Жарнама
Жарнама

«Астананың» дәуірі аяқталды ма?

25.01.2019, 09:56
Жарнама
Жарнама
Еліміздің 5 дүркін чемпионы «Астана» 2019 жылды өте жағымсыз жаңалықтармен бастады. Клубтың да, команданың да жалпы жағдайы аса мәз емес. Қазақстанның намысын Еуропада абыроймен қорғаған команда осымен тоқырайма? Шамасы сондай секілді. Ең алдымен клуб президенті Саян Хамитжанов кетті. Онымен бірге футбол клубының менеджментін меңгерген Қайсар Бекенов те қызметінен босады. Саян Хамитжанов футболды ұйымдастыруды жақсы білетін. Ел ішінде оның футбол саласында істеген неше түрлі әрекеттері, жақсысы бар, жаманы бар ауыздан ауызға тарады. Ол ең алдымен «Астана» клубын аяққа тұрғызды. Еуропада ойнау үшін жақсы жағдай тудырды. Бапкер Стоиловты да Саян Жақсыгелдіұлы шақырған болатын. Соңғы 5 жылда «Астана» сапында ойнаған легионерлердің барлығы да Хамитжановтың жеке қадағалауымен келді. Енді оның орнына Асқар Баталов отырды. Бұл кісінің футболға бұрын қандай қатысы болғанын біле бермейміз. Бәрібір де Саян Хамитжанов секілді клубты алға өрлете қояды дегенге сену қиын. Екінші мәселе команда бас бапкері Роман Григорчук қызметіне қайта кірісті. Украин маманы өткен жылы жазда бапкер болып тұрғанда-ақ футболшылар да, жанкүйерлер де оның еңбегіне сын көзбен қарай бастаған. Нәтиже төмендеп, команда еурокубоктен шығып қалудың аз-ақ алдында тұрған. Енді ол қайта қызметке кірісті. Бұл жаңалықтың өзін өз басым жағымсыз деп қабылдадым. Еуропа лигасында ғана өнер көрсетуге шамасы келген Григорчук «Астананы» сол жарысқа апарса қуанар едік. Әйтпесе, елордалық команда Қазақстан чемпионы ретінде Чемпиондар лигасына қатысатынын өздеріңіз білесіздер. Хамитжанов кетісімен Бахтиер Зайнутдинов, Ласло Кляйнхайслер, Ричард Альмейда, Срджан Граховац секілді негізгі құрамның ойыншылары өзге клубтарға ауысып кетті. Шабуылшы Джуниор Кабананга өзінің Сауд Арабиядағы клубы «Әл-Насырға» қайта оралды. Командадан тағы да бірнеше футболшы, атап өтер болсақ, Дмитрий Шомко мен Роман Мұртазаевтарда кетуі мүмкін деген ақпарат шықты. Сонымен қатар, командадан тіпті Алексей Щеткиннің де кеткенін айта кетейік. Гол соғуда аса қатты ұната бермейтін Алексей «Ордабасы» клубымен келісімге келді. Командаға әзірге жаңадан ойыншылар алынбады, тек атқарушы директор болып Қазақ футболынан хабары аз ағылшындық Пол Эшуорт деген азамат тағайындалды. Бес жыл бойы бәсекелестеріне дес бермеген «Астана» биыл тақтан түсетіндей көрінеді. Әрине өрістен бұрын шаң шығармайық. Әліптің артын бағайық. Дегенмен, дәл қазіргі жағдаймен елордалық клубтың чемпиондық атақты сақтап қалатындай қауқары жоқ секілді. Аяққа тұрып, жеңістерімен жанкүйерлер көзайымы болған, ең бастысы еуропаға қазақ футболын паш еткен клубымыздың дәуірі осымен біткендей ме? Кесіп айтудан аулақпыз, дегенмен кескіні осыған таяп, күмәнді ойға жетелеп тұрғаны бар.

Ермұхамед МӘУЛЕН

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров