Кезінде Алматының «Қайрат» футбол клубында ұзақ жылдар бойы өнер көрсеткен Асқар Қожабергеновтың тасқамал қорғаушы болғаны бәрімізге мәлім. Еліміз егемендік алмай тұрғанда Асқар Қожабергенов Алматының бас командасында доп тепті. Кейіннен Қазақстан жеке ел болып, етек-жеңін жиғаннан кейін дербес мемлекет ретінде халықаралық аренада өнер көрсете бастады. Дәл сол кезде Асқар Қожабергенов те ұлттық құраманың жейдесін киді. Команданың белді ойыншысы болды. «Қайрат» пен Қазақстан құрама командасының капитандық белгісін қатар алып жүрді… Бүгінде Асқар Сейдахметұлы Талдықорғанның «Жетісу» клубының басшысы әрі бапкері…
- Асқар аға, айтыңызшы, «Жетісу» командасының бас бапкері Серік Әбдуәлиевпен қатар бапкер ретінде сіздің де атыңыз аталады. Ресми түрде бапкер кім, басшы кім?
- Серік екеуміз кезінде Алматының «Қайратында» бірге ойнадық. Достығымыз да берік. Оның үстіне жас шамамыз да бірдей. Сондықтан мынау бапкер, мынау басшы деп бөлінбейміз. Екеуміз де «Жетісудың» бапкеріміз. Бірігіп жұмыс істейміз. Ойыншыларды бірге таңдаймыз. Ойын тактикасын да бірге құрамыз. Керек кезде ақылдасамыз. Мәселені бірге шешеміз. Бір-бірімізге көмектесеміз.
- Бапкерлік деген үлкен мектеп… Бапкерлікке қалай бет бұрдыңыз?
- Футболдағы карьерамды 1999 жылы «Қайратта» жүріп аяқтадым. Әлі есімде, дәл сол маусымда «Қайрат» премьер-лигадағы соңғы ойынын Қызылжарда «Есіл-Богатырь» клубына қарсы өткізген болатын. Ол кезде қызылжарлық клуб премьер-лигада екінші, ал, біз үшінші орын алдық. «Есіл-Богатырь» клубынның бас бапкерінің көмекшісі қызметін ол кезде Дмитрий Огай атқаратын. Дмитрий Огай екеуміздің ұзақ жылдық достығымыз бар. Кезінде «Қайрат», «Тараз» сияқты клубтарда бірге ойнадық. Жақын досым десем де болады. Ойыннан кейін Дима маған ұсыныс жасады: «Асеке, түптің-түбінде футбол ойнауды доғарасың. Одан кейін не істейсің? Бәрібір аяқдоптан алыс кетпейтін шығарсың. Бапкерлікті баста. Маған көмекші бол. Мен келесі маусымнан бастап қызылжарлық команданың бас бапкері болғалы жатырмын», – деді. Мен Диманың ұсынысынан бас тартқан жоқпын. Өйткені, расымен де аяқдоптан алыстағым келген жоқ. Содан Алматыға қайтқаннан кейін «Қайраттың» сол кездегі басшысы Болат Әбілевке барып, мән-жайды түсіндірдім. Бәкең қарсы болған жоқ. Түсінді. «Жасың болса келіп қалды. Бапкерлікте де бағыңды сынап көр», – деді.
Өздеріңізге белгілі, Дима екеуміз он жылдай бірге жұмыс істедік. Оның жанында жүріп талай нәрсе үйрендім десем артық айтқаным емес. Дмитрий Огай – өте білікті бапкер. «Есіл-Богатырь», «Ертіс», «Тобыл» командаларын жаттықтырған кезде командамыз жүлделі орыннан түскен жоқ. Тек, 2009 жылы ғана «Тобыл» ел чемпионатында төртінші орын алып қалды. Дәл сол жылы біз «Тобылдан» өз еркімізбен кеттік. Содан төрт айдай жұмыссыз жүрдік. Кейіннен Дмитрий Огай Ресейге кетті. Ал, мен Қаскелең қаласының «Сұңқар» клубына бас бапкер болып бекітілдім.
–
Демек, сіздің бапкер болып қалыптасуыңызға Дмитрий Огайдың еңбегі сіңіпті ғой?
