Еуропа Лигасының үшінші іріктеу раунды аясындағы алғашқы матчты Владикавказда жергілікті “Аланиямен” өткізген “Ақтөбе” көңілден шығатын нәтижеге қол жеткізіп қайтты.
“Ақтөбеден” мұндай сый күтпеген аланиялықтар ойын соңынан бармақтарын тістеп қалса керек. Өйткені олардың қазақстандық клубты оңай ұрып аламыз деген жоспары іске аспай қалды. Түтіп жейтіндей ә дегеннен шабуылға ұмтылған алаң иелері кездесудің 11-ші минутында опық жеп қалды. Сол қапталған басталған комбинацияны іле-ала жөнелген Малик Мане, “Аланияның” айып алаңынан бір-ақ шықты. Одан әрі жеке басының щеберлігін танытқан ақтөбелік футболшы алаң иелерін сан-соқтырып кетті. Қалайда есепті теңестіруге тырысып баққан аланиялық аяқдопшылар бұл мақсаттың үдесінен шықты. Бірақ одан әріге бара алмады. Сырт алаңдағы тең ойын әзірге көңілімізге медет. Ал, қарымта ойын 4-ші тамыз күні Ақтөбеде өтеді. Назарларыңызға сол болатын кездесуге бейнешолу ұсынбақпыз.