«Астананың» бас бапкері Андрей Тихонов Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында «Жетісумен» болған матч (1:0), командадағы тактикалық өзгерістер мен жас ойыншыларды алаңға шығару туралы және «Астана Аренаға» жанкүйерлердің оралуы жайлы пікір білдірді.
- Андрей Валерьевич, жеңіс құтты болсын! Негізгі құрамда таза шабуылшының болмауы көпшілікті таң қалдырды. Бұл Аймбетовтың жарақатына байланысты ма?
- Айымбетовтың жарақаты, оған қоса басқаша ойын схемасымен ойнап көргіміз келді, Ароянның да денсаулығы сыр беріп алаңға шыға алмады. Қосалқы құрамда да біраз мәселелер болып тұр, ойыншыларды қайта жасақтадық. Барсегянды шабуылшы ретінде пайдаландық, кейін орнына Мұртазаев шығуы керек деген жоспар болған. Бұл мәжбүрлі ауысым болды, себебі біз әрқашан бірдей ойын көрсете алмаймыз ғой. Ойлағанымыз іске асты ма, жоқ па ол бөлек әңгіме. Бізде көптеген жақсы мүмкіндіктер болды, соның әсерінен соңында тіпті гол жіберіп ала жаздадық. Аздап жолымыз болды. Менің ойымша, жақсы мүмкіндік болған кезде гол соғу керек. Сонда ойын соңына қарай жүйкені жұқартпайтын ойын болар еді. «Жетісу» жақсы ойын көрсетті деп есептеймін. Бұл футбол, гол салған команда жеңіске жетеді.
- Алаңға қосалқы құрамнан әдеттегідей екі футболшы шықты - Смайлагич пен Мұртазаев. Ал жас ойыншылар туралы не айтуға болады? Олар физикалық тұрғыдан дайын емес пе немесе сіз тек тәуекелге бармайсыз ба?
- Біз тәуекел етпейміз. Шындығында өзгертуді қажет ететін сәттер болады. Совет секілді қорғаушы бар делік, бірақ бұрыштама, стандарттар кезінде оның бойы қысқалық етеді. Нені өзгерту керектігін немесе ненің қажет еместігін түсінетін кездер болады. Себебі мұндай ойынға кіру өте қиын, және бір қателіктің өзі қымбатқа түсуі мүмкін.
- ҚПЛ-да соңғы келе жатқан командамен ойын жас ойыншыларға таптырмас мүмкіндік сияқты көрінді...
- Біз тәуекелге барғымыз келмейді, себебі қосалқы құрамда да ойыншылар аз. Ароян ауырып қалды, Абатта жарақат. Бізде бірқатар мәселелер бар және қайталап айтамын, ойын кестесі өте тығыз. Жаттығу процесіне уақыт жоқтың қасы.
- Трибунаға жанкүйерлер қайта оралды. Бұл сіздерді қанаттандырып, жеке өзіңізге және командалық атмосфераға әсер ете ме?
- Жанкүйерлер әрдайым қанаттандырады. Олар неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы. Матчтың соңы бұлай аяқталмаса екен деп едім. Себебі көрермендер сенімді жеңісті ұнатады. Біз жұмыс жасаймыз, тырысамыз, жаңа тәсілдерді енгіземіз, тек гол салу керек.
Біздің серіктес: FONBET