берген эксклюзивті сұхбатында «Астанадағы» жағдай туралы айтып, төрешілер мен алаңдардың сапасына қатысты мәселелерге тоқталды.

- Андрей Валерийұлы, «Астана» алғашқы турда Түркістанда «Тұранмен» тең түсіп, сынның астында қалды. Масқара деп баға бергендер де болды. Бірақ келесі он ойында команда екі ұпай ғана жоғалтты. Дәл осындай нәтижені өзіңіз күттіңіз бе?

- Сол матчтан кейін «Астананы» үздіктер тізімінен сызып тастағандар да болған шығар. Бұл - футбол, бір ойындағы жеңісіңе өзге түгіл, өзің де таңқаласың, келесі ойында сәттілік теріс айналып, жоқ жерден сүрінесің. Бір жұдырық болып жұмылып, бірден ес жиғанымыздың арқасында жеңістен жеңіске жетіп отырмыз. 

- Осы маусымның басты фавориті «Қайрат» біріншілікті соншалықты сенімсіз бастайды деп ойладыңыз ба?

- «Қайрат» ұпай жоғалтқан ойындарды саралайтын болсақ, алматылықтар өз қателіктерінен зардап шегіп жүр. Команданың жолы болмай жүргені де рас. «Қайраттың» ойын өрнегі әдемі. Сондықтан бәсекелестік әлі алда деп ойлаймын.  

- Дегенмен, «Қайратпен» ойын алдында ұпай басымдылығы «Астананың» жағында. Тіпті елордалықтар қателік жіберсе де, турнир кестесінде «Қайраттан» айтарлықтай қауіп болады дегенге сену де қиын. 

- Жоқ, мен сізбен келіспеймін. Басқасы басқа, «Қайратпен» ойында «Астананың» қателікке бой алдыруға, сүрінуге құқығы жоқ. Себебі алматылық клуб чемпионаттағы басты қарсыласымыз.

- Турнир кестесіне қарасақ, «Астананың» төрт жағы тең, ешқандай мәселесі жоқ секілді...

- Білесіз бе, 10 немесе 12 матчтан тұратын жеңісті серияны жоспарлау мүмкін емес. Бұл нәтиже - команда жұмысының жемісі, әр ойыншының өз ісіне жаттығуда да, алаңда да адалдығы.

- Қысқы маусымаралық үзілісте барлық жоспарыңызды жүзеге асыра алдыңыз ба?

- Жоспардың бәрі орындала берсе... Біз оқу-жаттығу жиындарының бірін Нұр-Сұлтанда өткізуге мәжбүр болдық, кадр аз болды. Айталық, дәл сол Валерий Чуперка маусым басталар алдында ғана командаға қосылды. Жарақат алған футболшылар да көбейді. Қазір Абат Айымбетов жарақаттан айыға алмай жүр. 

Футболшы таңдайтын мүмкіндік те болған жоқ. Оған бір ғана себеп: клубта трансферге ақша жоқ. Келген ойыншылар үшін көк тиын шығарған жоқпыз. Бәрі еркін агент ретінде командаға қосылды. Бапкерлік штаб пен басшылықтағы бірнеше адамның жемісті жұмысының арқасында дәл қазір чемпионатта сенімді көш бастап тұрған ұжым жасақтадық. Маусым алдындағы еңбегімізге жақсы баға беруге болады. 

- Ойыншыларды командаға шақырмас бұрын сізбен келісілді ме?

- Әрине, менен рұқсат сұрайды. 

- Жазғы трансфер кезінде клуб трансферге ақша бөле ме?

- Қазір футболшылардың трансфері үшін ақша төлеуге «Астананың» мүмкіндігі жоқ. Келісім-шарты аяқталуға жақын ойыншыларды бақылап отырамыз. Команданың деңгейіне, ойынына сай келсе шақыруға тырысамыз. Бізде қосалқы құрамда футболшы аз. Сапалы ойыншылар керек.

- Әңгіме барысында, Андрей Валерийұлы, клубтағы қаржылық қиындықты бірнеше рет айттыңыз. Жақында ресейлік газетке берген сұхбатыңызда бапкерлер де, «Астана» футболшылары да қаңтардан бастап жалақы ала алмай жүр деп мәлімдедіңіз. Бұл қаншалықты рас?

- Ауруын жасырған өледі демекші, проблема бар екенін мойындаймыз. Жалақы кешіктіріліп беріліп жатыр. Наразы боп жүргендер де жоқ емес. Жұмысын жақсы атқарған адам, оның өтемақысын да уақытында алып отыруы керек. Бірақ, біз бәрін жеңіп шығамыз. Клубтың жағдайын жігіттер жақсы түсініп отыр. Ең бастысы - осы. Іштей қанша қиналсақ та, алаңдағы нәтижеміз тамаша. 

- «Астана» алдында қандай міндеттер тұр?

- Клуб қанша рет ел чемпионы болды? 6 рет! Жанкүйерлер бірінші орыннан басқа нәтижені қанағат тұтпайды. Ең үздік болу - біздің мақсатымыз, әрі міндетіміз. 

- Команда бірнеше матчта 1:0 есебімен басым түсті. 1:0 «Астананың» үйреншікті есебіне айналды. Мұны қалай түсіндіруге болады?

- «Милан» секілді ойнаймыз ғой. Бір гол соғамыз да, қарсыласты өз қақпамызға жақындатпаймыз. Әрине, әзіл. Шынымды айтсам, бұл қазірдің өзіңде футболшылардың шаршағанын білдіреді. Матчтар арасы өте жақын, демалатын уақыт жоқ. Дәл осылай ойнаған дұрыс болар еді: жексенбі-сәрсенбі-жексенбі, содан кейін бір апта демалыс. Мен өзім футбол ойнадым, сондықтан жігіттердің тынығып, қалыпқа келу процесі қалай болу керектігін бір кісідей білемін деп ойлаймын.

Сосын, Қазақстандағы алаңдардың сапасына тоқталған жөн. 10 жыл ішінде синтетикалық алаңның да сапасын көтеруге болатын еді ғой. Чемпионаттағы клубтардың стадионында кім көрінген жаттығып, ойнап жүреді. Сапа сын көтермейді. Шөп өспей, қара жерге айналған алаңдар бар. Осылай бола тұра, қалайша қазақ футболы дамиды деп сұрақ қоямыз.

Ресей чемпионатындағы «Оренбург» командасы Премьер-лигаға өте алмай қалды. Стадионға 7000 мың адам ғана сияды екен. Регламент бойынша 10 мың жанкүйер қабылдауы керек. Сол стадион - біздегі клубтардың арманы. Шағын, өте сапалы синтетикалық алаңы бар. 

- Төрешілер жайлы не айтасыз?

- Матчтың тағдырын төрешілер емес, футболшылар шешуі керек. Бізде жауапсыз сұрақ көп. Бірақ мынаны ескертемін: егер біз «қара киімділер» тарапынан ашық әділетсіздікке тап болсақ, үндемей қалмаймыз.

Бірінші айналым әлі аяқталған жоқ, төрешілерге қатысты жанжал қазірдің өзінде жетіп артылады. Түсініксіз шешім қабылдайтын кездер өте көп. Бір адамның біліксіздігінен бүкіл клуб және жанкүйерлер зардап шекпеуі керек.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров