Дүйсенбі күні маусым басталғалы тұңғыш рет "Манчестер Сити" үздік үштіктен төмен түсті. Алан Пардью баптайтын "Кристал Пэласқа" қонаққа барып, ойынның 2/3 бөлігінде басымдылық қолда болса да, 1:2 есебімен жеңіліп қайтты. Жаңа жылдан кейін, былтырғы чемпион команда өзгерді. 10 тур бұрын "Челсимен" алтынға таласып, үшінші орындағы қуғыншыдан 10 ұпай озып тұрған дәл осы ұжым десе сену қиын. Иә, былтыр да Чемпиондар Лигасының 1/8-ші финалында жарыс жолын тоқтатқан. Бірақ, маусым аяғында тұрақты ойын, нәтиже көрсетіп "Ливерпуль" мен "Челсиді" артта қалдырып чемпион атанған болатын. Ал, осы маусымда керек десеңіз қоладан да құр қалғалы тұр. Жазда Еуропада тазалауға мұқтаж екі команда болса, оның бірі сөзсіз осы-"Манчестер Сити". Әйтпесе, соңғы 2-3 жылдағы "Арсеналға" айналып кетеді. ЧЛ-дағы 1/8 финал, АПЛ-дағы төртінші орын дегендей. Ал шейхтардың арманы-барлық турнирде де жеңіс.
Бірінші айналымдағы ойында Агуэро голының арқасында қалалықтар минимальды есеппен басым түскен еді. Бірақ, жексенбіде өтетін кездесудің фавориті жоғарыда айтылғандай "Манчестер Юнайтед". Осы маусымда, өз алаңында Луи ван Гал шәкірттерінің бір мәрте ғана жеңілгенін ескерсек, қонақтардың жеңіске жету мүмкіндігі жоқ десек те болады. Онымен қоса, "Олд Траффордтағы" соңғы үш кездесудің нәтижесі "қызыл сойқандар" үшін масқара. Үш ойында да жеңіліс, есеп 2:11! Сондықтан, "Манчестер Юнайтедке" кек алар күн туды.
Ал, жексенбі күні сағат 21:00-де Манчестердегі ойынды КAZSPORT арнасынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар.
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
Біздің серіктес: FONBET