"Ливерпуль" Премьер лигада екінші рет, ал Англия жоғарғы дивизионында 20-шы рет чемпион атанды. Бұл жетістікке Арне Слот команда тізгінін қолға алған алғашқы маусымында қол жеткізді.
"Тоттенхэм Хотспурды” 5:1 есебімен ойсырата жеңгеннен кейін, "Ливерпуль” турнир кестесінде басты қарсыласы "Арсеналды" артқа тастап, чемпиондықты мерзімінен бұрын рәсімдеп қойды. Осылайша олар маусым соңына дейін төрт немесе одан көп ойын қалғанда чемпион атанған тарихтағы жетінші команда болды.
"Ливерпуль” бұған дейін Премьер лига титулын тек 2019/20 маусымында Юрген Клопптың басшылығымен жеңіп алған болатын. Бірақ ол кезде COVID-19 пандемиясына байланысты жанкүйерлерге стадионға кіруге рұқсат етілмеген еді. Ал биыл маусым соңында Премьер лига кубогын алғаш рет өз жанкүйерлерінің алдында көтермек.
Матч алдында Энфилд маңындағы көшелер қызыл теңізге айналып, жанкүйерлер командасын стадионға нағыз қаһармандардай қарсы алды.
Бас бапкер Арне Слот жанкүйерлердің осындай қолдауы ойыншыларға үлкен жігер бергенін айтты.
"Біз автобуспен келгенде бәрі бұл матчта жеңіліс деген болмайтынын сезінді. Бірінші болып гол жібергеніміз қиындық тудырды, бірақ бұл команда әрдайым жол таба біледі.” – деді Слот.
"Ливерпуль" Премьер лига дәуірінде екінші рет чемпион атанды. Бұ көрсеткіш бойынша олар жалпы есепте бесінші орында.
Ең бастысы, "Ливерпуль” Премьер лига басталғанға дейін, яғни 1992/93 маусымына дейін 18 рет Англия чемпионы атанған болатын. Енді, осы маусымдағы жетістігі арқылы олар өз тарихында 20-шы мәрте Англия чемпионы атанып отыр. Бұл көрсеткіш бойынша олар мәңгілік қарсыласы "Манчестер Юнайтедтің” рекордын қайталады. "Юнайтед" өздерінің соңғы чемпиондығын 2012/13 маусымында жеңіп алған еді.
Айболат Өнер
Біздің серіктес: FONBET