"Астананың" сербиялық қорғаушысы Антонио Рукавина "Шахтермен" болған ойын (1:0) туралы ойымен бөлісті және досы Зоран Тошичтің "Тобыл" сапына ауысуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
- Антонио, жеңіс құтты болсын! Қиын ойын болды, матч туралы не айта аласыз?
- Ең бастысы 3 ұпай алдық. Әрине, гол өткізіп алатын да, біз соғатын да сәттер болды. Бірақ менің ойымша, чемпиондық осындай ауыр жеңістер арқылы келеді. Әр матчта 4-6 гол соғу мүмкін емес, кейде бүгінгідей қорғану да керек. Қиын қарсыласпен күресіп, 3 ұпайға қол жеткіздік.
- Сіз үшін матч өте эмоционалды өткен сияқты, сіз бірнеше рет төрешімен дауласып қалдыңыз. Бәрі дұрыс болды ма?
- Әрине, бұл футбол, сондықтан алаңда түрлі эмоцияға ерік береміз. Біздің жеңіске деген жігеріміз мықты, меніңше, бұл жаман емес.
- Қазіргі "Шахтерде" өзгеріс бар ма? Сіз олармен Суперкубокта ойнап едіңіз...
- Олардың ойынға деген көзқарасы өзгергені көрініп тұр. Бұл біз Суперкубокта ойнаған команда емес.
- Кездесуде бапкер Андрей Тихоновтың болмағаны сіздер үшін қиынға соқты ма?
- Әрине, қасыңда бапкердің болмағаны өте қиын. Бірақ біз бәріміз өз ісіміздің шеберіміз, сондықтан қалай ойнау керектігін білеміз. Бізде бір ғана міндет бар, ол - чемпионатты жеңіп алу. Келесі жолы Андрей Тихонов бізбен бірге болады деп сенемін.
- Сіздің досыңыз Зоран Тошич "Тобыл" ойыншысы атанды. Қалай ойлайсыз, ол ҚПЛ-да өзін көрсете ала ма?
- Ол жақсы ойыншы, "Тобылға" көмектесетіні сөзсіз. Қазақстандық футбол үшін мұндай ойыншының келуі жақсы. Егер футбол алаңында кездесіп қалсақ, ол мен үшін мәселе болуы мүмкін бе? Әрине. Бірақ футболда біз кез-келген ойынға дайындалуымыз керек, тіпті егер біз ағамызбен немесе досымызбен бәсекелесуге мәжбүр болсақ та. Ол келісім-шартқа қол қойғаннан кейін маған хабарласып, жалпы лига, футбол алаңдары, командалар туралы сұрап білді. Ерекше ештеңе жоқ.
Біздің серіктес: FONBET