Жарнама
Жарнама

Астана аяқдопшылары суперкубокты алды

04.03.2011, 17:09
Жарнама
Жарнама

Астаналық «Локомотив» футбол командасы «Қазақстан Республикасының суперкубогы – 2011» ойынының жеңімпазы атанды. Өткен жылғы Қазақстан кубогының иегері елордалық «Локомотив» былтырғы Қазақстан жеңімпазы – Қостанайдың «Тобылымен» кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл ойында екі команда да өрнекті ойын үлгісін көрсетті. Астаналық «Локомотивтің» қарқыны қандай болса, «Тобыл» да сондай қауқармен жауап беріп отырды. Екі жақ та бір-біріне қауіпті шабуылдар жасап, қақпашылардың қапысын табуға тырысып-ақ бақты. Дегенмен алғашқы есепті ашу «Локомотивке» бұйырды. Ойынның 15 минутында молдовалық легионер Игорь Бугаев алғашқы голдың авторы атанды. Бұдан кейін қостанайлық футболшылар «Локомотивтің» қақпасына қанша шабуыл жасаса да, көздеген мақсаттарына жете алмады. Осымен ойынның бірінші таймы аяқталды. Есеп – 1:0. Екінші таймда қостанайлықтардың жеңіске деген құлшынысы күшейді. Ойынның алғашқы сәттерінде-ақ «Тобылдың» футболшылары шабуылға көшіп, бірнеше минуттың ішінде есепті теңестірді. Александр Кислицын «Локомотивтің» қақпасына доп салып, өз жанкүйерлерін қуантты. Бірақ ойынның 61 минутында белгіленген айып доп суперкубоктың иегерін анықтады. Игорь Бугаев 11 метрлік пенальтиді шебер орындап, өз командасына екінші әрі шешуші голды әкелді. Есеп – 2:1. Осыдан кейін де И.Бугаевта үшінші голды салуға аса сәтті мүмкіндік болды. Қарсыластың қақпашысымен жекпе-жекке шыға білген ол командаласына пас берудің орнына өзі гол салуға тырысты. Бірақ соққан добы қиғаш кетті. Сонымен, «Локомотив» жеңімпаз атанып, Қазақстан Республикасының 2011 жылғы суперкубогын иеленді. Жеңімпаз команданы ҚР Футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбековтің өзі марапаттап, құттықтады. Осымен, астаналық «Локомотив» командасы алғаш рет суперкубоктың иегері атанды. Кейбір сарапшылар астаналық футболшылардың бұл жеңісін екі командада болған өзгерістермен байланыстырып отыр. «Тобылда» бұрынғы құрамнан тек голкипер Александр Петухов, қорғаушы Олег Лотов, жартылай қорғаушылар Игорь Юрин, Ермек Қуантаев және Алексей Малышев қана қалған. Жаңадан келген футболшылардың ішінде Виталий Волков, Ненад Сливич, Стефан Кучера және Қазақстан құрамасының қорғаушысы Александр Кислицын бар. «Локомотив» өз кезегінде ең бірінші қақпаны күшейтіп, оған «Қайрат» футбол клубынан ауысып келген серб ойыншысы Ненад Эричті қойды. Ал қорғаушылардың құрамына – Андрей Карповичті, шабуылға «Тобылдың» экс-капитаны Нұрбол Жұмасқалиевті алдыртты. «Локомотив» футбол клубының бас бапкері Хольгер Фах өз командасының жеңіске жететіндігіне сенімді болғанын айтып отыр. «Ойынның бірінші таймында-ақ біздің басымдығымыз көрініп тұрды. Екінші таймда да Жұмасқалиевта есепті толығымен біздің пайдамызға шешуге сәтті мүмкіндіктер болды. Біз бәрібір жеңіске жеттік», – дейді Х.Фах. Ал баспасөз мәслихатын бөлек өткізген «Тобыл» командасының бас бапкері Равиль Сабитов ойын төрешілігіне қатысты өзінің ашық пікірін білдіруден бас тартты. «Ойынның төрешілігіне бәрі куә болды. Сондықтан мен оған қатысты ештеңе айта алмаймын. Матчтың төрешілігіне жауапты болсам, айтар едім. Әрине, жеңілген команданың көңілі толмайды. Ал жеңіске жеткен жақ барлығына қанағаттанады. Сол себепті бұл ойынның ашық бағасын үшінші жақ, ол – жанкүйер қауым беруі тиіс», – дейді Р.Сабитов. Осы орайда ол ойынның нәтижесі бойынша апелляцияға жүгінбейтіндігін де мәлімдеді. Соған қарағанда, ойын нәтижесіне оның да көңілі толған сыңайлы. Автор: Арман Асқар

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров