Ертең ел чемпионы «Ақтөбе» Қобыланды батыр атындағы стадионда Румынияның «Стяуа» командасын қабылдайды. Бұл Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңі аясындағы ойын.
«Стяуа» — Румынияның ең сәтті клубы. Мақаламызды осымен бастағанымыз дұрыс шығар. Кезінде «Стяуа» сапында әлемге аты мәшһүр болған Георге Хаджи, Дан Петреску, Георге Попеску, Ангел Йордэнеску сынды саңлақтар ойнаған. Сонымен қатар, «Стяуа» Еуропа чемпиондарының кубогын жеңіп алған Шығыс Еуропаның тұңғыш клубы. Бұл 1986 жыл болатын. Ал келесі жылы румыниялық команда Украинаның «Динамосын» тізе бүктіріп, УЕФА кубогын иеленген еді.
Әлбетте, қазір клуб бұрынғыдай қарымды емес. Рас, құрамында шебер ойыншылар жетерлік. Бірақ сонда да «Стяуаны» қазір бұрынғы алпауыт команда дей алмайсыз. Соған қарамастан, ойыншылары да, жанкүйерлері де қазақстандықтарды қалпақпен қайырып аламыз деп жүр. Тіпті, сұхбаттарында да Қазақстан чемпионы бізге қол емес дегенді жиі айтуда.
«Ақтөбе» жайлы айтар болсақ, жерлестеріміз бұл ойынға қызу дайындыққа кірісіп кеткен. Тіпті, ішкі біріншілікті екінші рөлге қойып та жүр. Мәселен, алдыңғы күні ел чемпионы түзде Павлодардың «Ертісімен» тең түсіп қалды. Дегенмен, бас бапкері Владимир Газаев қанша жерден қиын болса да, әр ойында жеңіске жетуіміз керек деп желпініп отыр.
Бас жаттықтырушының бұл құлшынысы міндетті түрде өз жемісін береді деп үміттенеміз. Грузияның «Динамосымен» болған ойын секілді «Стяуаға» қарсы кездесуде де жерлестеріміз бар өнерін ортаға салып, жеңісті жұлып алады деп ойлаймыз.
Сонымен, 30 шілде күні біріміз қалмай «Ақтөбеге» жанкүйер боламыз. Өйткені, егер осы қарсыласын жеңер болса, онда «Ақтөбе» кем дегенде Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетуге мүмкіндік алады. Астана уақытымен сағат 21:00-де басталатын ойынды тікелей эфирден KAZsport арнасы көрсетеді.
www.kff.kz