Реал Мадридтің жаңа дәуірі Хаби Алонсоның басшылығымен сенімді басталды. Команда Ла Лиганың көшін бастап, Чемпиондар лигасында да жеңісті жолын жалғастыруда.
Клуб ішіндегі ең көп талқыланып жүрген тақырыптардың бірі – Арда Гүлер мен Килиан Мбаппенің ерекше үйлесімі.
Францияның L’Équipe басылымына берген сұхбатында Түрік жас жұлдыз бұл серіктестігі туралы ашық айтты:
"Біздің ойын мәнеріміз бір-бірін толықтырады. Көп жағдайда бір қарағанның өзі жеткілікті – не істейтінімізді сеземіз.” – деді Гүлер.
Маусым басталғалы бері Арда төрт рет Мбаппеге пас беріп, Француз шабуылшысы оған бір гол соғуға мүмкіндік жасаған. Бұл дуэт қазір Мадридтіктердің ең қауіпті шабуыл қаруына айналып отыр.
"Мбаппеге еркіндік беру керек. Ол оған лайық – оның таланты бәрін ақтайды. Біз көп сөйлеспейміз – бірақ бір-бірімізді тамаша түсінеміз."– деп толықтырды Арда.
Арда өз жолының оңай болмағанын да жасырмады.
"Джуни Калафат менімен алғаш сөйлескенде бәрін ашық айтты. Алғашқы жыл ауыр болатынын, бірақ мені Модрич пен Кроостың дәуірінен кейінгі жаңа кезеңге дайындап жатқанын түсіндірді. Сол сәттен бастап мен бәрін білдім, уақытым келетініне сендім."
Екі маусым бойы алаңға сирек шыққан Арда енді Хаби Алонсо жүйесіндегі негізгі ойыншылардың біріне айналды. Оның тактикалық ойлауы, сабырлылығы және Мбаппемен үйлесімі Реалдың ойынын жаңа деңгейге көтеріп отыр. Көпшілік оны бүгінде Модричтің ізбасары деп санайды.
Алда Мадридтіктерді қиын сынақтар күтіп тұр, алдымен сырт алаңда "Хетафемен” кездесу, содан кейін Чемпиондар лигасында "Ювентусқа" қарсы матч, ал одан соң — Эль Классико. Бұл ойындар Гүлер мен Мбаппенің серіктестігінің шын қуатын көрсетпек.
"Біз бәріне дайынбыз.” – деді Арда сенімді түрде.
Біздің серіктес: FONBET