Қазақстан футболының УЕФАға өткеніне осымен 9 жыл толып отыр. 9 жылда тоғыз торапқа бөлініп, Еуропаның алаңдарын араладық. Көп нәрсе үйрендік. Клубтық деңгейдегі жетістігіміз әзірге көңіл көншіте қоймай жүр. Биыл да еурододаларда жалғыз ғана "Ақтөбеміз" қалды. Еуропадағы рейтингтік ұпайлардың көбісін қоржынымызға салған да осы ұжым ғой. Сеніміз мол.
Өткен жылы осы ұжым топтық кезеңге өту алдынан қайтқан тұғын. Арманда кеттік. Десе де, "АЗбен" болған ойындарды аузымыздың суы құрып айтып жүрміз. Кесіп айтатын бір дүние бар. Қазақ футболының клубтарына топтық бәсекеге ілінер сәт келді. Белорустың "Батэсі" мен Молдованың "Шерифі" бізден бір бас жоғары тұр деген адам болса маған келсін.
Тәжірибе жинақталған командалар, аз бюджетпен-ақ, қымбат ойыншыларсыз-ақ жүр ғой сол топтық кезеңде. Содан кейін барып сол командаларға қаржы келді. Еуропада клубтық деңгейде ойнаған әрбір кездесуің, тіпті әрбір тең ойнаған ойыныңа ақша береді. Үстеме сыйақысы бар егер келесі кезеңге өтер болсаң. Жұрттың ақшасын санап, аяқдопшыларының жарақатын түгендеп шаршадық. Өзіміздің футболға да бір ден қоятын кез жетті-ау, осы ағайын!
"Аланиямен" өткен алғашқы матчтан кейін мені еріксіз Ақтөбеге тартты. Тегі сол бір жауапты матчты ақырған жанкүйерлердің арасында отырып, "Ақтөбеге" жанкүйер болсам дедім. Осындай ойдың келуіне де шүкіршілік дейсің. Дәл осы жағдай жалғыз менің басымнан ғана өтіп жатпаған болар деп іштей сенем. Әрқашан да қазақ футболының өркендеп, дамуын қалайтын өз басым сол күнді тағатсыздана күтудемін.
Қасиетті жұма күні түске таман жеребе тартылып, "Ақтөбеге" жақсы қарсыласты тап қылдыртса сол сеніммен біразға дейін күн кешетін түріміз бар. Ол үшін алдымен "Аланияны" айналып өту керек. Рамазан айында тілектер қабыл болады дейді. Мүмкін Ақтөбені бір түпкірінде жатып, сүйікті командасына шын ниетімен дұға тілеген жанкүйердің ниеті қабыл болып кетіп жатса, "Ақтөбені" топтық кезеңнен көріп те қалармыз деймін.
Аладоптың артынан кеткен - Ермұхамед МӘУЛЕН
Біздің серіктес: FONBET