«Астананың» бұрынғы бас бапкері Андрей Тихонов жанкүйерлермен қоштасып, елордалық команданың маусымдағы жұмысын қорытындылап, сұхбат берді:
– Мені Қазақстанның ең үлкен футбол клубына жұмысқа шақырып, сенім артқан, «Астана» сапында жұмыс істеуге мүмкіндік берген бұрынғы басшылыққа алғысым шексіз. Әрине, тіршілік тоқтамайды, бәрі өзгереді. Жаңадан құрам жасақтап, олардың дайындығына аса мән беріп, ілкімді жұмыстар атқардық деп айта аламын. Маусым бойы жақсы өнер көрсеттік, тек бір кездесуде жолымыз болмады. Футболдың ерекшелігі де осында, бір ойын маусым бойы жасалған еңбекті жоққа шығарғандай. Бұл ойын, өзінше бір әлем. Ал өмірде бәрі біз қалағандай болмайды.
Осы маусымда бірге жұмыс жасаған басшылыққа да алғыс айтамын. Оларға сәттілік тілеймін. Келесі маусымда жоспарлаған бар мақсат-міндеттері толығымен іске ассын.
Футболшылардың намысын оятып, шабыт сыйлап, мерейін өсіретін жанкүйерлерге алғысымды білдіремін. Олардың ерекше қолдау көрсетуі біз үшін өте маңызды. Пандемия уақытында кқпиеген матчтар карантин талаптарына сай көрерменсіз өтті. Сол кезде бізге қолдаушыларымыздың ыстық ықыласы жетіспегені шындық. Тек астаналық емес, Қазақстанның басқа аймақтарында тұратын клуб жанкүйерлеріне жүрекжарды лебізімді жолдаймын. Қай өңірге барсақ та бізді құшақ жая қарсы алып, қолдау көрсетті. Соңғы матч кезінде, команданың ұтылып жатқанына қарамастан, қолдауы мен қошеметін аямады. Қазақстан Кубогі кезеңінде біз күтпеген жағдайлар орын алды. Түрлі себептерге байланысты ойынға негізгі жартылай қорғаушылар шыға алмады: Энео Битри жарақат алды, ал Абат Айымбетов денсаулық жағдайына байланысты матчқа үш күн қалғанда ғана дайындыққа кірісті.
Қазақстанның ең үлкен әрі марапаты жағынан көш бастап тұрған клубта қызмет ету мен үшін үлкен мәртебе. Кез келген бапкер үшін осындай клуб қатарында болу – бақыт. Клубқа осы деңгей қалып қоймай, әрі қарай қарыштап дами беруіне тілекшімін. Қайтадан Қазақстан чемпионы атанғанын қалаймын.Өкінішітісі, менің кезінде бұл атаққа қол жеткізе алмадық. Жеңіске ұмтылдық, аянбай қолдан келгенді жасадық, таза ойын көрсеттік. Бастысы, қазақ футболы қарыштап дами берсін!
– «Астанада» қызмет еткен уақыт ішінде қандай қызықты сәттер мен есте қалатындай матчтар болды?
– Жарқын эмоцияларға толы, есте мәңгі қалатын сәттер өте көп болды. Біріншіден, әр ойынның өзіндік ұмытылмас ерекшелігі бар. Ал жеңіс болса, көңілге қуаныш сыйлайды. Маусым бойы әдемі ойын көрсеткен ойыншыларыммен мақтанамын. Қиын кезеңдерден де бірге өттік. Маусым басында команданы жасақтадық, біз қалаған кей футболшылар түрлі жағдайларға байланысты келе алмады. Одан бөлек, жарты жыл тегін жұмыс істегендей болдық, яғни бес айда тек бір-ақ рет еңбекақы төленді. Осындай қыин-қыстау кезде кетіп қалмай (кетіп қалуға еркі болса да), шыдамдылық танытқан жігіттерге зор алғыс айтамын. Иә, бізге оңай болмады, бірақ маусым соңына қарай клуб басшылығы жағдайды реттеді. Маусым бойы тер төгіп, кездесулердің бәрін дерлік сәтті өткізіп, тек бір матчта өзіміз қалағандай доп теппегеніміз көңілге қаяу түсіреді. Барынша алаңда таза ойын көрсетіп, қолдан келгеннің бәрін жасап бақтық.
Қазақстандық футболдың ақсап тұрған тұстары жетерлік. Уақыт өте реттеліп, қалыпқа келеріне сенім білдіремін. Алаңға шығып, бәрі сол жерде шешілгені дұрыс. «Астанаға» қызықты ойындар көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрініп, ел чемпионы атағын қайтарып алуына тілекшімін.
Біздің серіктес: FONBET