Андрес Иньеста Лухан (11 мамыр, 1984. Фуентеальбиля, Альбасете, Испания) испаниялық футболшы, орталық жартылай қорғаушы. «Барселона» клубы мен Испания ұлттық құрамасында өнер көрсетеді.
Тазша бала
«Альбасете» клубында ойнап жүрген 12 жасар Иньестаны «Барсаның» скауттары байқап, оны өздерінің клубтарына шақырады. Ол «блауграна» үшін алғашқы ойынын 2002 жылдың 29 қазанында Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде «Брюггеге» қарсы өткізеді. 2003/04 маусымда Испания чемпионатында 11 ойын өткізіп, 1 гол салады. Ол алаңға негізінен клуб жұлдызы Роналдиньоны ауыстыратын. «Барселона» сол жылы Ла-лигада 2- орын алады. 2004/05 жылғы маусым Андрес үшін өте сәтті болды десек те болады. 38 турдың 37-сінде ойнап, өзінің кәсіби біліктілігін одан әрі шыңдай түседі. Жартылай қорғаушы ретінде сол маусымда шабуылшылар Это`о мен Роналдиньоға бірнеше гол салатын керемет пас береді. Ал өзі болса, сол жылы небәрі 2-ақ гол салады. 2004 жылы жазда клубқа атақты жартылай қорғаушы португалиялық Деку келгенімен де, оған алаңда орын табылатын. Плеймейкер Хави жарақат алған кездері барлық күш Иньестаға түсетін еді. Өйткені, қазір Еуропада, жалпы футбол әлемінде плеймейкерсіз ойын жүрмейді. Бірақ, біздің басты қаһарманымыздың негізгі жұмысы да осы-плеймейкер. Клубтағы осындай керемет жетістіктерінен кейін Андрес 2006 жылғы Германиядағы Әлем чемпионатына Испания құрамасының сапында аттанады. Сол жылдың 22 тамызында атақты Жоан Гампердің Кубогында мюнхендік «Баварияны» 4:0 есебімен ұтқаннан кейін команда капитаны ретінде кубокті басына көтереді. 2008/09 маусымда бірнеше жарақаттарына қарамастан ол Чемпиондар лигасының жартылай финалында лондондық «Челсидің» қақпасына гол соғып, командасын финалға дейін жеткізеді. Миланның атақты «Сан Сиро» стадионында өткен финалдық ойынды әлі де ешкім ұмыта қойған жоқ шығар. Әсіресе, «Барсаның» жанкүйерлері. Әлемде көлемі жағынан ең көп тараған спорт түрі – футбол болса, сол ала доптың майын тамызып, кез-келген қарсыласын қапыда қалдырып кететін кәрі құрлықтың ең танымал 2 клубы бір-бірімен иық тіресіп айқасты осы финалда. Англияның үмітін арқалаған сэр Алекстің «Манчестер Юнайтеді» тұманды альбионнан ат терлетіп Сильвио Берлоусконидің ауылына жеткенде, кезінде Пуйольдармен бірге доп тепкен жап-жас бапкер Хосеп Гвардиола Месси бастаған «Барселонаның» жігіттерін алып келеді. Орташа билет құны 1000 еуроны құрағанына қарамастан, 67 мың адам лық толып отырды «Сан Сирода». Осы ойында Это`о мен Месси бір-бірден гол салып, командасын қуантып жатқанда, Роналду тепкен доп айдалаға ұшып жатты. Ойын 2:0 «Барселонаның» пайдасына шешіліп, барлық кәсіби футболшы армандайтын Чемпиондар лигасының кубогін басына көтереді Иньеста жігіт. Бұл ойында да ол командасының жеңіске жетуіне бар күшін салады. Сол жылдың жазында ОАР-да өтіп жатқан Конфедерация кубогі мен Ла-Лиганың алғашқы ойынына жарақатының асқынуына байланысты доп тебе алмай қалады. Физикалық тұрғыда керемет дайындалған, әбден пісіп-жетілген, бастысы «блаугрананың» негізгі ойыншыларының біріне айналған Андрес 2010 жылғы ОАР-ғы мундиальдан кейін туған клубымен 2015 жылға дейін келісімшартқа отырады.
Жетістіктері
2008ж Еуропа чемпионы
FIFA қаулысы бойынша 2008ж ЕЧ символикалық құрамасына енген
2005/06, 2008/09 ж Чемпиондар Лигасының жеңімпазы
2004/05, 2005/06, 2008/09, 2009/10ж Испания чемпионы
2008/09ж Испания кубогінің иегері
2005/06, 2006/07ж Испания суперкубогінің иегері
2006ж Германияда өткен ӘЧ қатысушы
16 жасқа дейінгі ЕЧ
2008/09ж Испания чемпионатының үздік шабуылдаушы жартылайқорғаушысы.
Ұлттық құраманың тірегі
[caption id="" align="alignleft" width="330" caption="Ең кеш соғылған гол..."][/caption]Халықаралық деңгейдегі алғашқы ойынын 2001 жылы 16 жасқа дейінгі Еуропа чемпионатында өткізіп, сол турнирдің жеңімпазы атанады. Келесі жылы жап-жас жігіт 19 жасқа дейінгілердің құрамасына енеді. 2003 жылы 18 жасар Иньеста енді 20 жасқа дейінгілердің арасында болып жатқан Біріккен Араб Әмірліктеріндегі әлемдік додада чемпион атанып, сол турнирдің символикалық құрамасына кіреді. Бірнеше рет Испания жастар құрамасын команда капитаны ретінде айтулы додаларға жасыл алаңға алып шықты. Осындай керемет ойындарының арқасында ол ұлттық құрамада ойнамай қоймады. 2006 жылы алғаш рет Ресей құрамасымен жолдастық кездесуде «қызыл фурияның» жейдесін киіп шықты. Ал, алғашқы голын келер жылы Англиямен болған жолдастық кездесуде салады. Қарап отырсақ, бұл жігіттің өмірінде ең маңызды сәттер осы ұлттық құрамаға шақырту алғаннан кейін басталған сияқты. Өйткені, 2008 жылғы Австрия мен Швейцарияда өткен кәрі құрлықтың айтулы турнирі саналатын Еуропа чемпионатында Андрес жасындай жарқылдады. Чемпионаттағы барлық 6 ойынға қатысып, голдық пастар беріп және өзі де керемет голдар салып, өзінің құрамасына көп пайдасын тигізеді. 2010 жылғы ОАР-да өткен мундиальда «тазша бала» клубтасы Хави Эрнандес екеуі командаларын өрге жетелеумен қатар, алдыңғы шептегі шабуылшыларға голдық мүмкіндіктерге айналатын керемет пастармен қамтамасыз етіп отырды. 11 шілдеде Голландия құрамасымен өткізген финалдық ойында матчтың 117-минутында қақпашы Стекеленбург қорғаған Арьен Роббеннің жерлестерін қапыда қалдырып, Әлем чемпионы атанады.
Руслан БАҚЫТЖАН
Біздің серіктес: FONBET