Жарнама
Жарнама

"Астана-64" "бразилиялық" жастарынан айырылды

14.03.2012, 21:01
Жарнама
Жарнама

Футболдан Бірінші лиганың басталуына бір айдан сәл ғана артық уақыт қалғанда "Астана-1964" клубы құрамының жартысынан көбінен айырылды. Клуб басшыларымен ортақ мәмілеге келе алмаған бразилиялық бапкер Тиаго Козлоски өзінің 15 шәкіртін жетектеп, "Қайрат" сапына кетіп қалды. Енді небәрі 13 ойыншымен қалған елордалық команданың басшылығы жаңа футболшылар іздеп, бастарын қатыруда.

  

  Алдымен мынадан бастайық. Желтоқсан айының басында елордамызда еліміздің Туризм және спорт министрлігі (қазіргі Спорт және дене шынықтыру агенттігі), Қазақстан футбол федерациясы және Астана қаласының әкімшілігі үш жақты серіктестік меморандумына қол қойып, Бразилияның "Оле Бразил" академиясында үш жыл тәлім алып келген жас дарындарымыздың алғашқы кәсіби футбол клубтарын анықтап берген болатын. Нақты айтсақ, осыдан үш жыл бұрын Бразилияның Сан-Паулу штатына 26 жас жеткіншек аттанса, оның ішінде Рауан Сариев "Атлетико Минейроның" сапына алынып, қалған 25-і елге оралған. Міне, үшжақты меморандумның нәтижесі бойынша, соның 15-і "Астана-64" клубының қатарына қосылған. Соған байланысты бас бапкерлік қызметке осы жастармен үш жыл бірге болған бразилиялық маман Тиаго Козлоски алынады.

       Бір сөзбен айтқанда, футболшылар үшін де, "Астана-64" клубы үшін де биылғы жыл керемет басталған. Команда Бразилияда да, Түркияда да оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Әлгі "бразилиялық" 15 дарынға бұрын командада жасындай жарқылдаған және былтыр бірінші лигада өздерін жақсы қырларынан көрсеткен 13 ойыншы қосылды. Кенет "жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты" дегендей, "Астана-64" командасында бүкіл қазақ футболсүйер қауымын шулатқан бір даулы оқиға орын алады. Мәселенің мән-жайын Астана қаласы Туризм, спорт және дене шынықтыру басқармасының баспасөз қызметі былайша баяндайды.         29 ақпаннан бері "Астана-64" клубы Түркияның Анталия қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Наурыздың 7-сі күні команда Ресейдің "Нефтехимик" клубымен жолдастық кездесу өткізуі тиіс болатын. Сөйтіп ойынға бір күн қалғанда Козлоски команданы жинап алып, қоштасып кеткен. Оның "кетем" деген мәлімдемесі командадағы 13 футболшының төбелерінен мұздай су құйып жібергендей болады.   — Ойын алдындағы таңертеңгі жаттығуда ол біздің бәрімізді жинап алды да, "Қайратқа" кетіп бара жатқандығы жайлы мәлімдеп, бізбен қоштасып кетті, - деп ақтарылды "Астана 64" клубының бір ойыншысы. — Сөзіне сенсек, астаналық ұжымның басшыларымен тіл табыса алмапты. Содан кейін оны "Қайрат" шақырған. Айтуы бойынша,  ол жақта жағдай жақсы екен. Өзімен бірге төл шәкірттерін де ала кететінін айтты. Ертеңінде "Нефтехимикпен" ойнауымыз керек болатын, - деп ағынан жарылды әлгі ойыншы.   — Кетерінде ол тек "Нефтехимикке" қарсы ойнайтын ойыншылардың есімдерін атап кетті, - деп сөзге жартылай қорғаушы Марат Исқұлов қосылды. — Яғни, командада қалған 13 ойыншының есімдерін атады. Сөйтіп, "Нефтехимикке" қарсы өз бетімізбен ойнадық. Негізі, біріншілікке бұл құрамда дайындалмағанбыз. Сондықтан, алаңда түсіністік болмай, ойынымыз жүйесіз болды - деді Марат. Нәтижесінде бұл матч 0:2 есебімен аяқталған. Одан кейін футболшылар үш күн бойы өз беттерімен жүрген. Бұл аралықта клуб басшылығы жедел түрде жаңа бапкер іздеп жатқан еді.        Алғашқы үміткер Ойрат Садуов болды. Несін айтасыз, білікті бапкер. Керекудің "Ертісімен" бірге талай асуларды бағындырған. Өткен жылы "Астана 64" клубын жаттықтырған. Бірақ Ойрат Садуов өзіне белгілі себептерге байланысты бұл ұсыныстан бас тартқан. Сөйтіп команданы жаңа маусымға дайындауға Вячеслав Ледовских келіскен. Ледовских өз қызметіне 10 наурыздан бастап кірісті.           Өзінің жаңа қызметтегі алғашқы сұхбатында бұл маман "Астана 64" клубына қалай келгендігі жөнінде айтып берген еді. - Клуб басшылығының ұсынысын бірден қабылдаған жоқпын. Алғашында "Астана 64" клубының президенті Ғалым Ыбраев маған хабарласқанда, ұсыныстан бас тартқанмын. Өйткені, өзімнің командам "Іле-сәулетпен" үш жылға келісімшартқа отыруым керек болатынмын. Өз тарапымнан келісімшартқа қол қойып үлгергенмін де. Бірақ лезде "Іле-сәулетте" жағдай өзгеріп кетті. Бұған көндіге алмадым. Сосын отбасылық себептер де пайда болды. Сөйтіп, алматылық клубтан кеттім де, қызметсіз қалдым. Ойлана келе, "Астана 64" басшылығына өзім хабарластым. Олар Ойрат Садуовтың жауабын күтіп жүргендіктерін айтты. Ал артынан өздері қайта хабарласып, жұмысқа шақырды. Міне, сөйтіп "Астана 64" командасына да келіп қалдым, - деді Вячеслав Ледовских.  

    Ал команданың қазіргі жайы туралы білікті бапкер былай деп бағасын берді. — Көп еңбектенуді қажет ететін жаңа ойыншылар да көп, клубпен бірге маусымаралық жиындардың барлығына қатысқан жігіттер де бар. Бір сөзбен айтқанда, әлеміш ұжым. Дегенмен, әлі уақыт бар. Біріншілік басталғанға дейін команданы толық жасақтап үлгеруге тырысамыз.

       Бүгінде "Астана-64" сапында мына ойыншылар қалды: Арслан Сатыбалдин, Қуандық Ермекбаев, Роман Гончаров, Сергей Якушин, Данияр Досанов, Евгений Семин, Евгений Азаматов, Жанат Қарғужинов, Марат Исқұлов, Дидар Сыдыбек, Дмитрий Гантимуров, Жомарт Рсалин, Аян Құсайынов. 11 наурызда команда Норвегияның "Фана Ил" клубымен жолдастық кездесу өткііп, 1:1 есебімен тең түсті. Бұл ойында "Астана" 64 сапында жоғарыда аты аталған футболшылардан бөлек, Марлан Мужиков, Ильнур Мангуткин, Никита Бильдинов және Владислав Ахмеев сынды бапкер сынағындағы ойыншылар да ойнады. Соңғысы тіпті, гол соғып көзге түсті де.        Сонымен, қауырсындары жұлынған құстың кейпін кешкен елордалық ұжымға бүгінде көрінген футболшы келіп, бапкерлер сынағынан өтуде. Дегенмен, "астаналықтар" олардың тек үздіктерімен ғана келісімшартқа отырмақ. Ал Тиаго Козлоски бастаған "бразилиялық" жастардың ендігі тағдыры қалай болатынын алдағы уақытта анықтап көруге тырысамыз. алаш арена
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров