Жарнама
Жарнама

«Астана» туралы қазақша ақпаратты кім жазып жүр?

27.01.2021, 16:25
«Астана» клубының сайтындағы қазақша ақпаратқа көз жүгіртсеңіз, неше түрлі қателіктерді байқайсыз.
Жарнама
Жарнама

«Астана» футбол клубының басшылығы былтырғы маусым біткен соң бірнеше қызметкерін жұмыстан шығарған. Олардың қатарында қазақ тіліндегі медиа-офицер Асқар Хамиден де бар.

Хамиден YouTube хостингіндегі Nursultan Qurman арнасына берген сұхбатында клубтан қалай кеткенін, клубтың былтырғы маусымдағы сәтсіздігі туралы айтып берді.

Клубтың экс-қызметкерінің айтуынша, былтыр маусым Алматыда жалғасқан кезде «Астана» бюджетті үнемдеу мақсатында қазақ тілді медиа-офицерді Нұр-Сұлтан қаласында тастап кеткен. Ал желтоқсан айында клубта қызмет ететін 7-8 адамның электронды поштасына жұмыстан босатылғаны туралы хабарлама келген.

«Жаңа жылдан кейін маған «Бізге қазақ тілі маңызды, сізге қатысты шешімді қабылдаймыз. Мүмкін, келісімшарт жүйесінде жұмысқа алатын шығармыз» деді. Бірақ маған мұндай ақпаратты басшылық тарапынан ешкім айтқан жоқ, әріптестерім арқылы жеткізді. Мен клубтан кеткенімді ресми түрде мәлімдеген жоқ едім. Енді ресми түрде мәлімдеуіме тура келіп отыр. Себебі жақында әлеуметтік желіде, «Астана» клубының ресми сайтында қазақ тілінде ақпараттар пайда бола бастады. Ол өте ала-құла. Google-аудармашы немесе басқа да жүйе ме, әйтеуір, қазақ тіліне өте шорқақ адам аударған мәтіндер шыға бастады. Жанкүйерлерім мен әріптестерім бұл мәтін туралы менен сұрап жатыр, сондықтан клуб құрылымындағы ақпараттарға жауап бермейтінімді айтқым келеді», - деді Асқар Хамиден.

Ол «Астанада» 4,5 жыл қызмет еткен. Оның мәліметінше, «Астана» аударма жасайтын агенттікпен келісімшарт жасасып, солармен қызмет етіп жатыр екен.

«Бізге шет-жағасын ескерткен кезде клуб «Бұл шешімді қабылдауымызға біздің қатысымыз жоқ, оны клубтың бас демеушісі - «Самұрық-Қазынадағы» адамдар шешті» деп жеткізді. Еліміздің алты дүркін чемпионы, Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасының қатысушысы, сондай үлкен турнирлерде жетістікке жеткен командаға қазақ тілі керек болмай отыр», - деді ол.

Ол қазақ футболындағы барлық мәтін орыс тілінде бекітілетінін де айтып қалды.

Сонымен қатар «Астананың» экс-қызметкері клубтың сәтсіз маусым өткізуінің себебін түсіндірді. Оның айтуынша, футболшылар ұзақ уақыт жаттыға алмаған, оған клубтың өз базасының жоқтығы себеп болған.

«2015 жылы «Астана» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан кезде басшылық футбол академиясын салуға уәде берген. Жер алынды, кірпіші қаланып қойды деген. Сол кезде басталған әңгіме сиырқұйыршықтанып, осы күнге дейін қалып кетті. Жыл басында Гурман да (Михаил Гуман, «Астана» ФК бас директоры), оған дейінгі басшылық та бірінші кезекте база салумен айналысамыз деген еді. Бірақ бұл әңгіме сол күйінде қалды», - дейді ол.

Асқар Хамиденнің сөзінше, клубтың былтырғы сәтсіздігіне оқу-жаттығу жиыны да әсер етуі мүмкін. Себебі былтырғы маусым алдында «Астана» футболшылары үйреншікті Дубай не Түркияға емес, Португалияға аттанған болатын.

Еске салайық, 2020 жылғы маусым қорытындысы бойынша «Астана» футбол клубы Қазақстан Премьер-лигасында үшінші орын алып, Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасынан ұшып кеткен еді. 


Жарнама
Жарнама

Новости партнеров