Футболдан Қазақстан кубогының финалдық ойыны елордада өтіп, жергілікті «Астана» Павлодардың «Ертісінен» 2:0 есебімен басым түсті. Сөйтіп, ел кубогының иегері атанып, келесі маусымда еурододада бақ сынау құқығына қол жеткізді.
«Ертіс» биылғы маусымда күміс жүлдегер атанып, көңіл күйі көтеріңкі болатын.Мұнымен шектелмей, ел кубогы додасының финалына шықты. Ал «Астана» жүлделі орындарға сына қаға алмай, соңғы турда қылышын тасқа ұрған еді.
Сондықтан ел кубогы додасының ақтық ойыны астаналықтар үшін соңғы мүмкіндікболатын, яғни кубокты жеңіп алса, келесі жылы еурододада өнер көрсететін болады.Онда биыл жүлдесіз қалғандарын жуып-шая алады. Тек кубокты жеңіп алса, болғаны...
Финалдық дода жақындаған кезде «Ертістің» бесаспап сұрмергені, өзбек шабуылшысы Ұлықбек Бақаевтың ақтық сында өз клубына көмектесе алмайтындығы мәлім болды. Финалдық матч алдындағы баспасөз мәжілісінде «Ертістің» бас бапкері Талғат Байсуфинов 14 қараша күні Өзбекстан құрамасы маңызды ойын өткізіп, Иран құрамасымен кездесетіндігін мәлімдеді.
Күміс жүлдеге қол жеткізіп, ел кубогының финалына шыққанша Өзбекстантарапының Бақаевты ұлттық құрамасының сапына жіберу жөніндегі шақыртуынажауап бермей келгендерін, бірақ көрші елдің маңызды ойыны тақаған кезде бәрінсаралап, оны жіберуді жөн санағандарын тәптіштеп айтып шықты. Содан соң команда капитаны Сергей Ивановтың да ақтық матчта алаңға шықпайтындығын, сырқаттанып жүргендігін мәлімдеді.
Шындығын айтсақ, белді екі ойыншысы алаңға шықпайды дегеніңіз «Ертістің» екпіні бәсеңсіп қалады деген сөз емес пе деп аңтарылдық. Алайда Талғат Маруанұлы «Ертістің» ел кубогын соңғы рет 1998 жылы жеңіп алғандығын, ал финалға 2003 жылы шығып, жеңіліске ұшырағандығын тілге тиек етті.
«Ендеше, соншама жылдан кейін финалға шығып отырып, жеңісті қолдан бермекемеспіз» деп, ішкі күдігімізді сейілтті биыл өз командасымен жүлдеге іліккен жалғызотандық бапкеріміз.
Мирослав Беранек болса өздерінің еурододада ойнағылары келетіндіктерін, ал финалдық матч соңғы мүмкіндіктері екендігін шегелеп айтты. Команда капитаны Қайрат Нұрдәулетов ел чемпионатында жүлдеге іліге алмағандықтарын, енді соның қайтарымы ретінде ел кубогын жеңіп алып, келесі маусымда еурокубокта доп тепкілері келетіндіктерін әрі соған мүдделі екендіктерін баса айтты. Өйткені «Астана» шаңырағын көтеріп, керегесін тіккелі еурододада доп қуған жоқ.
Осы баспасөз мәжілісі өткен күннің ертеңінде ойын да басталды. Елордада күн суытып, қар бұрқасындағанымен, «Астана-Арена» стадионының іші жып-жылы болды. Жанкүйерлер сырткиімдерін шешіп тастап, бүріспей, еркін отырды.
Төрешінің ысқырығы естілісімен-ақ «Астана» бірден қамшыны басып, көсіле шапты. Ал «Ертіс» кібіртіктеп, бауырын жаза алмады. Бәлкім, сұрмерген Бақаев пен команда капитаны Иванов жетіспеді ме, әлде «Астана-Аренаның» жасанды желегін жатсынды ма, жоқ, әлде ел чемпионатында көп күш жұмсап, титықтап қалғандары енді біліне бастады ма, әйтеуір, Кереку клубы өте жоғары қарқында ойнай алмады.
«Астана» сапында да екі ойыншы жарақатына байланысты алаңға шыға алмады. Оның бірі орталық қорғаушы В.Дмитриенко болатын. Бас бапкер оның орнына команда капитаны Қайрат Нұрдәулетовті қойыпты. Ойын басталған бетте-ақ Қайрат әуелеп келген допты екі мәрте басымен әріптестеріне қолмен қойғандай етіп бере қойғанда «ұлттық құраманың капитаны баспен ойнауға төселіп алыпты» деп сүйсіндік.
Есімізге Қайраттың ұлттық құрама сапында баспен соққан голдарын түсіре бастадық.Сол кезде «Астана» айып соққысын орындауға мүмкіндік алды. Әдеттегідей Дамир Кояшевич теңбіл допты қақпа алдына доғаша иіп, оны басқа емес, сол Қайрат баспен қақпаға тоғытты. Гол!
Осылай ойынның бесінші минутында-ақ «Астана» алға шығып, жасыл алаңда алшаңдай басты. Ал «Ертіс» еңсесін тіктей алмаса да, онысын сездірмей, қарсы шабуылдарымен елордалықтардың қорғанысын піспектеуге тырысты.
Әсіресе екінші таймның басында «Астананы» тықсырып, біраз қыспаққа алды да. Бірақ ұйысып қалған құрақ шөпті қырқып түсе алмай жатқан, жүзі қайтқан шалғыдай «Астананың» тығыз қорғанысын тесіп те өте алмады, «кесіп» те түсіре алмады, бұзып та кете алмады.
Ал ойын аяғына қарай елордалықтардың Кояшевич – Кетевоама – Нөсербаев арқылы өрбіген үш жүрісті үдемелі шабуылы Таңаттың жантая тепкен соққысымен аяқталып, теңбіл доп тор ішінде тулады. Гол! Есеп – 2:0.
Бұдан кейін онсыз да ойыны мандымай жатқан «Ертістің» жүні жығылып сала берді десек, артық айтпағандығымыз болар.
Матчтан соң Мирослав Беранек мақсаттарына қол жеткізгендеріне, биылғы маусымды тамаша жетістікпен аяқтағандарына риза екендігін білдірді. Енді ше, «Астана» алғаш рет еурокубокта доп теппек.
Ал Талғат Байсуфинов ел чемпионатында да, кубок додасында да екінші болғандарын,мұның тым жаман нәтиже еместігін, бірақ енді бірінші болуға талпыну керектігін тілгетиек етті. Ауа райының суып кетуіне байланысты финалдық ойын алдындағы дайындықтарының да үзіліп, толыққанды өтпегендігін сөз арасында айтып өтіп, өз қарамағындағы футболшылардың осындай барлық қиыншылыққа мойымай, қайсарлық көрсете білгендеріне риза екендігін білдірді.
Жалпы, осы екі күнгі баспасөз мәжілістері мен ақтық ойын барысында журналистердің көбі Талғат Маруанұлының ысылып, шыңдала түскендігіне тәнті болды. Байсуфиновтің журналистердің сұрақтарына қалай сауатты жауап беретіндігіне, өзін-өзі қалай ұстайтындығына, барлық жағдайды тез саралап, бағамдап отыратындығына көпшілік риза болды.
Оның командасы жеңілсе де, көпшілік оған қол соғып, ыстық ықыласын білдірді.Баспасөз мәжілісінен кейін отандық журналистер Байсуфиновті жүрекжарды тілектерімен шығарып салса, ақтық ойын аяқталған соң стадионға жиналған көрермендер орындарынан тұрып, ұзақ қол шапалақтап, «Ертістің» бапкеріне құрмет-қошемет көрсетті.
«Астана» – «Ертіс» – 2:0
Голдар: Нұрдәулетов, 5. Нөсербаев, 82.
«Астана»: Эрич, Нұрдәулетов (к), Бейсебеков, Лазаревски, Рожков, Кетевоама (Горячий, 90+2), Коробкин, Шахметов, Кояшевич (Қонысбаев, 89), Остапенко, Нөсербаев (Ивановски, 87).
«Ертіс»: Котляр, Чернышов (к), Шомко, Кулибали, Чичулин (Яковлев, 75), Шабалин (Байжанов, 80), Юрин, Кучера, Говедарица, Малетич, Эссомба (Мальцев, 83).
Төрешілер: Сламбеков (Алматы), Ходин, Шәріпов (екеуі де – Атырау)
11 қараша. Астана. «Астана-Арена». 11 500 көрермен.
Нұрғазы САСАЕВ, Алматы – Астана – Алматы
Суреттер Қазақстан футбол федерациясынан алынды
Авторы – С.Филиппов