«Астананың» бас бапкері Григорий Бабаян кеше Конференциялар Лигасының негізгі кезеңінің бірінші турындағы сербиялық «ТСЦ Бачка-Тополаға» қарсы өткен ойын жайлы пікірін білдірді (1:0).
Сондай-ақ, қазақстандық маман елордалық команда футболшыларының физикалық жағдайына ерекше тоқталған болатын.
«Алғашқы жиырма минутта ғана өзіміз жоспарлағандай ойнай алдық. Физикалық тұрғыда қарсылас ұсынған қарқынға лайықты жауап болды. Қиын болатынын алдын-ала білдік, себебі қазіргі ойын кестеміз өте тығыз. Физикалық тұрғыдағы жай-күйімізге байланысты күмәннің болғаны рас, бәсекенің 25-минутынан ары қарай оның растығын да көрдік. Ал оған дейін 2-3 гол ұратын мүмкіндікті жіберіп алдық. Ал барлық ойыншылардың жұдырықтай жұмылғаны, жүрегімізбен қорғанғанымыз үшін командаға лайық бағасын беру керек. Біздің жағдайдағы ең маңыздысы жеңіске жеттік әрі аса маңызды үш ұпайды олжаладық», - деді Г.Бабаян.
Айта кетейік, кеше елордалық клуб бірінші тур аясында «ТСЦ Бачка-Тополаны» қабылдап, 1:0-мен жеңді. Алаң иелеріне аса маңызды жеңіс сыйлаған голдың авторы Кипрас Казуколовас болатын (15-минут). Алғашқы турдан кейін Григорий Бабаянның командасы турнирлік кестеде 14-орынға жайғасқан. Енді елордалық ұжым келесі матчын сырт алаңда Уэльс елінің өкілі «ТНС» клубпен өткізбек. Бұл бәсеке 25-қазанға жоспарланған.
Біздің серіктес: FONBET