«Хатайспор» клубының 24 жастағы либериялық шабуылшысы Мохаммед Камара «Астанаға» ауысады, деп хабарлайды Hatay Asі порталы.
Дереккөздің хабарлауынша, «Астана» ойыншыны сатып алу құқығымен маусым соңына дейін жалға алмақ.
Мохаммед Камара өзінің мансабын Америкадағы Тайлер Юниор колледжінің командасында бастады. Кейінірек Лос-Анджелеске көшіп, Калифорния университетінің атынан өнер көрсетті.
2019 жылдың қаңтарында ол германиялық «Падерборн» клубына ауысты. Германияның бесінші дивизионында 7 кездесу өткізіп, 8 гол соқты. Алты айдан кейін ол Америка Құрама Штаттарына оралып, «Лос-Анджелес Гэлаксидің» екінші командасына қосылды. 2020 жылдың күзінде ол Бірінші лигадағы «Менеменспор» клубымен келісім-шартқа отырып, Түркияға қоныс аударды. Бірақ үш айдан кейін «Хатайспор» ойыншысы атанды.
Түркия Суперлигасының ағымдағы маусымында Камара 25 матч өткізіп, 4 гол мен 1 нәтижелі пастың авторы атанды. Transfermarkt мәліметі бойынша, ойыншының трансферлік құны 2,4 миллион еуроны құрайды.
Біздің серіктес: FONBET