Жарнама
Жарнама

Англияда орын алған топ-трансферлер

10.02.2022, 02:03
Шейхтер іске кірісті, «Эвертон» мен «Астон Вилла» да құрамын күшейтіп алды.
Жарнама
Жарнама

Англияның алты клубы қысқы трансферлік терезеде жұмсаған қаржы бойынша үздік ондыққа енді. Себебі қаңтардағы ең маңызды трансферлер дәл осы лигада орын алды. 

Люка Динь, «Эвертон» - «Астон Вилла» (30 миллион еуро) 


Люка Диньмен жанжалдасқан Рафаэль Бенитес «Эвертоннан» қуылды. Бірақ өз дегенін жасап, француз футболшысын клубтан құртты. 13 қаңтарда «Астон Вилла» Люканың трансфері жайлы хабарлады, ал төрт күннен кейін «Эвертон» Бенитесті қызметінен босатты. Стивен Джеррард «Рейнджерсте» жүрген кезде қапталдағы қорғаушыларды кеңінен қолданды, сондықтан Диньді қатарға қосу сол қапталдағы ойынды жақсарту үшін жасалған қадам болып көрінеді. Себебі Люка соңғы жылдары «Эвертондағы» ең креативті ойыншылардың бірі болды. Футболшы жаңа клуб сапындағы екінші матчында («Эвертонға» қарсы) нәтижелі паспен көзге түсті. 

Филиппе Коутиньо, «Барселона» - «Астон Вилла» (жалдау шарты бойынша) 


Оң аяғымен ғаламат соққы жасай алатын бразилиялық жартылай қорғаушы «Барселонаның» екінші Иньестасы бола алмады. Ал Джеррард ойыншының қабілеттерін жақсы біледі: Стивен онымен «Ливерпульде» бірге ойнады, сонымен қатар Джек Грилиш кеткеннен кейін «Астон Виллаға» шабуылды түрлендіретін ойыншы керек болды. Коутиньо «Манчестер Юнайтедке» қарсы дебюттік матчында (2:2) бір голдық паспен қатар, гол соқты. Жаңа клубта оның еркіндікке ие болары сөзсіз. 

Кристиан Эриксен, еркін агент - «Брентфорд» 


Еуродағы драмадан кейін Эриксен алаңға оралуға дайын екенін мәлімдеді. Дәрігерлер ойыншыға медициналық кардиовертер-дефибриллятор құрылғысын орнатты. Алайда, талаптарға сәйкес, А сериясында мұндай құрылғыны пайдаланатын футболшылар ойнай алмайды. 2021 жылдың желтоқсанында Эриксен «Интермен» келісім-шартын бұзып, «Аякс» және даниялық клубтарда жаттығу жасап жүрді. Ал қаңтардың соңында Кристиан «Брентфорд» клубына ауысты. Бұл командада Эриксеннің отандастары көп және бас бапкер Томас Франкпен жақсы таныс.

Ваут Вегорст, «Вольфсбург» - «Бернли» (14 миллион еуро)

Шон Дайчтың шабуылдағы басты қаруы Крис Вуд «Ньюкаслға» жол тартты. Алайда көп ұзамай Германиядан оның орнын басатын ойыншы табылды. Бойы 197 сантиметрді құрайтын Ваут Вегорст Англияға қоныс аударды. Вегорст «Вольфсбург» жейдесінде 144 ойынға қатысып, 70 гол мен 29 нәтижелі пастың авторы атанды. Ал «Бернли» осындай керемет шабуылшыға небәрі 14 миллион еуро жұмсады.

Виталий Миколенко, «Динамо Киев» - «Эвертон» (23,5 миллион еуро)


Бенитес кеткеннен кейін, Миколенконы Фрэнк Лэмпард пайдалануы керек. Бұған дейін украиналық қорғаушыға «Манчестер Юнайтед», «Интер», «Милан» секілді мықты клубтар қызығушылық танытқан. Дегенмен, «Эвертон» 22 жастағы Миколенко үшін ең керемет нұсқа болып көрінді, өйткені Люка Динь кеткендіктен, ол бірден негізгі ойыншы мәртебесін иеленді. Украинада Миколенко үздік қорғаушылардың бірі болды, бірақ енді ойыншы АПЛ-дегі клубтың талаптарына қаншалықты тез бейімделеді деген сұрақ туындайды. Әсіресе «Эвертон» сияқты тұрақсыз клубта. Дегенмен, Фрэнк Лэмпардтың бас бапкер ретінде келуі Виталий үшін жақсы жаңалық болып табылады. Себебі Лэмпард бұған дейін «Челсиде» жас ойыншылармен жақсы жұмыс істеді. 

Деле Алли, «Тоттенхэм» - «Эвертон» (әзірге тегін)


Ресми түрде бұл тегін трансфер болып саналады, бірақ бәрі Аллидің көрсеткен өнеріне байланысты. Егер ол 20 матч өткізсе, онда «Тоттенхэм» 12 миллион еуро алады, басқа да бонустарды есептегенде, ойыншының құны 35-45 миллион еуроға дейін өсуі мүмкін. Почеттиноның тұсында Алли маңызды ойыншылардың бірі болып еді, бірақ Жозе Моуриньо мен Антонио Конте ағылшын футболшысын керек қылмады. Қос маманға ойыншының тәртібі ұнамады, одан бөлек, олардың ойын жүйесінде Делеге позиция қарастырылмаған. Ал «Эвертонның» тізгінін ұстаған Фрэнк Лэмпард бұл жағдайды пайдаланып, талантты ойыншыны тегін алды.

