Қазақстан премьер-лигасындағы командалар екінші турдың кездесулерін өткізді. Еліміздің алты қаласында футбол жанкүйерлері бәсекеге куә болса, Шымкентте өтуі тиіс ойын кейінге шегерілді. Оған күн райының қолайсыздығы себеп болды. Жаңа басталған жарыстың екінші турынан кейін күтпеген жерден Оралдың «Ақжайығы» топ бастады. Кереку өңірінің «Ертісі» мен «Таразы» да әзірге ұпай жоғалтпағандардың қатарында.
Екінші турдың орталық кездесуі ретінде мамандар «Ертіс» пен «Тобылдың» және «Шахтер» мен Ақтөбенің» бәсекесін атаған еді. Алдымен Павлодардағы кездесуге тоқталайық. Расымен де бұл ойын тартысты басталды. Бірақ екінші таймда алаң қожайындары үлкен басымдық танытып, ірі жеңіске қол жеткізді. Кездесудің алғашқы голын қонақтар сапындағы Де Соуза соқты. Оның қазақ командасының намысын қорғап жүрген тұңғыш бразилиялық легионер екенін айта кетейік. Арада алты минуттай өткенде «Ертіс» футболшылары есе қайырды. Пенальтиден есепті өзбек шабуылшысы Ұлықбек Бақаев теңестірді. Еліміздің біріншілігінде нәтижелі өнер көрсететін бұл ойыншы биыл да мергендер бәсекесін қыздыруға дайын екенін осылайша аңғартты. Кездесудің 70- минутында Павел Шабалин «Тобыл» қақпасынан саңлау тауып, командасын алға шығарды. Бұдан соң Ұлықбек Бақаевтың қанжығасы майланып, алаң иелері екі доп айырмасымен ұзай түсті. Ал төреші белгілеген қосымша уақытта Глеб Мальцевтің соққысы дәл шығып, «Ертіс» 4:1 есебімен жеңіске жетті. Қарағандыда «Ақтөбе» ұпай жоғалтты. Еліміз біріншілігін төрт рет ұтқан ақтөбеліктер қарсыласына 0:2 есебімен есе жіберді. Өткен маусымда ел чемпионы атанған қарағандылық ұжым ойынның 69-минутында есеп ашты. Нәтижелі соққыны Сергей Хижниченко тіркеді. Кездесудің 80-минутында Литва құрамасының өкілі Гедминас Вичюс есеп айырмасын ұлғайтты және «Шахтер» осы біріншіліктегі алғашқы үш ұпайына ие болды. Өткен турда Көкшетауда жергілікті «Оқжетпесті» ірі есеппен ұтқан Оралдың «Ақжайығы» осы жолы да ұпайдан шашау шығармады. Бұл команда көршілес облыстан келген атыраулық футболшылармен бәсекеге түскен болатын. Ойынның 30-минутында Максим Азовскийдің соққысы «Атырау» қақпашысын қапы қалдырды. Көп ұзамай «Ақжайықтың» болгариялық легионері Янко Валканов екінші голды енгізіп, алаң иелерінің басымдығын арттыра түсті. Бірінші таймның аяқталуына екі-үш минуттай қалғанда Тарас Данилюк жауап гол соғып, есеп айырмасын қайта қысқартты. Үзілістен кейін «Ақжайық» ойыншылары бұрыштама добынан кейін гол соғып, матчтың нүктесін қойды. Бұл жолғы гол да Янко Валкановтың атына жазылды. «Тараз» командасы екінші турды да сәтті өткізді. Атақты серб маманы Любко Петрович тізгінін ұстаған ұжым кездесудегі жалғыз голды 26-минутта соқты. Оның авторы команда бас бапкерінің отандасы Мирослав Лечич болды. Алматылық жанкүйер қауым «Қайраттың» өз алаңындағы биылғы маусымдағы алғашқы ойынын асыға күтті. Біріншілік басталар тұста бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін жиып, баспасөз мәслихатын өткізгенде «Қайраттың» басшылығы алға үлкен міндет қойып отырғандарын хабарлаған еді. Бірақ алғашқы турда алматылықтардың Қостанайда «Тобылдан» оңбай ұтылып қайтқандары мәлім. Осы жолы өз жанкүйерлерінің көз алдында босаңсуға еш болмайтынын жақсы түсінген «Қайрат» футболшылары ірі еспен Көкшетаудың «Оқжетпесін» ұтты. Бірінші таймның орта тұсында қонақтар өз айып алаңдарының ішінде тәртіп бұзып, төреші пенальти белгіледі. Он бір метрлік нүктеден Йосип Кнежевич мүлт кетпей есеп ашты. Екінші таймның басында Неманья Йованович баспен әдемі гол енгізіп, жергілікті жанкүйерді қуанышқа бөледі. Ал кездесудің соңына таман серб легионері Марко Джорджевич нәтижелі соққы тіркеп, «Қайрат» алғашқы үш ұпайын еншіледі. Бірінші турда «Сұңқардан» ұтылып қалып, жанкүйерлерін жерге қаратқан Талдықорғанның «Жетісуы» да бұл жолы жеңіске жетер жолдан жаңылмады. Талдықорғандықтар Қызылорданың «Қайсарымен» шеберлік байқасқан еді. Гол бұршақтай жауған ойында алдымен алаң иелері мергендік танытты. Кездесудің 17-минутында Балқан түбегінің өкілі Эдин Юнузович қақпа құлпын бұзды. Бірінші тайм аяқталар тұста Азат Нұрғалиев гол авторы атанып, «Жетісу» екі доп айырмасымен алға шықты. Дегенмен 45- минутта қонақтардың қатарындағы Думан Нарзилдаев гол енгізіп, есеп айырмасын қысқартты. Ол аз болғандай бірінші таймға қосылған минутта «Қайсар» футболшылары таразы басын теңестіріп те кетті. Александр Сытниктің соққысы «Жетісу» қақпашысы Владимир Логиновскийді қапы қалдырды. Үзілістен кейін үш гол соғылды және оның барлығы да «Жетісу» ойыншыларының еншісіне бұйырды. 53-минутта жергілікті жанкүйердің сүйіктісі Серікжан Мұжықов маңызды гол соғып, командасын жеңіске жетеледі. Одан кейін 73 және 85-минуттарда Эдин Юнузович мергендігімен көзге түсіп, алаң иелері 5:2 есебімен ірі жеңіске жетті. Жоғарыда айтқанымыздай, әзірге екі турдың қорытындысы бойынша «Ақжайық» топ басында тұр. Одан кейінгі екі сатыға тиісінше «Ертіс» пен «Тараз» жайғасты. Төрт команда әлі ұпай еншілеп үлгермеді. Олар - «Астана», «Атырау», «Қайсар» және «Оқжетпес». 3-турдың кездесулері 25-наурызда өтеді. Онда мына ұжымдар өзара шеберлік жарыстырады: «Тобыл - Шахтер», «Оқжетпес - Ертіс», «Атырау - Қайрат», «Астана - Ақжайық», «Сұңқар - Ордабасы», «Қайсар - Тараз», «Ақтөбе - Жетісу». Шалқар ЕСТЕНБіздің серіктес: FONBET