Жарнама
Жарнама

«Астананың» қарсыласы туралы не білуіміз керек?

12.08.2020, 18:45
Команданың биылғы маусымдағы жағдайы мәз емес.
Жарнама
Жарнама

«Астананың» Чемпиондар лигасы алғашқы іріктеу кезеңіндегі қарсыласы белгілі болды. Елордалық клуб еуросапарын беларусь елінің «Динамо-Брест» клубына қарсы бастайды. Бұл қандай клуб? 

Тоқырау алдында тұрған

«Динамо-Брест» 1960 жылы құрылған. Алғашқы атауы - «Спартак». Бұл атаумен клуб 12 жыл бойы ойнайды. Кейін үш жыл «Буг» деген атаумен өнер көрсетеді. 1976 жылы клубтың атауы «Динамо» деп өзгертіледі. Мұндай атаумен бресттік клуб 36 жыл бойы ойнаған. 2012 жылдан бері ресми атауы - «Динамо-Брест».

КСРО кезінде Беларусь клубы үлкен жетістіктерімен мақтана алмады. Команда төрт маусым ғана КСРО Бірінші лигасында ойнаған. Ал қалған уақытта екінші лигада бақ сынасқан.

Клубтың екінші лигада да ауыз толтырып айтарлықтай жетістігі жоқ. Тек 1968 жылы үшінші орын, 1976 жылы екінші орын алған. КСРО кубогында да жетістігі мәз емес, ең ұзаққа барғаны - 1/16 финал.

Беларусь тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы ішкі чемпионатта «Динамо-Брест» қола жүлдеге қол жеткізген. Содан бері тұрақты түрде жоғары лигада ойнап жүргенімен, нәтижелері көңіл көншітпейді. 2016 жылға дейін ең үздік нәтижесі - 5-орын.

2016 жылы команданы БАӘ-нің «Sohra Overseas» деген компаниясы сатып алған. Клубтың ендігі қожайыны - Александр Зайцев. Себебі 2010-жылдары клуб қаржылық тоқырауға ұшырап, қарызға батып, төменгі лигаға түсу алдында тұрған. Белоруссиялық кәсіпкер бала кезінен «Динамоның» жанкүйері болғандықтан, сүйікті клубын құтқаруға тырысқан.

Осылайша, былтыр «Динамо-Брест» тарихында тұңғыш рет Беларусь чемпионы атанды. Одан бөлек, клуб тарихында үш кубок бар. 2006/2007, 2016/2017 және 2017/2018 жылғы маусымдарда бресттік клуб ел кубогын еншілеген.

Сонымен қатар, клуб қоржынында үш ел Суперкубогы бар. Өз алаңындағы матчтарын 10169 адам сыятын «Брестский» стадионында өткізеді. 

Үш рет еурокубокқа қатысқан

Ел кубогын еншілегеннен кейінгі жылдары «Динамо-Брест» еурокубоктарға қатысқан. Еуркубоктағы дебюті 2007 жылы болды. Сол жылы команда УЕФА кубогының 1-іріктеу кезеңінде латвиялық «Металлург» клубынан жеңіліп қалған - 2:3.

Кейін 2017/18 жылғы маусымда команда Еуропа лигасын 2-іріктеу кезеңінен бастаған. Бірақ бірден австриялық «Альтахқа» екі матч қорытындысы бойынша 1:4 есебімен есе жіберген.

Ал 2018/19 жылғы еуромаусымды «Динамо-Брест» үшін ең сәтті деп атауға болады. Себебі команда алғаш рет келесі кезеңге өткен. 2-іріктеу кезеңінде грекиялық «Атромитосты» екі матч нәтижесі бойынша 5:4 есебімен жеңген. Ал 3-кезеңде кипрлік «Аполлонмен» кездесіп, жалпы 1:4 есебімен жеңілген.

Осылайша, бресттік клуб еурокубокта өткізген 8 матчының екеуінде жеңген. Үшеуінде жеңіліп, қалған үшеуінде қарсыласымен тең тарқасқан.


Ең қымбат ойыншысы кім?

Танымал Тransfermarkt порталының мәліметіне сүйенсек, «Динамо-Брест» футболшыларының жалпы құны - 9,30 миллион еуро. Салыстырмалы түрде, «Астананың» жалпы құрамы 22,68 миллион еуроға бағаланған.

Бресттік клуб сапындағы ең қымбат футболшы - украиналық жартылай қорғаушы Александр Нойок. 28 жастағы футболшының құны - 1,2 миллион еуро.

Александр Нойок

26 жастағы Павел Савицкий де - командадағы қымбат футболшылардың бірі. Ол миллион еуроға бағаланған. Қорғаушы Габи Кики мен жартылай қорғаушы Михаил Гордейчуктің бағасы - 800 мың еуро.

Киевтік «Динамо» құрамында танылған Евгений Хачериди былтырдан бері бресттік клубтың намысын қорғайды. Футболдан тыс әрекеттерімен танылған украиналық шабуылшы Артем Милевский де «Динамо-Брестте» доп теуіп жүр.

«Динамо-Брест» сапында қазақстандық жанкүйерлерге танымал ойыншылар да бар. Мысалы, жоғарыда атап өткен Гордейчук былтыр қостанайлық «Тобыл» сапында өнер көрсеткен. 33 жастағы Сергей Кисляк клубқа павлодарлық «Ертістен» ауысқан.   

Чемпионатта 9-орында келеді

Беларусь чемпионының биылғы көрсеткіштері жанкүйерлерінің көңілін көншітпейтіні анық. Команда 21-турдан соң 29 ұпай жинап, 9-орында келе жатыр. Бірақ бресттік клубтың басқалардан екі ойын аз ойнағанын да ескеру керек.


Бүгінде «Динамо-Брест» көш басындағы «Шахтерден» 13 ұпайға қалып тұр. 6 тамызда бресттіктер «Шахтерден» 1:0 есебімен жеңілген болатын. Жалпы, чемпионаттың соңғы бес матчында «Динамо-Брест» бір рет жеңіске жетіп, үш рет жеңілген, бір кездесуде тең түскен.


Бресттіктердің биылғы үздік сұрмергені - Денис Лаптев. 29 жастағы шабуылшы чемпионатта алты гол соққан. Ал Савицкий мен Гордейчуктің еншісінде бес голдан бар.

Енді бүгін, 12 тамызда «Динамо-Брест» ел чемпионатында «Слуцк» командасымен кездеседі. Ал 18 тамызда Чемпиондар лигасындағы дебюті жоспарланған. Беларусь чемпионына елордалық «Астана» қарсы тұрады. Ойын Белоруссияда өтеді.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров