Лондондық "Арсенал" ерекше келісімді жүзеге асырды, деп хабарлайды Aladop.kz.
Клуб "Индепендьенте дель Валье” командасынан Эдвин мен Хольгер Кинтеро есімді егіз бауырларды сатып алды. Небәрі 16-дағы жас дарындар “Зеңбірекшілер” сапына 2027 жылдың тамыз айында, яғни 18 жасқа толған кезде қосылады.
Эквадордың Эсмеральдас аймағында өскен Кинтеро егіздері Оңтүстік Америкадағы ең үміт күттіретін жас ойыншылар ретінде бағаланады. Олар клубтық және ұлттық деңгейде 17 жасқа дейінгі құрамада тұрақты және керемет ойындарымен көзге түсіп жүр.
Кинтеро егіздері "Арсеналдың” Эквадор футболымен орнатқан тығыз байланысын нығайта түсуде. Олар осы аймақта туып, дәл осы "Индепендьенте дель Валье” клубының академиясынан шығып, “Арсенал” сапында өнер көрсетіп жүрген Пьеро Хинкапиенің (Piero Hincapie) ізін баспақ.
Екі футболшының да позициясы мен ойын стилі әртүрлі:
• Эдвин Кинтеро: Сол аяқты, жылдам әрі допты шебер алып жүретін ойыншы. Ол оң қанат шабуылшысы ретінде әрекет етеді, қарсыласын алдап өтуді ұнатады және техникалық қабілеті жоғары.
• Хольгер Кинтеро: Техникалық жағынан дарынды, оң аяқты жартылай қорғаушы. Ол ойынды көрегендікпен байланыстырып, жылдам қимылдары арқылы қарсыластарын жеңе алатын қабілетке ие.
Клубтар арасындағы келісімге сәйкес, "Арсенал” Кинтеро бауырлардың дамуы мен әл-ауқатын 2027 жылы клубқа қосылғанға дейін "Индепендьенте дель Вальемен” тығыз ынтымақтастықта отырып қадағалайтын болады.
Біздің серіктес: FONBET