– Огайдың жанында жүріп мен көп нәрсе үйрендім. Десек те бапкерлікті мен футбол ойнап жүргенде-ақ Тимур Сегізбаев, Құрбан Бердыев, Леонид Остроушко, сынды бапкерлерден үйренгем. Бұлардың ішінде Құрбан Бердыевтің орны мен үшін ерекше. Сен «бапкер болып қалыптасуға Дмитрий Огайдың еңбегі сіңіпті» деп отырсың. Ал мен бапкерлік мектептің ең алғашқы әліппесін Құрбан Бердыевтен үйрендім дер едім. 1984 жылы «Қайратың» сапында Құрбан Бердыевпен бірге алаңға шықтым.. Кейіннен ол үлкен спортпен қоштасып, бапкерлікке бет бұрды. 1995 жылы «Қайратты» жаттықтырған кезде де Құрбан Бердыевтің қасында болдым.
–
«Сұңқарды» жаттықтырып жүріп «Жетісуға» ауыстыңыз. Бірінші лигадан премьер-лигаға ауысу қиын болған жоқ па?
– Дмитрий Огайдың жанында көмекші болып қызмет істеп жүргенде-ақ премьер-лигадағы көптеген командалар бас бапкерлікке шақырған. Бұл осыдан төрт-бес жыл бұрын болатын. Бірақ, мен ешбір команданың бас бапкерлігіне бармадым. Неге дейсіз ғой? Өйткені, ол кезде мен бас бапкерлікке дайын емес едім. Өзімнің әлі «шикі» екенімді сездім. Сондықтан ондай үлкен жауапкершілікті мойныма алғым келмеді. Ал «Жетісуға» келер болсам, рас, алғашында «премьер-лиганың командасын жаттықтыра аламын ба?» деген қорқыныш сезім болды. Бірақ, «несіне бас тартамын?.. Бірінші лигада «Сұңқардың» бас бапкері болдым. Бас бапкердің жауапкершілігі қалай болатынын түсінген кезім. Бағымды сынап көрейін» дедім. Мұндай мүмкіндік күнде келе бермейді. Оның үстіне, Жетісу өңірі өзімнің туған өлкем. Өсіп-өнген жерімде жұмыс істемегенде қай жерде қызмет істеймін?! Осылайша келісімімді бердім…
–
Бас бапкердің жауапкершілігі деп жатырсыз. Бүкіл міндетті өзіңізге алу қалай болады екен?
– Бас бапкерліктің соншалықты үлкен жұмыс екенін «Сұңқарда» жүріп түсіндім. Өйткені, оған дейін мен командадағы екінші бапкер болып жүрдім ғой. «Сұңқар» бірінші лигада ойнап жүргенде, премьер-лигаға шығу туралы мақсат қойылды. Алайда, ол кезде «Восток» пен «Қайсардың» алдына түсу «Сұңқар» үшін өте қиын болатын. Неге десеңіз, «Қайсар» мен «Восток» клубтары премьер-лигада ойнаған ойыншыларын командада сақтап қалды. Аудан көлемінде ойнайтын футболшылардан жасақталған «Сұңқарға» ондай командалармен айқасу қиын екені айтпаса да түсінікті. Десек те намысқа тырыстық. Бас бапкердің де қадірін сол кезде түсіндік қой. Басы қиындау болды. Кейіннен тірнектеп жинаған тәжірибемнің арқасында жұмысты бір адамдай алып кеттім.
–
Бір кездері ұлттық құраманы жаттықтырған Сергей Тимофеевтің де көмекшісі қызметін атқардыңыз…
– Иә, ол кезде Қазақстан құрама командасы Еуропадағы тұңғыш іріктеу ойындарына қатысты. Бұл 2006 жылғы әлем біріншілігіне іріктеу ойындары еді. Біз бірінші рет іріктеу ойындарын Еуропа алаңдарында өткіздік. Ұлттық құрамада жұмыс істеген бір жағынан абырой, бір жағынан үлкен жауапкершілікті жүктейді. Ол да бір естен кетпейтін кездер еді ғой.
–
Түрік футболшылары 6:0 есебімен көкемізді көзімізге көрсеткені де есімізден кетпей жүр…
– Шынымды айтсам, ол кезде қатты қателестік. Тек түріктермен болған ойында ғана емес, басқа да кездесулерде болмайтын жерден гол жіберіп алдық. Мәселен, Украинамен тең ойнап тұрып, соңғы минутта ұтылдық. Грузия және Грекия футболшылары да жеңісті бізден кездесудің соңғы секундтарында жұлып әкетті.