Донни ван де Бек, «Манчестер Юнайтед» - «Эвертон» (жалдау шарты бойынша)


Бір жарым жыл бұрын ван де Бекті сатып алған Оле Гуннар Сульшер оны қалай пайдалану керектігін түсінбеді. Ол Бруно Фернандешпен бәсекелесе алмады. Бірақ «Эвертонның» оны негізгі ойыншы етуі екіталай. Енді голландиялық ойыншыға Деле Аллимен бәсекелесуге тура келеді.

Луис Диас, «Порту» - «Ливерпуль» (45 миллион еуро)


Садио Маненің мерсисайдтық клубпен келісім-шарты келесі жылы аяқталады, ал «Ливерпуль» сол қапталды күшейту үшін Африка кубогінің иегеріне лайықты бәсекелес тауып берді. Осы маусымда Диас Португалия чемпионатында 18 матчқа қатысып, 18 ұпай (14 гол + 4 ассист) жинады. Ол оң аяғымен тамаша соққы жасай алады және дриблинг жасаудан да қорықпайды. Юрген Клопп бұл шабуылшыны «Тоттенхэмге» бермеу үшін 45 миллион еуро жұмсауға мәжбүр болды.

Хулиан Альварес, «Ривер Плейт» - «Манчестер Сити» (17 миллион еуро)


Альварес «Ман Сити» сапында келесі маусымнан бастап өнер көрсетеді. Өйткені «қалалықтар» оны сатып алып, қайта жалға жіберді. Гвардиола көптен бері орталық шабуылшы іздеп жүрген еді. Ал Альварестің статистикасы оның көңілінен шықты: өткен жылы шабуылшы лиганың 55 ойынында 38 гол соғып, 18 нәтижелі пас берді, бірақ бұл жерде Аргентина чемпионатының деңгейін ескеру маңызды. Бірақ Гвардиола жасаған трансфердердің сәтсіз болуы екіталай. Оған қаншама жылдан бері куә болып келеміз.

Бруно Гимарайнс, «Лион» - «Ньюкасл» (42 миллион еуро)


«Ньюкасл» әмбебап ойыншыны алу арқылы жартылай қорғанысты күшейтті. Бруно алаң ортасында өзіне жүктелген кез-келген позицияда өнер көрсете алады. Шейхтер Гимарайнс үшін 42 миллион еуро жұмсап, оны клуб тарихындағы ең қымбат трансферлердің қатарына енгізді.

Крис Вуд, «Бернли» - «Ньюкасл» (30 миллион еуро)


30 жастағы шабуылшы үшін бұл сома көп болып көрінді. Бірақ бәрін түсіндіруге болады. Біріншіден, «Ньюкасл» шабуыл шебінде үлкен шығынға ұшырады. Жоэлинтон қазір жартылай қорғаушы ретінде ойнауда, ал Дуайт Гейл тізе жарақатынан кейін бұрынғы формасына қайта оралмады. Ал Каллум Уилсон мен Аллан Сент-Максимен жиі жарақат алуда. Сондықтан Вудқа 30 миллион еуро төлеуге тура келді. Бірақ ол Премьер-лигаға бейімделген ұзын бойлы шабуылшы. Әуедегі доптарға жақсы таласа алады.

Киран Триппьер, «Атлетико» - «Ньюкасл» (15 миллион еуро)


Триппьер бұған дейін «Бернли» мен «Тоттенхэм» сапында доп тепкен. Сондықтан бұл футболшының мүмкіндіктерін «Ньюкасл» жанкүйерлері жақсы біледі. Енді «Ньюкасл» Триппьердің тұрақты ойынының арқасында оң қапталды тиімді пайдалана алады. Сондай-ақ шейхтер Англия құрамасының ойыншысына Вудтың трансферіне қарағанда екі есе аз ақша төледі.

Родриго Бентанкур, «Ювентус» - «Тоттенхэм» (19 миллион еуро)


Антонио Конте «Тоттенхэмдегі» алғашқы маусымында-ақ үлкен өзгерістер жасауда. Жартылай қорғаныста ойнайтын Н'Домбеле, Алли және Ло Чельсоны керек қылмай, басқа клубтарға жіберді. Ал командада тек Хёйберг, Винкс және Скипп қана қалды. Бірақ лондондық клуб трансферлік терезенің соңғы күнінде іске кірісіп, «Ювентустың» жартылай қорғаушысы Бентанкурды қатарға қосты.

Деян Кулушевски, «Ювентус» - «Тоттенхэм» (жалдау шарты бойынша)


«Тоттенхэм» швециялық футболшыны жалға алғаны үшін 10 миллион еуро төледі, ал сатып алғысы келсе, тағы 35 миллион еуро төлеуі тиіс. Бұл опцияны іске қосу үшін «Тоттенхэм» Чемпиондар лигасына қатысуы керек немесе Кулушевскийдің өзі жалпы матчтардың 50%-на қатысуы керек. Бірақ оған лондондық клубтың шабуылшылары мүмкіндік бермеуі мүмкін. Контеде Моура-Сон-Кейн триосы және резервтегі Бергвейн бар, сондықтан Кулушевскидің негізгі құрамға енуі қиын болады.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров