Бүгінгі күндері Ақтөбе қаласында Премерь-Лиганың 1994 жылы туған жас аяқдопшылар арасындағы финалдық бәсекелер өтуде. Ақтық сынға жолдама алған сегіз команданың да алтыннан дәмесі бары анық. «Ақтөбе», «Тараз», «Тобыл», «Қайсар», «Каспий», «Астана», «Шахтер», былтыр чемпион атанған «Ертіс» командалары жиналған бұл сындағы жас балғындар арасындағы ойындар тартысты өтуде.
Кеше бұл ұжымдар ақтық сындағы алғашқы матчтарын өткізді. Алдымен қызылордалық «Қайсар» «Таразбен» күш сынасты. Және бұл ойын 3:3 есебімен аяқталып, қос команда да бір ұпайды місе тұтты. Ал жергілікті «Ақтөбе» бұл жарыста чемпион атағын сақтап қалуды көздейтін павлодарлық «Ертісті» тас-талқан етіп жеңді. Есеп – 4:0. Ал «Каспий»-«Тобыл» арасындағы ойында 0:2 есебімен ақтаулықтар тізе
бүксе , «Астана»-«Шахтер» ойынында жеңімпаз анықталмады, қорытынды есеп – 1:1.
Ал бүгін жас аяқдопшылар екінші ойындарын өткізді. Қызыққа толы болған бүгінгі тур, әсіресе, елордалық жігіттердің есінде қалары сөзсіз. Кей командалар кешегі қателіктерін түзеп бақса, кей бірі кешегі жеңіс серияларын жалғастырмақ ниетте. «Ақтөбе» Тараздан келген қала аттас командамен ойын өткізіп, биылғы ең қиын матчтарының бірін өткізді. Жалғыз ғана гол бұл ойында алаң иелеріне жеңіс сыйлады. Ал «Каспий»-«Шахтер», «Ертіс»-«Тобыл» арасындағы ойындар тиісінше 2:0, 2:1 есебімен аяқталды. Ал елордалық «Астана» «Қайсар» қақпасына гол жаудырды. Қызылордалықтар үшін сәтсіз болған бұл ойында «Қайсар» допты ортадан тоғыз мәрте бастауға мәжбүр болды. Есеп – 9:0, «Астананың» пайдасына.
Әзірше 21 ұпаймен «Астана» көш бастап келе жатыр, дәл сондай ұпаймен «Ақтөбе» екінші орында. 20 ұпай еншілеген «Каспий» үздік үштікті тәмамдаса, олардан бір ұпайы кем «Ертіс» төртінші сатыға жайғасты. Сол секілді қоржынында 19 ұпайы бар «Қайсар» бесінші орында. Алтыншы орында «Тобыл» (16), жетіде «Шахтер» (14), «Тараз» (14) көш соңында орналасып тұр.
Есет Төлеш,
Ақтөбе қаласы