–
Түркиямен болған ойыннан кейін Сергей Тимофеев не себепті құрамадан өз еркімен кетпеді? Әлде масқара жеңіліс жанына батқан жоқ па?
- Сергей Тимофеев өз еркімен кетпекші болды ғой. Ойыннан кейін бірден киім ауыстыратын бөлмеге барып, футболшылармен қоштасып шыққан. Алайда, ертеңінде-ақ сол кездегі Қазақстан футбол қауымдастығының басшысы Рахат Әлиев Сергей Тимофеевті жібермей, қайта шақыртып алды.
–
Сергей Тимофеев жақсы футболшы шығар. Бірақ, бапкер ретінде өзін көрсете алмады ғой…
– Ол кезде оның тәжірибесі аз болған шығар, бәлкім. Өйткені, Қазақстан құрамасы оның бапкер ретіндегі ең алғашқы командасы еді.
–
Тимофеев Қазақстан құрамасын жаттықтыру арқылы өзінің бапкерлік жолын жауып тастаған сияқты. Мәселен, сіз Огайдың көмекшісі болып жүргенде «тәжірибем толыспады» деп бас бапкерлікке бармадым дедіңіз. Сергей Тимофеевке де сіз сияқты жоғарыдан емес, төменнен бастау керек пе еді?
– Әр адам әртүрлі ғой. Тимофеевке ұсыныс жасаған кезде бірден келісім берді. Ол өзі, табиғатынан сондай. Бір нәрсені істей алмаймын деген жоқ онда. Рас, бапкер ретінде Сергей Тимофеевтің жолы болмай жүр. Қазақстанда бірді-екілі команданы жаттықтырды. Нәтиже көрсете алмады. Енді қазір Ресейдің екінші лигасында жұмыс істеп жүр.
- Бапкер тақырыбын ары қарай жалғастырсақ. Қазақстан құрама командасының тізгінін Тимофеевтен кейін шетелдік мамандарға ұстаттық. Сіздің ойыңызша қай бапкердің жұмысы оңды болды?
- Тимофеетен кейін ұлттық құрамаға голландиялық бапкер Арно Пайперс келді. Бұл бапкер менің ойымша іріктеу ойындары кезеңінде жақсы жұмыс істеді. Өйткені, Сербияны жеңдік, Бельгиямен екі ойын тең ойнадық. Арменияны сырт алаңда ұттық. Әзірбайжаннан ұтылмадық. Португалия Алматыдан үш ұпайды зорға дегенде әкетті. Міне, осының бәрі Пайперс пен сол кездегі футболшылардың үлкен еңбегі. Сол кезде іріктеу ойындарынан Қазақстан он ұпай алды. Бұл дегеніміз, жаман көрсеткіш емес. Ал, Пайперс кеткеннен кейін оның орнына неміс маманы Бернд Шторк келді. Бұл енді біздің бапкер таңдаудағы қателігіміз. Өйткені, Шторктен де мықты бапкерлер болып еді сол кезде. Шторкті мықты бапкер деп айта алмаймын. Оның орнына Еуропаға танымал өзге бапкерлерді әкелуге болар еді. Ондай бапкерді әкелуге біздің мүмкіндігіміз де болды. Неге десеңіз, жаңадан келген бапкер футболдың ішкі дамуын ғана қарамайды, соңғы қатысқан турнирдің нәтижесін қарайды. Португалия, Бельгия, Сербия сынды командалардың арасында тұрып, он ұпай алған Қазақстанды жаттықтыруға қандай бапкер болсын келісімін берер еді. Егер сол кезде жөні түзу бапкер болғанда Пайперстің жасақтаған командасын ары қарай жетілдірер еді. Өйткені, Пайперс кәдімгідей команда жасақтап, қалыптастырып қойған. Ал, Бернд Шторк келді де не істеді? Дайын тұрған команданы бұзды да мүлде басқа команданы жасақтап шығарды.
- Қазіргі бас бапкер Мирослав Беранекке қандай баға бересіз?
- Ең бастысы, қазір Қазақстан құрама командасында ойын бар. Бұрынғыға қарағанда жағдай сәл де болса жақсарған. Бірақ, Беранекке баға бере алмаймын. Өйткені, оның да келгеніне көп бола қойған жоқ. Беранек өз бағасын уақытында ала жатар.
- Сөзіңіздің басында бапкерлік мектептің әліппесін Құрбан Бердыевтен үйрендім дедіңіз. Біз осы Құрбан Бердыевті бағалай алдық па?
- Құрбан Бердыевтің Қазақстаннан кетуі сол кездегі футбол басшыларының кінәсі болар. Ол жағын жақсы білмеймін. Білетінім, Құрбан Бердыев табиғатынан өте таза адам болатын. Мінезі өте тұйық. Көп ашылып сөйлемейді. Өз ісінің нағыз маманы. Өзінің ойлағанын іске асырмай қоймайды. Жалпы, Бердыевтің мықты шахматшы екенін біреу білсе, біреу біле бермес. Ол тек аяқдоптың маманы ғана емес, нағыз шахматшы. Шахматты жақсы ойнайтын адам өте ақылды келеді деген рас екен. Бердыев сондай адам.
- Бердыев Ресейге қалай барып жүр?
- Оның Ресейге баруы өте қызық. Қазақстаннан кеткеннен кейін ол біраз уақыт Түрікменстанда жұмыс істеді. Сол кезде Ресейдің жасөспірімдерін Израильде өтетін жарысқа Сергей Стукашов алып баратын болды. Стукашов кезінде «Қайратта» Құрбан Бердыевпен бірге ойнаған. Екеулерінің достығы да жақсы. Содан Сергей Стукашов Құрбан Бердыевке: «Израильдегі өтетін жарысқа барып қайтайық. Менің жанымда жүресің, көмектесесің», – дейді. Бердыев досының сөзін жерге тастамай, өз ақшасымен Израильге барады. Дәл сол жарыста Бердыев Смоленскінің «Кристалл» командасының президентімен кездейсоқ танысып қалады. «Кристалл» клубын басқарып отырған сол кездегі президент өте ауқатты, мықты кәсіпкер болатын. Бірден Құрбан Бердыевке командасын жаттықтыру туралы өтініш жасайды. Бердыев келіседі. Бірақ, ол «Кристаллды» тек бір-ақ жыл жаттықтырды. Дәл сол кезде «Кристаллмен» бірінші лигада Қазанның «Рубині» де ойнаған болатын. Сол кезде «Рубин» басшылары Бердыевті көріп, маусым соңында Қазанға шақырады. Бердыев бұл ұсынысты қабыл алады. Құрбан Бердыев Қазанға келген жылы «Рубин» бірінші лигада топ жарады. Ал, келесі жылында Ресей премьер-лигасының қола жүлдесін жеңіп алады. Дәл сол жылы Құрбан Бердыевтің еңбегін «кездейсоқтық» деп бағалағандар көп болды. Әсіресе, ресейлік баспасөз құралдары Бердыевті бағаламады. Ол кезде Ресей премьер-лигасындағы командалардың басым бөлігін жергілікті ұлт өкілдері жаттықтыратын. Кейіннен ғой шетелдік мамандардың Ресейге келе бастауы. Осылайша, уақыт өте келе Бердыев өзін бүкіл Ресейге мойындатты. «Рубин» қатарынан екі мәрте Ресей чемпионы атанды. Былтыр қола медальға ие болды. Мұндай жетістікке Мәскеудің «Динамосы» да қол жеткізген жоқ. 1992 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Ресей біріншілігінде «Спартак», «Спартак-Алания», «Локомотив», «Зенит» және ЦСКА командалары ғана Ресей чемпионы бола алды. Ал, «Рубиннің» жетістігі Бердыевтің еңбегі демеске амал жоқ. Бірінші лигада жүрген команданы аяққа тұрғызған Құрбан Бердыевті бүкіл Еуропа біледі қазір. Каталонияда «Барселонаны» ұту әлемнің ең мықты командаларының қолынан келе бермейтін шаруа. Бердыев соны істеді.
- Сіз кезінде Алматының «Қайратында» ұзақ жыл өнер көрсеттіңіз. «Қайраттың» қазіргі жағдайына алаңдайсыз ба?
