Жарнама
Жарнама

Асхат Тағыберген: «Ертеңгі матчқа тас-түйін дайынбыз»

03.06.2022, 02:25
Команда капитаны ертең «Тобылдағыдай» алыстан соққы жасап көретінін айтты.
Жарнама
Жарнама

Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы және капитаны Асхат Тағыберген Әзербайжанмен болатын матч алдында баспасөз мәслихатына қатысып, тілшілердің сұрақтарына жауап берді.

- Асхат, Әзербайжанмен болатын матч жайлы не ойлайсыз?

- Ассалаумағалейкум, футбол сүйер қауым! Бұған дейін Әзербайжанмен 8 рет ойнаған екенбіз. Төртеуінде жеңіске жетсек, екеуінде жеңіліппіз, ал екі ойын тең аяқталды. Сондықтан бұл біз жиі кездесетін команда болып саналады. Ертеңгі матчқа тас-түйін дайынбыз. Жаңа бас бапкеріміз біге олардың мықты және әлсіз тұстарын көрсетіп берді. Сондықтан ертең алаңда бар күшімізді саламыз.

- Сіз «Тобыл» сапында алыс қашықтықтан гол салып жатасыз. Ұлттық құрамада сондай жойқын соққыларды жасамауыңызға не себеп?

- Бұл менің де өзегімді өртеп келе жатқан мәселе болып табылады. Алыстан соққы жасап гол салу былай тұрсын, мен ұлттық құрамада әлі бірде-бір гол соқпадым. Бірақ ертең бұл жағдайды түзетуге тырысамын. Ұлттық құрама болған соң қарсылас командаға үздік ойыншылар жиналады. Соған байланысты жолым болмай жүрген шығар. Бірақ ертең гол соғамын деп ойлаймын.

- Соңғы матчтардың бірінде жарақат алып қалдыңыз. Жаттығу жұмыстары Сіз үшін қалай өтті?

- Жаттығуға 100 пайыз қатыстым. Ол жағдайдан бері 2 апта өтті. Аздап миым шайқалған екен. Юрий Логвиненконың тізесі тиіп кетті, бірақ ол да әдейі жасамады. Футбол болған соң, әртүрлі жағдайлар орын алады. Десе де, қазір жағдайым жақсы. Мен үшін уайымдап жатқандарыңызға рахмет айтамын.

- Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасындағы мақсаты не?

- Біз топтағы барлық қарсыласты құрметтейміз, бірақ қорықпаймыз. Команданың алдына жоғары мақсаттар қойылған. Қарсыластарымыз оңай шағылар жаңғақ емес. Дегенмен топта бірінші орын алуға тырысамыз.

- Ұлттық құрамаға жаңа әрі жас ойыншылар шақыртылды. Тәжірибелі футболшы ретінде оларға қалай көмектесіп жатырсыз?

- Әрине, оларға білгенімізді айтып, барлық жағынан қолдап жатырмыз. Командадағы атмосфера керемет.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров