Еуродода да қазақ футболының өкілдері қалмады. Соңғы үмітіміз “Ақтөбе” де өзгелердің жолын құшты. Владимир Мухановтың шәкірттері екі ойын нәтижесі бойынша Владикавказдың “Аланиясына” жол берді.
4-тамыз. Ақтөбе. Қобыланды батыр атындағы стадион. Бүкіл қала тұрғындары осында көшіп келгендей стадион іші ығы-жығы. Соңғы жылдары бұл стадион қазақ футболының Меккесіне айналғандай. Бұл сөзіміздің жаны бар. Егер Қазақстаннан үлкен футбол яғни елдің делебесін қоздыратын нағыз ойын іздесеңіз онда ойланбастан Ақтөбеге тартыңыз. Мұндағы жанкүйерлер құдіреті күшті футболдың қадір- қасиетін жақсы біледі. Олардың бойына бұл қасиетті сіңдірген “Ақтөбе” клубы. Кезінде “Қайрат” сияқты қазақ футболының көшбасы болған Алматының өзі, бұл күндері батыстапғы Ақтөбеге қызығып қарайды. Себебі алматылықтар дәл бүгін үлкен футболдан жұрдай. Қойшы, осымен тоқтайық. Бәрінен де сол Ақтөбедегі өзегімізді күйдіріп кеткен футбол додасын айтсаңызшы. Еуропа лигасының үшінші іріктеу рауындында Солтүстік Осетияның “Аланиясымен” күш байқасқан “Ақтөбе” соңғы сәтте босаңдық танытып алды. Сырт алаңда 1:1 есебімен тең ойнап қайтқанда “Жерден жеті қоян тапқандай” қуанған едік, сөйтсек, күштінің аты күшті екенін білмеппіз. Расы, бүгінгі ойын жұрттың көңілінен шықты. Негізгі тоқсан минут одан қалса, қосымша екі тайм бойы футболшылар жан берісіп, жан алысты. Әдемі комбинациялар мен қауіпті де өткір шабуылдар ойынға ерекше сән берді. Бірақ жеме-жемге келгенде салқын қандылық танытқан осетиндер пенальтиді қалай орындады десеңізші. Біреуі де мүлт кеткен жоқ. Біз екі рет жер сипап қалдық. Іс бітті, қу кетті- деген осы. Бірақ мәселе басқа да. Біріншіден үлкен Ресейдегі кішкентай Осетия футболының мысы басты. Ол дегеніміз жиған терген тәжірибе мен салиқалы футбол мектебінің жемісі. Екіншісі - футболшылардың кәсіби шеберлігі. Спорт әлеміне тән осы факторлар біздің түбімізге тағы да жетті. Қасына қырғыз бауыры Эмильді ертіп, жасыл аңлаңда шыр-пыр болған жалғыз Саматтың қолынан не келсін. Бізге егеменді қазақ елінің әні мен мәнін білдіретін өз футболымыз қажет. Қазіргі Қазақстан футбол федерациясынан қазақтың исі де шықпайды. Оның ішіне бас сұғып көрсеңіз бейнебір орысша тілдесетін дүбәрә елдің ішінде жүргендей әсер аласыз. Сонда біз кімбіз! Стадионға барыңызшы, кеңірдегін жыртқан стадион толы қаракөздер, ал ойнап жүргендер басқалар. Ұлттық құраманың есігі де өзгелер үшін айқара ашық. Мысалы, Қазақстанға тиіп кеткен жері болса болғаны , сол футболшыны Германия, Израйль мейлі басқа жақта жүрмесін ұлттық құрамаға тартуды әдетке айналдырдық. Футболды дамыту үшін керек деп қақсағандар қатты қателеседі. Қазақ футболының көсегесі мұндай жолмен ешақашан көгермейді. Мүмкін мұның бәрі әдейі жасалып жатқан үлкен бір құйтырқы ойын болар. Бірақ жағдайымыз осы, ағайын.
Төлеген Жұмабек