- Әрине! «Қайраттың» қазіргідей күйге түсіп отырғанына жүрегім ауырады. Ең бастысы, дәл қазір «Қайрат» премьер-лигадағы орнын сақтап қалуы тиіс. Сөйтіп, келесі маусымға жақсылап дайындалуы керек. Мен кезінде «Қайраттың» сапында ел чемпионы атандым. Бұл 1992 жыл еді. Сол кезде командадағы ойыншылар өте мықты болатын. Бақытжан Еңсебаев, Вахид Масудов, Серік Жейлетбаев, Асқар Әбілдаев сынды ойыншылар «Қайраттың» топ жаруына көп үлес қосты.
- «Қайрат» бір кездері екіге жарылды. Сіз сол кезде «Қайратта» ойнап жүрдіңіз ғой?
- Иә. 1998 жылғы футбол маусымына дайындық жүріп жатқан кезде ЦСКА басшылары «Қайраттың» бүкіл базасын, стадионын өздеріне қаратып алмақшы болды. Сол кезде «Қайратқа» қаржылық жағынан қолдау көрсетіп отырған Болат Әбілев бұған шыдай алмай, жарты команданы бөліп әкетті. Сол кезде «Қайраттың» вице-президенті Сейілдә Байшақов та Болат Әбілев жағына шықты. «Қайрат» екіге жарылғаннан кейін бір жартысы «Қайрат-ЦСКА» болды да, екінші жартысы халықтық «Қайрат» болды. Біз халықтық «Қайрат» жағына шықтық. Халықтық «Қайрат» деп отырғаным, сол кезде қырық жылға жуық тарихы бар кәдімгі «Қайрат» клубы. Өкінішке қарай, біз дәл сол жылы Қазақстан біріншілігінің жоғары тобында емес, бірінші лигада ойнадық. 1998 жылдың қорытындысы бойынша, бірінші лигада жеңімпаз атанып, 1999 жылы жоғарғы топқа қайта оралдық. Сол жылы біз ұлттық біріншілікте үшінші орынға қол жеткіздік. Ал «Қайрат-ЦСКА» бізден әлдеқайда төмен қалды. Бірақ, 2000 жылы екі «Қайрат» қайтадан қосылды. Өйткені, ЦСКА басшыларының клубты ұстап тұруға мүмкіндіктері болмады.
- Кезінде сіз таза қазақ балаларынан құралған «Намыс» командасын құруға да атсалыстыңыз. Жалпы, қазіргі кезде «Намысты» қайта «ояту» керек пе?
- Таза қазақ балаларынан құралған «Намыс» клубы 4-5 жыл ғана «өмір сүрсе де» өз миссиясын орындап кетті. Ал, егер «Намысты» кем дегенде он жыл ұстап тұрғанымызда қазіргі қазақ футболы бір қадам болсын алға жылжитын еді. Өкінішке қарай, «Намысты» ұстап тұруға демеушілер жетіспеді. Рас, бүкіл халық болып, «Намысқа» көмектесті. «Намысқа» көмектескен жекелеген адамдар мен кәсіпорындардың аттарын сол кезде «Спорт» газетінің бас редакторы, осы «Намыс» клубын құру идеясының авторы Несіп Жүнісбайұлы газет бетінде жариялап отырды.
«Намыс» азғантай ғана жылдың ішінде өз миссиясын орындады деп отырған себебім, ұлттық біріншілікте жарқылдап өнер көрсеткен Мұрат Тілешов, Айдар Күмісбеков, Нұрбол Жұмасқалиев, Диас Кәмелов сынды футболшылардың барлығы осы клубта аяқдоптың әліппесін ашты. Нұрболдың он бір жастағы кезі әлі есімде. Сонау Оралдан Алматыға келіп, «Намыста» доп тепті. Кішкентайынан алғыр болатын. «Намысты» қазір қайта құру қиын болар. Оның үстіне қазір қала мен ауылдың арасы жақын. Тоқсаныншы жылдардың басындағыдай ауылдан қалаға жете алмай жүрген халық жоқ. Оның үстіне қазір облыс орталықтарында премьер-лигаға қатысып жатқан командалардың жасөспірімдерді даярлайтын орталықтары бар. Жас футболшылармен қазір солар айналысуда. Бәлкім, қазақ балалары аз келетін спорт түрлерінен «Намыс» сияқты клуб құру керек шығар?! Әсіресе, қысқы спорт түрлерінен… Ал, жалпы, спорт деген өнерде ұлттық иіс аңқып тұрмаса бәрі бекер. Бұл – менің көзім толық жеткен шындығым!
Әңгімелескен, Төлеубек Әділбекұлы, «Sport» газеті.