Футболдан Аргентинаның жоғары дивизионында 11- турдың нәтижелері белгілі болды. Турнир кестесінде жеке-дара көш бастап келе жатқан “Бока-Хуниорс” өз алаңында “Бельграно” клубымен ұпай бөлісті.
Сүйікті футболшыларынан жеңіс күткен жергілікті жанкүйерлердің бұл үміті ақталмады. Алаң иелерінің бүгінгі бәсекеде есеп ашатын мүмкіндіктері аз болған жоқ. Бірде қонақтардың қақпашысы шеберлік танытса, тағы бір ойын сәттерінде аладоп қақпадан қиғаш кетіп жатты. Осы турда “Велес Сарсфилдті” қабылдаған “Ланус” өз есебінің үдесінен шықты. Ойын нәтижесі 2:1. Кездесудің 34-минутында пенальтиді дәл орындаған Валери мергендік танытса, көп кешікпей Кантерос есепті теңестіріп үлгерді. Алайда ойын аяқталуға санаулы минуттар қалғанда оңтайлы сәтті бос жібермеген Ортис “Ланусқа” жеңіс сыйлады.